Студенттердің ар-намыс кодексі
Студенттердің ар-намыс кодексі
Қазақ ұлттық аграрлық университеті студенттерінің қауымдастығы:
  • Университеттің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы және миссиясын жүзеге асырудағы өз жауапкершілігін сезіне отырып,
  • Қазақстан Республикасындағы аграрлық білім берудің көшбасшысы ретінде ҚазҰАУ имиджін және корпоративті мәдениетін дамыту мен қолдауды өзінің міндеті ретінде санай отырып,
  • ҚазҰАУ студенттері, оқытушылары, қызметкерлері және жоғарғы оқу орнының әкімшілігі арасында шынайы демократиялық қарым-қатынастар жүйесін қалыптастыруға ұмтыла отырып,
ҚазҰАУ студентінің осы Ар-намыс Кодексін қабылдайды және оны қалтықсыз орындауға міндеттенеді.
 
1-бап.
ҚазҰАУ студенті Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңдарын, ҚазҰАУ Жарғысын, ішкі тәртіп Ережесін, студенттер үйінде тұру Ережесін, ҚазҰАУ профессор-оқытушылар құрамының, қызметкерлері мен студенттерінің этикалық Ережесін және оқу-тәрбие үдерісін реттейтін басқа нормативті-құқықтық актілерді сақтауға міндеттенеді. 
 
2-бап.
ҚазҰАУ студенті Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін, ұлттық құндылықтар мен мәдениетті, Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасу тарихын біледі және қастерлейді, университет дәстүрлерін кіршіксіз сақтап, құрметтейді.  
 
3-бап.
ҚазҰАУ студенті басқа студенттермен, оқытушылармен және қызметкерлермен, әкімшілікпен қарым-қатынас барысында ізеттілік, кішіпейілділік және ұқыптылық танытады. 
 
4-бап.
ҚазҰАУ студенті кез-келген азаматтың шығу тегі мен ұлтына, әлеуметтік дәрежесіне, діни немесе дүниетанымдық ұстанымдарына қарамастан құрметпен қарайды, ұлтаралық төзімділік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі идеясы мен қағидаттарын насихаттайды.
 
5-бап.
ҚазҰАУ студенті өзінің оқу міндеттерін қатаң орындайды, төмендегідей академиялық, этикалық және құқықтық нормаларды бұзушылыққа жол бермейді:
  • плагиат,
  • алдау,
  • білімді бақылаудың барлық деңгейлері мен түрлерінен өту барысында шпаргалка пайдалану, көшіру және біреуден сұрау;
  • жоғары баға алу үшін туысқандық немесе қызметтік байланыстарды пайдалану;
  • пара беру;
  • оқытушыны алдау және оны сыйламау;
  • сабақтарды себепсіз жіберу және кешігу.
 
6-бап.
ҚазҰАУ студенті Қазақстанның болашақ экономикалық, саяси және басқару элитасына лайықты сапалы және бәсекеге қабілетті білім алу идеясын насихаттайды.
 
7-бап.
ҚазҰАУ студенті университет мүлкінің сақталуына қамқорлық жасайды және университет аумағында құқық бұзушылықтардың орын алуына жол бермейді.
 
8-бап.
ҚазҰАУ студенті университеттің кітапханалық-ақпараттық ресурстарына ұқыпты қарайды және бұл ресурстарға қатысты салғырт қараушылық пен нұқсан келтірушілікке жол бермейді.
 
9-бап.
ҚазҰАУ студенті ұқыпты киінеді. Оның сыртқы түр-келбеті зайырлы қоғамның жалпыға ортақ этикалық нормаларына сәйкес келеді.
 
10-бап.
ҚазҰАУ студенті салауатты өмір салтын ұстанады, өзінің мәдени, адамгершілік және тұлғалық даму деңгейін жетілдіруге ұмтылады, университеттің қоғамдық-мәдени, ғылыми және спорттық өміріне белсене атсалысады.
 
11-бап.
ҚазҰАУ студенті университетте және оның аумағынан тыс жерлерде де құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге тиіс.
 
12-бап.
ҚазҰАУ студенті елдегі тәртіптің тұрақсыздануына әкеп соғатын ақпараттың таратылуына жол бермеуі, сондай-ақ заңмен рұқсат етілмеген жиналыстарға, демонстрацияларға, митингілерге, ереуілдерге, акцияларға және шерулерге қатыспауы тиіс.
 
13-бап.
ҚазҰАУ студенті университет мүддесіне қайшы келетін және оның имиджі мен беделіне нұқсан келтіретін кез-келген іс-әрекетке қатысудан бой тартады.
 
14-бап.
ҚазҰАУ студенті студенттік қоғамдастыққа кіретінін мақтаныш тұтып, корпоративті біртұтастық сезім қалыптастырады.
 
15-бап.
ҚазҰАУ студенті аталған Кодекс ережелерінің бұзылуын байқаған сәтте оны өз күшімен түзетуге тырысады, ал мұндай әрекет мүмкін болмаған жағдайда бұл келеңсіздіктер туралы студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарына немесе ҚазҰАУ әкімшілігіне хабарлауға құқылы.