«Рухани жаңғыру және Ақыт Үлімжіұлының шығармашылық мұрасы» - Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
Новость #988 Статистика

«Рухани жаңғыру және Ақыт Үлімжіұлының шығармашылық мұрасы»

         2018 жылдың 8 маусым күні ҚР БҒМ КН Ғылым Ордасында Түріксой халықаралық ұйымы,  М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, О.Сүлейменов атындағы «Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие» институты бірлесіп, Шыңжаңның Алтай өлкесінде туылған көрнекті ақын, ағартушы, Ақыт Үлімжіұлының (1868-1940 жж.) 150 жылдық мерейтойына орай  «Рухани жаңғыру және Ақыт Үлімжіұлының шығармашылық мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. 
Ақат қажының шығармалары Ресейде «А.Алтайский» деген псевдониммен «Айқап» (Тройцк) журналында, Қазан баспасында жарық көрген.
«Рухани жаңғыру – Туған жер» бағдарламасы аясында А.Үлімжіұлының «Шолақ қол келіншек» пьесасы Мәдениет Министрлігінің қолдауымен Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында С.Д.Әкелеевтің жетекшілігімен сахнада қойылды.
Коференцияда А.Үлімжіұлының қырғыз, өзбек, ұйғыр, тәжік және өзге ұлттарға арналып шығарылған өлеңдері арқылы түркі дүниесіне танылғаны туралы сөз қозғалды. Оның шығармасын түрік ғалымы Нергиз Бирай түрікшеге аударып, «Түркиядан тыс елдердегі түрік әдебиеті» онтологиясына кіргізген. Ал, 2018 жылы монғол ғалымдары Ш. Рахметұлы мен Г.Золбаяр ақынның «Дәләйлүл ғақлия» шығармасын ағымдағы жылда Улан Батор қаласында монғол тіліне аударып, қауымд.профессор, филос.ғ.к. Г.Омарованың құрастыруымен жарық көрді.
Абайдан үлгі алып шығарылған «Дәләйлүл ғақлия» еңбегінде Ақыт:
«Адамды махаббатпен жаратқан Хақ,
Достығын бір Алланың сен де іздеп тап»,-
деп өлең жолдарында ғұлама Абай ойын өз ойымен сабақтастыра жырлайды.
photo
photo

Ақынның осындай тіркестеріне орай түсінбестік туындап, Абайдан өлең иемденген деген ойлар да орын алған. Аталған конференцияда осы көзқарастарға әділ баға берілді.
Коференция ТҮРІКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Д.Қ.Қасейіновтың құттықтау сөзімен ашылып, Қазақстанның халық жазушысы Қ.Жұмаділ, ҚР Жазушылар Одағы Басқарма төрағасының орынбасары Б.Жақып, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА академигі У.Қ.Қалижанов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор М.Мырзахметов, ҚазҰАУ жанындағы «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі, т.ғ.д., академик Х.М.Әбжанов, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Ә.Қара (Стамбул, Түркия), Моңғолия Мемлекеттік сыйлығының иегері Ш.Рахметұлы, Моңғолия ҰҒА Баян Өлгий филиалы Ғылыми зерттеу орталығының директоры, филол.ғ.д.  Гағаа Золбаяр, О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институтының қауымдастырылған профессоры, филос.ғ.к. Г.Омарова, «Қазақстан тарихы және Қазақстан халықтарының мәдениеті» кафедрасының оқытушылары және басқа да Қазақстан ғалымдары баяндама жасап, өз ой-пікірлерімен бөлісті. 

Коференцияда келесі мәселелер талқыланды:

- А.Үлімжіұлы және шетелдегі қазақ әдебиеті;
- Ақыт шығармашылығының Абай мұраларымен астасуы;
- Әдеби-рухани мәдениет және философия мен әдебиетке заманауи көқарас;
- А.Үлімжіұлы мұрасының ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі;
- А.Үлімжіұлы және халық ауыз әдебиеті.

photo
photo

Гүлнар ОМАРОВА,
О.Сүлейменов атындағы «Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие»
институтының қауымд. профессоры, филос.ғ.к.,

Фото: Г.Әділхан
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты