ҚазҰАУ жас ғалымдар кеңесі «Burabay Forum: Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы» атты халықаралық жас ғалымдар форумын ұйымдастыру жұмысына қатысты - Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
Новость #1025 Статистика

ҚазҰАУ жас ғалымдар кеңесі «Burabay Forum: Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы» атты халықаралық жас ғалымдар форумын ұйымдастыру жұмысына қатысты

        8-10 тамыз күндері Астана және Ақмола облысында Астананың 20 жылдығына орай «Burabay Forum: Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы» атты халықаралық жас ғалымдар форумы өтті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының жанындағы Ғылым бойынша кеңес ұйымдастырған форумға еліміздің түрлі аймақтарынан және ТМД елдерінен 40 жасқа дейінгі жүз жас ғалым қатысты. Қазақ ұлттық аграрлық университеті «Қазақстан шекара маңы аудандарының аграрлық секторын инновациялық дамыту» секциясын ұйымдастыруда жауапты серіктес болды. Аталған секцияда модератор қызметін PhD докторы, «Ветеринариялық сараптау және гигиена» кафедрасының меңгерушісі, ҚазҰАУ жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары К.Д.Алиханов, ал секция төрағасы қызметін К.И.Скрябин атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университеті биология ғылымдарының кандидаты А.Р.Нургазиева атқарды. Секция жұмысына жоғары оқу орынның, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан ҒЗИ-ның 17 жас ғалымы қатысты.
 
photo   photo
photo   photo

Назарбаев орталығында Қазақстан, Ресей, Литва, Беларусь, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Армения Тәжікстан және Қырғызстан елдерінен келген физика, экономика ғалымдары мен саясаттанушылар біздің еліміздің Еуразия кеңістігіндегі мүмкіндіктері, ХХІ ғасырдағы ТМД елдерінің физика, озық технологиялар, ауыл шаруашылық, мәдениет, туризм салаларындағы қазіргі және әлеуетті жаңа өзара әрекеттестігі жөнінде пікір алмасты. 
Халықаралық форумның екінші күні Ақмола облысында жалғасын тапты. Форум аясында қатысушылар үшін ҚР мемлекеттік органдарының басшыларымен ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. Ашық диалог алаңында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедұлы, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ілиясұлы Ешенқұлов, Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Қайратұлы Евниев және басқалар сөз сөйледі. Зерттеушілер мен министрлік өкілдері білім мен ғылым интеграциясы: тәжірибе және келешегі, Қазақстанның шекара маңы аудандары аграрлық секторының инновациялық дамуы туралы мәселелерді талқылады.

«Форумның тақырыбы – халықаралық ынтымақтастық біз үшін өте маңызды. Өйткені, Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы жүйелі түрде жүзеге асырылған өңірлік ынтымақтастыққа байланысты. Ал біздің «Burabay Forum» жобамыз елдер арасындағы өзара әрекеттестік пен байланыс орнатуға бағытталған. Форум жұмысында трансшекаралық ынтымақтастық мәселелерімен айналысатын отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми-теориялық және практикалық тәжірибесін жалпылау мен жүйелеуге ерекше көңіл бөлінген. Біз осы форум арқылы Қазақстан Республикасы және ТМД елдерінің оқу орындары арасындағы байланысты кеңейтуге, сондай-ақ болашақта бірлесіп ғылыми зерттеулер жүргізуге ұмтыламыз»,деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры өкілдігінің директоры Сергей Тохтаров.   

«Қазақстан шекара маңы аудандарының аграрлық секторын инновациялық дамыту» секциясы жұмысында К.И.Скрябин атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университеті биология ғылымдарының кандидаты А.Р.Нургазиева, Ташкент ауыл шаруашылығының ирригациясы мен механикаландыру инженерлері институтының PhD докторы С.Э.Шукурова, У.Успанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының ғылыми хатшысы, PhD доктор С.И.Танирбергенов,  Қазақ жеміс-жидек және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері А.Оразахмет, Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері А.Е.Шоман, Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері А.Дарубаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 2 курс докторанты И.Е.Мухаметжарова, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінің аға оқытушысы, PhD доктор Д.Б.Смагулов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің аға оқытушысы, PhD доктор А.М.Мусоев, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ауыл шаруашылық ғылымдарының магистрі М.К.Кулшигашова, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 3 курс докторанты Е.Т.Кайпбаев баяндама жасады.   
 
photo   photo
photo   photo

Сонымен қатар, «Burabay Forum» аясында бизнес-тренерлер қатысушылардың өз ойларын іске асыруына көмектесу мақсатында мастер-класстар жүргізді. РҒА Биология іргелі мәселелері институтының (Ресей) аға ғылыми қызметкері Демин Дмитрий Викторович Мәскеу облысы мысалында биотехнология, экология, ауыл шаруашылығы салаларындағы әзірлемелерді экономиканың нақты секторына енгізу туралы өз тәжірибесімен бөлісті.
Айта кетелік, өткен жылы Тұңғыш Президент Қоры мен Ақмола облысы Әкімшілігі одан әрі ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойды. Міне осымен екінші рет өткізіліп отырған «Burabay Forum: Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы» форумында меморандум практикалық кеңістікте іске асырылды. 
 
photo   photo
photo   photo

Халықаралық форумның соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.  
      
 
ҚазҰАУ Ғылым департаменті
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты