ҚазҰАУ-дың «Электрондық Студенттер үйі» порталы іске қосылды - Казахский Национальный Аграрный Университет
Новость #1588 Статистика

ҚазҰАУ-дың «Электрондық Студенттер үйі» порталы іске қосылды

Бүгінде оқу орнымыз әлемдік деңгейдегі университет деңгейіне жетуге мақсатты түрде талпыныс жасап, ауқымды іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Университет ректоры, академик Тілектес Исабайұлы Есполовтың бастамасымен атқарылып жатқан  заманауи талапқа сай, инновациялық жобалар жетерлік. Соның бірі – «Цифрлық университет» бағдарламасы негізінде ашылып отырған «Электрондық Студенттер үйі» порталының іске қосылуы.
 
 
 

Порталға төмендегі сілтемелер бойынша кіріп, қажетті мәліметтерге қол жеткізуге болады.

Қазақ тілінде: https://www.kaznau.kz/page/campus/?lang=kz
Орыс тілінде: https://www.kaznau.kz/page/campus/?lang=ru
Ағылшын тілінде: https://www.kaznau.kz/page/campus/?lang=en

Осы портал арқылы білім алушы жастар электронды нұсқада өтініш жазады, ал университет тарапы кері байланысқа шығып, өтініште көрсетілген телефонға SMS хабарлама жібереді. Сол хабарламада көрсетілген нұсқау бойынша білім алушы жас  жатақханаға орналаса алады. Әрине, білім алушыға қатысты талап-құжаттар бар.  Мәселен, студенттің тіркелген мекен-жайы анықталуы шарт, жеке куәлігінің көшірмесі,  электр жарығы,  пайдаланған су секілді коммуналдық шығындарға белгіленген соманың  төленгендігін растайтын шек және  дәрігерлік анықтамасы өткізілгеннен кейін арнайы құрылған комиссияға жіберіледі. Арнайы комиссия студенттің отбасын, тұрмыс-жағдайын анықтайды. Мысалы үшін, мүмкіндігі шектеулі жандар, әлеуметтік жағдайы төмен немесе  жетім, жартылай жетім, көп балалы отбасынан шыққандар  міндетті түрде ескеріледі.  
 
 
 

Қазақ ұлттық аграрлық университеті «Электрондық Студенттер үйі» порталын ашу арқылы  білім алушы жастарға тиімді жағдай туғызып отыр. Студент-жастар үйінде отырып-ақ интернет арқылы өзінің кезегін, берілген өтініштер мен қанша бос орын бар екенін бақылап, көре алу мүмкіндігіне ие болды.
Бүгінгі күнге дейін Студенттер үйіндегі 2531 орынға 2407 білім алушы жас өтініш берген. Ол өтініштердің 1789-ы жатақханаға орналасуға комиссияның келісімін алған. Ескерте кететін жайт, студенттер үйіне орналасуға өтініш бергендер мен орналасуға жолдама алғандардың көрсеткіш саны өзгереді. Өйткені, студенттер жаңа оқу жылына келіп, орналасып жатыр. Дәл қазіргі уақытта Қазақ ұлттық аграрлық университетінің  «Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі» проректоры Жанар Әбжанқызы Дәуренбаева басшылық ететін сала қызметкерлері жан-жақты жұмыс үстінде.   Білім алушы жастар мен ата-аналар  университет тарапынан жасалып жатқан замануи жағдайға  ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтуда.
 
 
Еділ АНЫҚБАЙ
«Agro-PR» инновациялық
орталығының жетекшісі
Фото: М.БОТАБЕКОВ
Читайте также Архив новостей