«Микробиология және вирусология ғылыми өндірістік орталығы» мамандарымен кездесу - Казахский Национальный Аграрный Университет
Новость #1990 Статистика

«Микробиология және вирусология ғылыми өндірістік орталығы» мамандарымен кездесу

2020 жылдың 13 наурызында Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Микробиология және вирусология ғылыми өндірістік орталығы» ЖШС Бас директоры, биология ғылымының докторы, профессор, академик, ғылым мен техника саласы бойынша Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, көрнекті ғалым Аманкелді Құрбанұлы Садановпен кездесу өтті.

Аманкелді Құрбанұлының көп жылдық жүргізіп келген іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулерінің нәтижелеріне көз жүгіртсек, ғалымның авторлығымен 961 ғылыми және ғылыми-танымал еңбектері жарық көрген, оның ішінде 695 ғылыми мақалалары, 22 монография, жоғары оқу орындарына арналған 39 әдістемелік құралдары мен оқулықтары даярланып, 148 авторлық куәлік пен патент алған.

Бүгінде Аманкелді Құрбанұлының жетекшілігімен 40 кандидаттық және 17 докторлық диссертация қорғалған. 2010 жылдан бері өзі алғашқы еңбек жолын бастаған «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығына» жетекшілік жасап келеді.

Кездесуге университет басшылығы, білікті ғалымдар, оқытушы-профессорлар құрамы және магистранттар, докторанттар қатысты. Кездесуді ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Есполов ашып, қонақтарды университеттің стратегиялық бағыт-бағдарымен, ғылыми-инновациялық  жобаларымен таныстырды.
 

Жиын барысында Аманкелді Құрбанұлы «Микробиология және вирусология ғылыми өндірістік орталығының» жұмысы жайлы баяндап, арнайы фильм көрсетті.

Еліміздегі іргелі зерттеулерді тәжірибелік түрде жүзеге асыратын бұл орталық ауылшаруашылығына арналған жаңа импортты алмастыратын препараттарды әзірлеу, өндірістік ластанудан қоршаған ортаны тазарту технологияларын енгізу, фармакологиялық және ветеринарлық препараттардың отандық индустриясын дамыту бойынша көлемді жұмыстар жүргізіп отыр.

Түпнұсқасы отандық 100% қазақстандық құрамы бар технологиялар мен биологиялық препараттар «Микробиология және вирусология ғылыми өндірістік орталығы» ЖШС және «Өндірістік микробиология» ЖШС-мен бірлескен әзірлемелері болып табылады.

Кездесуге арнайы келген «Өндірістік микробиология» ЖШС директоры, биология ғылымдарының кандидаты, PhD Ерік Шорабаев пен директордың өндіріс және коммерцияландыру жөніндегі орынбасары, биология ғылымдарының кандидаты Салтанат Оразымбет серіктестіктің шығарып отырған препараттарымен таныстырып, ол өнімдерге қазіргі таңда еліміздің ауылшаруашылығы саласы ғана емес, сонымен қатар шетелдік агроөнеркәсіп мамандары да сұраныс жасап отырғанын атап өтті.

Басқосуда бүгінгі күні микробиология және вирусология ғылымы маңызды мәнге ие екендігі айтылды. ҚаҰАУ ректоры Тілектес Исабайұлы университеттің осы салаға мамандар дайындап жатқан «Микробиология және вирусология» «Топырақтану және агрохимия», «Өсімдік қорғау және карантин» кафедраларының жұмыстарын айта келіп, Аманкелді Құрбанұлы басшылық жасап отырған орталықпен бірлескен жұмыстарды жаңа бағытта дамыту бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Алдағы уақытта университет студенттері жүйелі түрде «Микробиология және вирусология ғылыми өндірістік орталығында» білімдерін тәжірибемен ұштастырып, институттың ғылыми қызметкерлері келіп, студенттерге лекциялар оқитын болады.

Жиын соңында ректор Тілектес Есполов көрнекті ғалым Амангелді Құрбанұлы Садановқа оқу орнының Ғылыми кеңесінің шешімімен тағайындалған «Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Құметті профессоры» атағын тапсырды.


ҚазҰАУ Баспасөз қызметі,
Фото
Мамыржан БОТАБЕКОВ
Читайте также Архив новостей