Тәуелсіздік құндылықтары - Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
Университет перешёл на дистанционное образование
Новость #296 Статистика

Тәуелсіздік құндылықтары

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде оқу орнының «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығы мен Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының бірлесіп ұйымдастыруымен «Қазақстандық жолдың қалыптасуы мен мемлекеттіліктің құрылуы» атты дөңгелек үстел өтті. Аталған шара Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қолдауымен «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ынтымақтың құндылықтарын нығайту, мемлекеттілігіміздің құрылуы мен тарихи мұрасын зерделеу мақсатында патриоттық тәрбие саласындағы ұйымдардың әлеуетін тарта отырып іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы бойынша ұйымдастырылды.

photo

Еркін пікір алмасу түрінде өткен дөңгелек үстелге Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Уахап Қыдырханов, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Оразақын Асқар, Халифа Алтай қорының президенті Қабден Алтайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-сазгер Шәміл Әбілтай,  Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Әділғазы Қайырбеков, жазушы, журналист Назрахмет Қали, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, тіл жанашыры Қазақбай Касимов, ақын, журналист Алмат Исәділ, журналист, әдебиеттанушы Жүсіп Пилтан сынды қайраткер азаматтармен қатар Нұр Отан партиясының өкілдері, Алматы қаласы әкімі жанындағы қоғамдық кеңес мүшелері, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқытушылары мен студенттері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

photo
photo

Жиынды «Жанашыр» қоғамдық қорының президенті, белгілі журналист-публицист Жаңыл Әпетова ашып, жүргізіп отырды. Университеттің Қоғаммен байланыс және редакциялық қызмет басқармасының басшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Алмат Исәділ шараға қатысушы қонақтарға оқу орнында атқарылып жатқан рухани-мәдени бағыттағы іс-шаралар жөнінде қысқаша баяндап, ел Тәуелсіздігі жолында патриот жастар мен халық зиялыларының атқарған еңбектерінің ерен екенін ерекше атап өтті. Дөңгелек үстел барысында қаламгер Уақап Қыдырханұлы егемендігіміздің алғашқы жылдарындағы Елбасының Түркия еліне сапары мен ұтымды саяси қадамдары және елдік мүддеге қызмет ететін шешімдері туралы әсерлі әңгімелеп, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Қазақбай Касимов бүгінгі Қазақстанның ұлтаралық татулық пен келісімнің құтты ордасы болып отырғандығын тілге тиек етіп, Қабден Алтайұлы шеттегі қандастарымыздың тағдыры жайында терең ой қозғап, публицист Назрахмет Қали ұлттық тәрбие мен білімді ұштастыру тұрғысында ой қозғап, ақындар Оразақын Асқар мен Әділғазы Қайырбеков жастарға рух беретін жалынды жырларын оқып, күйші Шәміл Әбілтай өнер мен мәдениеттің ұлт руханиятында алатын айрықша орны бар екенін атап өтіп, «Нұрсұлтан-Қазақстан» атты күй-толғауын нақышына келтіріп орындады. Жиының қорытындысында Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығының жетекшісі Гүлнәр Битимшина мемлекеттік идеологияға сай жүргізілген ұлттық-патриоттық тәрбие болашақта өз жемісін беретіндігін айтып, орталықтың белсенді студенттері Тәуелсіздік құндылықтары жөнінде баяндамалар жасады. Өнегелі ойлар мен ұтымды ұсыныс-тілектер айтылған дөңгелек үстел шарасы жастар үшін тәрбиелік мәні зор болды.
 
ҚазҰАУ Баспасөз қызметі
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты