ҚазҰАУ-да Алғыс айту күніне дөңгелек үстел өтті - Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
Новость #1362 Статистика

ҚазҰАУ-да Алғыс айту күніне дөңгелек үстел өтті

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 2016 жылы 14-қаңтарда  №173 Жарлыққа қол қойып, 1-наурыз – Алғыс айту күні болып бекітілгені белгілі. Осыған орай Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетінің «Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі» проректоры Жанар Дәуренбаеваның жетекшілігімен Олжас Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім және тәрбие институты ұйымдастырған  «Ұрпақ сабақтастығы» атты дөңгелек үстелге ҚазҰАУ басшылары, Алматы қаласы Медеу ауданы әкімшілігінің өкілдері,  Қазақстан Халқы ассамблеясынан, атап айтқанда, ҚХА мүшесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандитаты, Әзірбайжан этномәдени орталығының төрайымы Асылы Әлиқызы Осман, «Ахысқа» Түрік ұлттық орталығы ҚБ төрағасының орынбасары Казахбай Таштемирович Касимов, Алматы және Алматы облысы Түркімен қоғамдық-мәдени орталығының төрағасы Гульнар Атаевна Аннакулова, «Ирныхас» Осетин мәдени ағарту орталығының төрағасы Казбек Владимирович Мамсуров, «Ватандаш» Қырым Татар мәдени орталығы ҚБ төрағасы Сейт Умерсенович Бабалиев, т.б. қатысып,  баяндамалар жасады.
 
 

Отырыс модераторы Олжас Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім және тәрбие институтының директоры, профессор Есенгелді Медеуов этнос өкілдерінің Қазақстанға келген кезеңіне тоқталды.
Отырыс барысында этнос өкілдерінің ортақ тарихы сөз болып, Қазақстанға 1,5 миллиондай диаспоралар жер аударылғаны сөз болды. Ассамблея мүшелері «Жығылғанды тұрғызып, сүрінгенге сүйеу болған, дархан даланың кеңдігімен біткен текті халық қазақ болмаса, зорлық-күшпен әкелінген этностар мүлде жойылып кетуі бек мүмкін еді.  Бүгінгідей ашық аспан, бейбіт заманда ұрпағын таратып отырмас еді. Қазаққа алғысымыз шексіз және барлық диаспораны салиқалы саясатымен ынтымаққа ұйыстырып, береке-бірлікпен ғұмыр кештіріп отырған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа мың алғыс» деп адал ниет, ізгі тілектерін жеткізді. Сонымен қатар, тіл жанашыры, қазақтың қайраткер қызына айналған Асылы Осман студент жастарға қаратып, «Білім – әлемдік, тәрбие - ұлттық» болуы керек деп ақыл-кеңесін айтса, «қазағым, халқым!» деп тебіренген Казакбай Касимов: «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты» болыңдар!» деп, жастарды рухты, жігерлі, елінің патриоты болуға шақырды.
Ұйымдастырушы тараптан «Достық» студенттік ассамблеясының жетекшісі Ұлтай Шубаева ұстаздар атынан алғыс айтып, қонақтарға кәдесый жасады, ал қонақтар «Қазақстан тарихы және Қазақстан халықтарының мәдениеті» кафедрасының меңгерушісі,  профессор Досалы Салқынбекке Қазақстан халқы ассамблеясы атынан кітап сыйлады. Дөңгелек үстел мазмүнды да мәнді өтті.
Естеріңізге сала кетейік, ҚазҰАУ-дың «Достық» студенттер ассамблеясы 2003 жылы университет ректоры, академик Тілектес Исабайұлы Есполовтың бастамасымен ЖОО-ның ішінде тұңғыш құрылды. Бұл күнде университетте 23 этнос өкілдерінен 360 студент оқиды. 

 
Еділ Анықбай
ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру»
орталығының ғылыми қызметкері
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты