Өскелең ұрпақты үйірме арқылы ғылымға баулу - Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
Новость #1777 Статистика

Өскелең ұрпақты үйірме арқылы ғылымға баулу

Қазақстан Республикасының "Білім туралы" заңында: "Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың өзін-өзі басқаруын, шығармашылығын дамыту, олардың қабілеттерін іске асыру, қоғам өміріне бейімделуі, азаматтық сана-сезімін, жалпы мәдениетін, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру үшін жағдайлар жасауды көздейді" - деп көрсетілген.  Студенттерге қосымша білім беру - білім алушылардың білім алу қажеттіліктерін жан-жақты қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын тәрбиелеу мен оқыту үрдісі, үздіксіз білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі. Жас буынға қосымша білім беру жүйесі салауатты өмір салтын қалыптастыру, жеке тұлғаны өздігінен дамыту, шығармашыл, ғылым мен ізденіске баулу, оларға қолдау көрсету және қабілеттіліктерін дамыту, өскелең ұрпақ тәрбиесіне және олардың дарындылығын дамытуды  күшейтуге бағытталған. Тәрбие процесін ұйымдастыруда үйірме жұмыстарының алатын орны ерекше.
 

«Технология және биоресурстар» факультетінің «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасында  білім алушылардың ғылымға деген құштарлығын дамыту мен тәрбиелеу, уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру мақсатында кафедраның қауымдастырылған профессоры, х.ғ.к. Сакиева Зауре Жандарбекқызының жетекшілігімен «Жас ғалым» атты үйірмесі жұмыс жасауда. Үйірменің жұмыс жасау кестесі бекітілген жоспар бойынша жүргізіледі. Үйірмеде студенттер мен магистранттар тағам өнімдерінің қауіпсіздігін анықтауды теория және практика жүзінде іске асырады. Үйірменің ерекшелігі – ортақ қызығушылықтары негізінде біріккен білім алушылар мен жас мамандардың ұйымшылдығы мен ынтымақтастығында. «Жас ғалым» үйірме қатысушылары ғылымға деген құштарлықтары арқылы тек тағам өнімдерінің қауіпсіздігін анықтап қана емес, сонымен қатар дұрыс тамақтануға байланысты және адам ағзасына жағымды әсер ететін жаңа тағам түрлерінің технологияларын жасап үйренуде және еліміз бен әлемдік азық-түлік нарығындағы жаңашыл әдістер мен технологиялармен танысады. Атап айтқанда жас зерттеушілер Start up қатысушылары мен жүлделі орын иегерлері.  

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде оқыту үдерісі барысында жастардың және жас мамандардың шығармашылық  белсенділіктерін арттыру, қабілеттерін дамыту мақсатында оқытудың осындай қосымша әдіс-тәсілдері жүзеге асырылатыны және үйірмелерге барлық жағдай жасалғаны бізді қуантатын және жаңа зерттеулерге ынталандырады. Осы орайда студенттермен тығыз қарым-қатынас орнатып, үйірме жұмыстарын да  ұйымдастырудың маңызы зор деп білеміз!
 

«Тағам өнімдерінің технологиясы және
қауіпсіздігі» кафедрасының аға оқытушысы
Жолмырзаева Р. Н.
Ассистенттер: Зетбек Г. С., Әбіш Ж. А.

Читайте также Жаңалықтар мұрағаты