Новость #1144 Статистика

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» – Қазақстан әлеуетінің кепілі

Современное образование 3 (111)2018
 
       Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ұжымы Елбасы үндеүіндегі маңызды бес бастаманы ерекше ықыласпен қабылдап, университеттің Ғылыми кеңесінде, барлық құрылымда талқылап, оны іске асыру үшін арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледі. Қазіргі кезде сол жоспарға сәйкес жүйелі жұмыстар атқарылуда. 
Ұлт көшбасшысы анықтап берген ұтымды ұсыныстар барша қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсартып, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Осы орайда үндеудегі жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие көлемін көбейтуге қатысты үшінші ұсынысқа ерекше тоқталып өтсек.
Мемлекеттің кемел келешегін қамтамасыз ететін негізгі ресурс – ол адам капиталы. Алайда бұл ресурстың мұнай, газ және басқа да пайдалы қазба байлықтары сияқты қайта қалпына келтірілмейтіні белгілі. Дегенмен, ең басты ұлттық ресурс саналатын адам капиталын дамыту мақсатында мемлекетіміз барлық жағдайды жасап отыр.
Елбасының бес бастамасындағы маңызды мәселенің бірі – биылғы оқу жылында студенттерге арналған білім беру гранттарын 20 мың бірлікке көбейту. Оның 11 мыңы ақпараттық технология, робот техникасы және нанотехнологиялар саласындағы инженер мамандарды оқытуға бағытталмақ. Мемлекет басшысының бұл ұсыныстары университет ұжымын ерекше қуантып отыр. Себебі республикамыздың агроөнеркәсіптік кешенін «Ақылды», сандық технологиялар» арқылы дамытуды - кезек күттірмейтін мәселе. Сол себепті, мемлекет тарапынан бірінші кезекте еліміздің жарқын болашағына қызмет ететін жастарға үлкен қамқорлық жасалуда.
Үндеуде Елбасы мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің қатысуымен 75 мың орынға арналған студенттік жатақханаларды 2020 жылға дейін салуды жоспарлағанын атап өтті. Бұл, әсіресе 98% ауыл балалары білім алатын біздің университетіміз үшін қуана қабылдайтын жаңа бастама.Бүгінгі таңда университетімізде студенттердің 56%-ына ғана жатақхана берілген. Қазіргі кезде 2000 студент жатақханаға мұқтаж.
Осы орайда Елбасының әлеуметтік бес бастамасын халыққа түсіндіріп, қолдау көрсету мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясының Мәжилистегі фракциясының жетекшісі Гүлмира Исімбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының Мәжилистегі фракциясының мүшесі Гүлнар Ықсанова, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Нұр Отан» партиясының Мәжилистегі фракциясының мүшесі Зәуреш Аманжолова сында халық қалаулылары жақында ғана университетімізге арнайы жұмыс сапарымен келді. Парламент Мәжілісінің депутаттары унивеситеттің ұстаз-ғалымдарымен кездесіп, Студент үйлерінде болды, білім алушы жастардың тыныстіршілігімен танысып, университет жанындағы Халықаралық Агротехнологиялық хаб құрамына кіретін инновациялық орталықтар мен зертханалардын аралады, «Н.Назарбаев білім және орталығының» ашылу салтанатына қатысты. Кездесу барысында депутаттарды  450 орынға арналған заманға сай жабдықталған жатақхана жаспарымен таныстырдық. Осыған байланысты университет тарапынан тиісті органдарға арнайы хат жіберіліп, керекті құжаттар дайындалды.
