ҚазҰАУ оқытушысы – АҚШ стипендиясы иегері - Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
Новость #1528 Статистика

ҚазҰАУ оқытушысы – АҚШ стипендиясы иегері

     Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Өсімдік қорғау және карантин» кафедрасының қауым. профессоры, PhD доктор Сапахова Зағипа Бейсенқызы АҚШ Ауылшаруашылық департаментінің стипендиясын ұтып алды. АҚШ Ауылшаруашылық департаменті жыл сайын әлемнің жас ғалымдары мүмкіндіктерін шыңдау мақсатында Нобель сыйлығының лауреаты, Жасыл революцияның атасы Норман Борлауг атындағы «Ауылшаруашылық ғылымдары мен технологиясы»  бағыты бойынша стипендия жариялайды. Осы жобаға ҚазҰАУ оқытушысы Зағипа Бейсенқызы да қатысып, бағы мен білімін сынап көрген болатын. Нәтижесінде жобаға әлем бойынша 1600 өтініш берушінің арасынан 40 жоба іріктеліп, Зағипа Бейсенқызы санаулы қазақстандықтардың қатарында жеңімпаз атанды.
Зағипа Сапахованың зерттеу жұмысының тақырыбы: «Қоршаған орта стресстерін жұмсартушы заттардың дәстүрлі және нөлдік технология жағдайында тұрақты бидай өндірісіне әсері». Әлемде Қазақстан бидай өсіруші ел ретінде аса танымал. Дүниежүзілік бидай өндірісі саласында Қазақстан алғашқы ондықтың қатарына кіреді. Енді Зағипа Сапахова 3 ай бойы АҚШ университеттерінің бірінде зерттеу жұмысын жүргізеді. Елге оралған соң оны Қазақстанның өндіріс орындарында тәжірибеге енгізеді. Шетелдік жетекшісі Қазақстанға келіп, зерттеу жұмыстарының барысымен танысып, кеңестерін беріп тұратын болады.  
  Қазақ ұлттық аграрлық университетінің әлемдік білім-ғылым кеңістігіндегі игі қадамдары осындай ізденімпаз оқытушыларымен баянды бола бермек.   
 
ҚазҰАУ Баспасөз қызметі
 

Читайте также Жаңалықтар мұрағаты