Түлектер

Түлектер ассоциациясы
----------------------------------------------
Трудоустройство
------------------------------------------
Ассоциация выпускников Эндаумент Почетные выпускники Вакансии

Қазақ ұлттық аграрлық университеті Ректорының түлектерге үндеуі

 

Құрметті түлектер, әріптестер және достар!
 
Әр жылдары Сіздер еліміздің ауыл шаруашылық білімі мен ғылымының көшбасшысы – Қазақ ұлттық аграрлық университетінде білім алдыңыздар. Универсиет алдағы 2020 жылы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтеді.
Алматы Зооветеринарлық және Қазақ Ауыл шаруашылық институты негізінде 1996 жылы Университет болып құрылған оқу орнымыз 2001 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен ерекше – Ұлттық мәртебе иеленді. Сол кезден бастап оқу орнымыз ұлттық зерттеу университетіне трансформациялануда.
Бүгінде университет отандық агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына қызмет атқаратын, өндіріске иннновациялық технологияларды енгізе алатын, жаңаша ойлай алатын білікті мамандарды дайындауды жүзеге асырады.
Университетте мамандарды сапалы дайындау үшін дамыған ғылыми-білім беру инфрақұрылымы мен қуатты кадрлық әлеует қалыптасқан. 2015 жылы Агротехнологиялық хаб ашылды, ол инновациялық технологиялар трансферті мен жаңа білімді енгізумен айналысады. Оның құрамына университеттің барлық инновациялық орталықтары мен зертханалары енген.
Қазіргі уақытта біздің жоғары оқу орнымыз әлемдік деңгейдегі университетке айналуда. Бұл үшін дүние жүзінің жетекші жоғары оқу орындарының үздік тәжірибелері шоғырландырылып, заманауи технологиялар тартылуда.
Университет өз түлектерін мақтан тұтады!
Сіз үшін бұл білім шаңырағы оқуды бітіргеннен кейін де туған үйіңіз болып қалады. Жыл сайын қарашаңырақ атанған университетке Қазақстанның түкпір-түкпірінен, жақын және алыс шетелдерден мерейтойлық кездесулерге жүздеген түлектер келеді. Курстастар оқу жылдарын есіне алады, достардың тағдырымен танысады, тәжірибелерімен бөліседі. Мұндай кездесулерден кейін түлектердің іскерлік байланыстары артып, жаңа бастамаларға жол ашылады. Бұл кездесулер түлектерімізге күнделікті өмірде жетіспейтін қуаныш, мереке, мол қуат береді!
ҚазҰАУ үшін өз түлектерінің тағдыры мен жеткен жетістіктері аса маңызды!
2009 жылы құрылған «ҚазҰАУ түлектері қауымдастығы» жаңа формация мамандарын дайындауға және университет пен оның түлектері арасында өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді.
Қауымдастықтың Миссиясы – барлық ұрпақтың корпоративтік рухын нығайтуды, түлектердің ұйымдасуы мен олардың өзара қарым-қатынасын, университетпен тиімді байланыстарын жүзеге асыру.
Қауымдастықтың негізгі міндеттері:
  • имидждік қолдау, бітірушілердің мәліметтер базасын, мансаптық өсуі туралы мәліметтермен толықтыру;
  • меценаттықты және әлеуметтік көмекке зәру  студенттерді қолдауды ұйымдастыру;
  • жаңа инновациялық білім беру бағдарламалары мен жобаларын әзірлеу;
  • университеттің оқытушылары, студенттерімен тәжірибе алмасу, дәрістер, мастер-класстар өткізуге түлектерді тарту;
  • түлектерді жұмысқа орналастыру, оқу үдерісін еңбек нарығының талаптарына бейімдеу аясында жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды ұйымдастыру.
Құрметті түлектер!
Деректер базасын толықтыру үшін университет сайтында www.kaznau.kz/page/tulekter/?lang=ru ұсынылған сауалнамаға жауап беріп, Қауымдастық бланкісін толтырыңыз. Жаңадан келушілерге қауымдастық мүшелігіне кіру туралы өтініш жазып, оны төмендегі электрондық мекен-жайға жіберулеріңізді сұраймыз: av90@kaznau.kz
 
Мекен-жайы:
050010, Алматы қаласы, Абай даңғылы, 8, ҚазҰАУ түлектер қауымдастығы, байланыс телефоны +7 7272 62 03 32. 
ҚазҰАУ түлектері қауымдастығының атқарушы директоры – профессор ЖАНАШЕВ Исабек Жанашұлы. Байланыс телефоны +7 (701) 744 44 72.
Республиканың барлық облыс орталықтарында, ҚР АШМ-де, ірі ғылыми және өндірістік бірлестіктерде қауымдастық филиалдары құрылады, олардың мекен-жайлары уиверситет сайтында орналастырылады.
Университеттің алдағы мерейтойы өте маңызды тарихи оқиға. Осыған  орай мерейтой іс-шараларын ұйымдастыру бойынша Сіздердің барлық ұсыныстарыңыз бен тілектеріңізді жолдауларыңызды, сондай-ақ мерейтойды дайындау мен өткізуге университетке қандай көмек көрсете алатыныңызды хабарлауыңызды сұраймыз.
Қауымдастық жұмысына қолдау білдіргедеріңіз үшін алдын ала алғысымызды білдіреміз.
 