Университет оқытушыларының көп бөлігін жас ғалымдар құрайды. Олардың көпшілігі баспанамен қамтамасыз етілмеген. Елбасы үндеуіндегі әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беруге қатысты бірінші бастамасы әсіресе жас отбасылардың баспаналы болуы үшін жасалып отырған оңтайлы қадам екенін атап өтуіміз керек. Елбасы ұсынған әлеуметтік маңызы бар «7-20-25» бағдарламасы халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің ең тиімді тетігі. Бүгінде университетте мемлекттік тұрғын-үй бағдарламасы аясында 185 білім берушілер мен қызметкер қамтылған.
Тағы бір ерекше бастама –  жалақысы төмен қызметерлерге салық төлемін төмендету. Есеп бойынша еңбекақысы 60 мың теңгеден төмен адамдар енді 9,5 пайыздың орнына 1,0 пайыз ғана салық төлейді. Бұл - әсіресе аграрлық сала қызметкерлеріне үлкен көмек. Себебі бүгінде ауылшаруашылық саласында қызмет ететын адамдардың орташа жалақысы - 80 мың теңге. Сонымен қатар, өз бизнесін, өз кәсібін ашып, дамытқысы келген адамдарға жеңілдетілген шағын несиелер беріледі. Оған биыл мемлекеттік бюджеттен 62 млрд. теңге бөлінеді.
Студенттеріміз университет қабырғасында бизнес-жобаларын әзірлеп, нарыққа дайын жобаларымен шыға алады. Себебі 2-курстан бастап барлық мамандық бойынша «Агробизнесті ұйымдастару», «Жобаны басқару» және «Кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру» және т.б пәндер енгізілген. Осының нәтижесінде жақында университетте студенттердің стартап-жобалары байқауы ұйымдастырылды. Стартаптардың 70% өндіріске енгізуге болады. Осындай жастар келешекте кәсіпкерлікпен айналысуы үшін несиелердің комегі тиетіні анық.
Аталған бағыттарды дамыту мақсатында 2015 жылдан бері Қазақ Ұлттық аграрлық университеті жанында Агротехнологиялық хаб жұмыс істейді. Оның мақсаты – шетелдегі озық технологиялар мен білімді тарту, оны қазақстандық жағдайға бейімдеу, ғылыми-зерттеулер нәтижелерін өндіріске енгізу, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің құралдарын тәжірибеде қолдану, агроөнеркәісіп кешеннің басым бағыттарын дамыту. Хабтың құрамына Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Корея, Агроинженерлік мәселелер мен энергия үнемдеу, Тұрақты егін шаруашылығы, Азықтық өнімдердің технологиясы мен сапасы, Су инновациялық орталықтары, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығы, Инновациялық жылыжай, Оқу-өндірістік шаруашылығы және тағы басқа ғылыми-зерттеу зертханалары кіреді.
Бүгінде  ҚазҰАУ базасындағы Агротехнологиялық хабта отандық агроөнеркәсіптік кешенге цифрлы технологияларды енгізуге ықпал жасайтын Ситуациялық орталық жұмыс істейді. Бұл орталық сандық технологияларды игерген әлемдік деңгейдегі білікті мамандарды тартуға, тың идеялар мен жаңа коомуникациялық-ақпараттық технологияларды енгізуге, озық инновациялық тәжірибелерді алмасуға жол ашады. Бүгінде осы орталықта білімді жастарымыз өздерінің жаңа идеялары мен ғылыми жобаларын іске асыруға мүмкіндік алуда.
2017 жылы университетте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Азия Даму банкі, АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ислам банкі және ЮНЕСКО қолдауымен Қазақстандағы және Орталық Азия аумағында су мәселелерін шешумен, құрғақшылық, су деңгейінің төмендеуі, топырақтың тұздануы сынды экологиялық проблемалар мен өзге де төтенше жағдайларда жедел әрекет етіп, су ресурстарын интеграциялық басқару мәселелерін зерттейтін Су хабы құрылды.
Қазіргі кезде университет «Тағам қауіпсіздігі», «Топырақтану мен агрохимия», «Жылу энергетикасы», «Биотехнология» сияқты 11 мамандық бойынша және «Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» негізінде мамандар дайындап отырған республика көлеміндегі 10 белді жоғары оқу орны санатына енген. Аталған мамандықтар бойынша жасалған модульдік бағдарламалар жұмыс берушілердің сұранысын қанағат­тандыра алатын инновациялық бейіндігі бар. Осы бағыттағы жұмыстарды тиімді жүргізу мақсатында университетте жаңа 11 лаборатория ашылды. Әсіресе «Жасыл экономика» және «Жасушалы инженерия» зертханасын ерекше атауға болады. Онда ауыл шаруашылық жануарларын бағалаудың кешенді түрдегі молекулалық-генетикалық сараптамасы, генетикалық моди­фикацияланған жануарлардың мониторингі, отандық селекция нәтижесінде шығарылған және шетелден әкелінген асыл тұқымды малдардың қауіпсіздігін бағалаудың әдістемелерін жасақтап, бекіту, асыл тұқымды жануарлармен молекулалық-генетикалық деңгейде жұмыс жасаудың нормативтік құжаттарын түзу сияқты өзекті мәселелер қолға алынуда. Аталған зертханада ірі қара малдың өнімділігін 240 көрсеткіш бойынша анықтауға мүмкіндік беретін зерттеулер жүргізілуде. 
Жануарлар аурулары мен өсімдік ауруларын анықтағаннан кейін, алынған зертханалық мәліметтерді әлемнің 34 еліндегі агротехнологиялық ор­талықтарына жіберіп, шетелдік әріптестерімізбен бірлесе отырып, ғылыми-зерттеу нәтижелерінің нақтылығын анықтаймыз.
Жуырда ғана еліміздің Ауылшаруашылық министрлігінің ұсынысымен республикамыздағы екі ғылыми-зерттеу институтын: Картоп және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ мен Жеміс және жүзім шаруашылығы ҒЗИ мен Жеміс және жүзімшаруашылығы ҒЗИ-ды ҚазҰАУ басқаратыны туралы шешім қабылданды. Сол арқылы ғылымдар отандық агроөнеркәсіптік кешенін жаңғыртуда Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруғы белсене атсалысады.
Мемлекет басшысының бастамалары бойынша университет жан-жақты жұмыс жүргізуде. Елбасы ұсынған Мәңгілік Ел, Рухани жаңғыру ұлттық идеяларын іске асыру масқатында университетімізде жақында «Н.Назарбаев білім, ғылым орталығы» ашылды. Орталық құрамында, Елбасы мұражайы, Елбасы кітапханасы және білім алушы 23 ұлттың өкілі бас қосқан «Достық» студенттік ассамблеясы орналасқан. Жақында ғана Астанадағы Елбасы кітапханасынан Президентіміздің 1500 кітабын алдық. Бұл – біз үшін, белсенді жастарымыз үшін үлкен олжа. Аталған орталықты ашуға Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесі мен Елбасы кітапханасының басшылығы  тікелей қолдау көрсетіп, абыройлы міндеттер атқарды.
Мемлекетке өзгеріс пен жаңалықты әкелетін – озық білім мен инновациялық ғылым. Білім мекемелерінің түлектері жаңа форматтағы ел экономикасының темірқазығына айналуы тиіс. Ауылдан шыққан жастар білім алатын университет түлектерінің басым бөлігі бүгінде ауыл зиялылары контингентін қалыптастыруға негіз болып, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбекке белсене араласып, елге қызмет етуде. Біздің мақсатымыз — ауыл-ауылдан келген студенттерімізге тиісті білім беріп қана қоймай, оларды Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын Ұлт зиялысына айналатын тұлға ретінде қалыптастыру. Сондықтан, Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлеуметтік бес бастамасы Тәуелсіз Қазақстанның инновациялық бағыттағы әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін берері сөзсіз.

Тілектес ЕСПОЛОВ, 
Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры, 
ҚР ҰҒА академигі
 
Читайте также Архив новостей