Құрметті Түркістан облысы, Мақтарал ауданының тұрғындары! - Казахский Национальный Аграрный Университет
Университет перешёл на дистанционное образование
Новость #2048 Статистика

Құрметті Түркістан облысы, Мақтарал ауданының тұрғындары!

 
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор,
ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик, Әл-Фараби атындағы
Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тілектес Исабайұлы Есполовтың
Түркістан облысы, Мақтарал ауданы тұрғындарына
 
Үндеуі
 
Құрметті Түркістан облысы,
Мақтарал ауданының тұрғындары!
 
Сардоба су қоймасындағы бөгеттің жарылысы салдарынан Мақтарал ауданында болған су басу апатына байланысты Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің бүкіл ұжымының атынан сіздермен бірге екенімізді білдіргіміз келеді.

«Тіршіліктің нәрі де, жауы да су» дейді халқымыз. Су басқан елді мекендердегі халыққа сабыр мен төзім берсін. 

Мақтарал ауданындағы су апаты 14 елді мекенді су астына қалдырып, 30 мыңнан астам халықты баспанасынан айырды. 

Күні кеше Леңгір ауданында болған су тасқынынан көптеген тұрғын үйлер мен құрылыс мекемелері зардап шегіп, 2 газ құбырын істен шығарып отыр. 

Бұл оқиғалар жергілікті халықтың өмірі мен тұрмыс-тіршілігіне қауіп төндіріп, ауылшаруашылық нысандары мен егістік алқаптарға зиян келтіріп, орасан шығындарға әкелді,  7639 га егістік жерлер су астында қалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су апатынан зардап шеккен халыққа мыңнан аса баспана салынып, әр тұрғынға жүз мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілетіндігін хабарлады.

 «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Қасиетті Түркістан өңірінде бірінен соң бірі болып жатқан осы төтенше оқиғалар бірде бір қазақстандықты бейжай қалдырған жоқ. 

Республикамыздың әр өңірінен гуманитарлық көмек жіберіліп, жекелеген кәсіпкер азаматтар да өздерінің қаржылай қолдауларын көрсетуде.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің арнайы тапсырмасымен 300-ден аса қызметкер, 200-ге жуық арнайы техникасы көмекке келіп, каналдар қазып, уақытша бөгеттер тұрғызып, миллионнан аса кубометр суды тартып шығарып, баспаналар мен құрылыс мекемелерін қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуда.

Қазіргі таңда судың деңгейі төмендеуде. Су басқан жерлерде 3 млн кубометр су тартылып шығарылды. Су басқан елдімекендерді судан тазарту жұмыстары әлі де жалғасуда.

Осындай «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», жұмыла атқарылған жұмыстардың арқасында көшірілген 31 мың халықтың 22 мыңы баспаналарына оралды. 

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы апаттың алғашқы күндері-ақ осы апатқа байланысты арнайы Кеңес Штабы құрылды. 

Оның құрамында су, жер, орман ресурстарын пайлану, өсімдік шаруашылығы: агрономия, жеміс-жидек, көкөніс, топырақтану, егістік, мал шаруашылығы, ветеринария саласының мамандары бар. 

Штаб мүшелері облыстық, аудандық ауыл шаруашылық басқармаларымен, жергілікті агроөнеркәсіп мекемелерімен, жеке кәсіпкерлермен, фермерлермен тығыз байланыс орнатқан.

Университетте құрылған Ситуациялық орталықСу хабының, Агротехнологиялық хабтың эксперт мамандары туындап отырған сұрақтарға дер кезінде жауап беріп, күнделікті онлайн-кеңестер, сұхбаттар жүргізіп келеді.

Бүгінгі таңда мамандарымыз жергілікті жерде нақты көмек көрсету мақсатында іс-сапарға шығуға дайын.
 
Сонымен қатар қазіргі уақытта мал шаруашылығында төлдеу маусымы басталып, төлді сақтап қалу жұмыстары жүргізілуде. Ветеринария мамандары осы жұмыстарға қатысты мәселелер бойынша видео-кеңестер беріп отыр.

Біздің 108 оқытушы-профессорларымыз бен 1601 студентіміз Түркістан облысынан. Оның ішінде 205 студент және 21 ұстаз-ғалымдарымыз Мақтарал ауданынан.

Облыс әкімдігі су басу зардаптарын жою жұмыстары мен жан-жақтан келіп жатқан гуманитарлық көмектерді таратып, жеткізу шараларына ерікті жастарды – волонтерларды тарту қажеттігін айтқан болатын.

Біздің университет жанындағы «Парасат», «Еріктілер» орталығында тәжірибеден өткен студенттеріміз волонтерлар қатарында алғашқы күндерден бастап жергілікті жердегі жастармен бірге аймақтағы шаруашылықтар мен кәсіпорындарда, егістіктерде белсенді жұмыс атқаруда.

Апат болғаннан бері біздің ерікті жастарымыз зардап шеккен халыққа ауызсу, азық-түлік, күнделікті пайдаланатын заттар жеткізіп, су басу зардаптарын жою жұмыстарына тікелей араласуда.

Университет ұжымы отандастарымызға осындай қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсетуден тыс қалмай, Мақтаралдықтарға бір күндік жалақысын аудару туралы шешім қабылдады.

Арыстағы жарылыс кезінде нағыз отаншыл, іскер басшы, ретінде қираған қаланы аз уақытта қалпына келтірген облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шүкеевтің жетекшілігімен осы жолғы апатты да қасиетті Түркістан өңірінің халқы абыроймен жеңіп шығады деп сенемін.

Біз сіздермен біргеміз!
 
Алматы, 2020.08.05
Читайте также Архив новостей