 
«Қазақ ұлттық аграрлық университеті» 
КеАҚ Басқарма Төрағасы – Ректор Т. И. ЕСПОЛОВ
      2016 жылдың шілде айының 9-10 жұлдызында осыдан 40 жыл бұрын сол кездегі Қазақ ауыл шаруашылық институтының ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетін тәмәмдаған түлектердің институтты бітіргеннен кейінгі алғашқы жүрек тебірентер кездесуі болып өтті. Кездесудің ресми бөлімі университеттің бас ғимаратында өтті. Осы кездесуге дайындық жыл басынан бері тоқтатылмай жүргізілген болатын. Ұзақ уақыт көріспеген достар бір-бірімен ыстық қауышып, амандасын, жөн сұрасты. Көпшілігі кездесуге жұбайыларын, кейбіреулері немерелерін алып келді. Осы кездесудің ең қуанышты сәті деп алыстан арылып келген достардың қолдарына осы кездесуге арналып дайындалған 413 беттік "40 жылдан кейінгі кездесу" атты кітап тигенде басталды десе артық болмас еді. Бұл кітапқа 1971-1976 жылдары Қазақ ауыл шаруашылық институтының ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетінде білім алған жастардың 40 жылдан кейінгі, осы күндері жастары 60-тан асқан шақтағы, кездесуі арқау болды. Бұл шығарманың Еліміздің өскелең ұрпағын тəрбиелеуге елеулі үлес қосатынына, Иншалла, сеніміміз мол.
1971 жылы 225 талапкер Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтының механика факультетіне оқуға түсіп, оның 176-ы аталған оқу орнын 1976 жылы сəтті аяқтап, инженер-механик мамандығын иеленіп, əрқайсысы Қазақстанның түкпір-түкпіріне қызмет атқаруға жолдама алған. Содан бері өткен 40 жылдың, шамамен 40 пайызы (15 жыл) Кеңес Одағы дəуірінің ыдырауына, ал қалған 60 пайызы (25 жыл) Ұлы Дала Қазақ елінің Егемендігін қалыптастырып, нығайтуға тура келгенін ескерер болсақ, бұл мамандарға оңай болмағаны мəлім. Осындай, Ел экономикасын басқарудың мүлдем жаңа формациясына өткені, олардың қызмет еткен ортасының əлеуметтік жағдайына жəне жеке адамдардың психологиялық көңіл күйіне əсерін тигізбей қоймауы əбден мүмкін. Аллаһ тағала сəтін тудырып, мен – Сіздердің курстастарыңыз, осы кітапты құрастырушы Əбдіманап Оспанов, осы шығарманы дайындап жəне баспадан шығаруға, онда курстастарымыздың өткен өміріне жəне еңбек жолдарына көз тігіп, шама-шарқыма қарай талдау жасап, олардың игерген белестерін Еліміздің өскелең ұрпағына өнеге ету мақсатында, жəне бұл тұстағы аса үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, шын жəне адал ниетпен кіріскенімді айта кеткенім орынды болар.
Бұл кітаптың құрылымы туралы бірер сөз. Алдын ала айта кету керек, кітап материалдарының көбі, екі тілде (қазақ жəне орыс тілдерінде) келтірілген. Кітап жеті бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Қазақ ауылшаруашылық институтының құрылуының қысқаша тарихы келтірілген. Екінші бөлімде – ауыл шаруашылығы өндірістерін механикаландыру факултетінің жəне оның кафедраларының тарихы. Үшінші бөлімде – өздері жайлы шексіз таза ой қалдырған біздің ұстаздар туралы жеке өмірбаяндық мəліметтер. Осында біздің тəлімгерлер жайлы жылы еске алу келтірілген. Төртінші бөлімде – Қазақ ұлттық аграрлық университетінің дамуының келешегі жайлы ақпарат. Аграрлық университеттің зерттемелік оқу орны болуға өту концепциясы көрсетілген. Жаңа құрылған Қазақстан-Жапон инновациялық жəне "Қайта өңдеу өндірістері технологиясы" оқу ғылым-өндірістік орталықтары жайлы мəлімет берілген. Бесінші бөлім "Біз 40 жылдан соң" деп аталады. Онда біздің курстастарымыздың өткен 40 жылдағы өмір жолдары келтірілген. Алтыншы бөлімде кейбір курстастарымыздың басынан өткен, біздің ойымызша келешек ұрпаққа өнеге болар, оқиғалар қысқаша суреттеледі. Соңғы жетінші бөлімде өмірден мезгілсіз өткен курстастарымызды еске алу келтірілген. Тағы да осында біздің курстастарымыздың мекен жайлары мен телефон номерлерінің анықтамалығы берілген. Қорытындысында осы кездесуді ұйыдастыруға күш-жігерін, уақытын аямаған Махан мен Серікке жəне өздерінің ақындық өнерімен осы кітапты көркемдеуге ат салысқан Талғат пен Алпысбай сияқты достарымызға, сонымен қатар ұйымдастыру тобының барлық мүшелеріне курстастар атынан шексіз алғысымызды білдіреміз. Достар ендігі болашақта жиірек кездесуге уәделесіп, қимай тарасты.
 
Әбдіманап Әбубәкірұлы Оспанов,
"Тағам инженериясы" кафедрасының
профессоры, техника ғылымдарының докторы