ҚазҰАУ мен АҚШ ғалымдары Еңбекшіқазақ ауданы шаруашылықтарында болды - Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
Новость #938 Статистика

ҚазҰАУ мен АҚШ ғалымдары Еңбекшіқазақ ауданы шаруашылықтарында болды

Жуырда Қазақ ұлтттық аграрлық университеті жанындағы агротехнологиялық Хабтың ұйымдастыруымен Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы орталығы Есік қаласында аудан басшылығы мен жергілікті агроөнеркәсіп кешен мамандарының АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі (USDA),  Мичиган университеті (MSU), Корнель университеті (Cornell U) делегацияларымен кездесуі өтті. Шетелдік қонақтар ауданындағы бірқатар шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігімен танысты.
Бүгінгі таңда елімізде аграрлық ғылымды дамытуға мемлекет ерекше көңіл бөліп отыр. Бәсекеге қабілетті сапалы өнім өндіру арқылы әлемдік нарыққа жол ашылатыны заңдылық. Ол үшін үздік тәжірибелер мен озық технологияларды меңгеріп, заманауи білім мен инновациялық ғылымға барынша ден қою қажет. Университет базасында жұмыс істеп келе жатқан агротехникалық Хаб осы мақсаттарға арналған халықаралық байланыстарды нығайтып, ауқымды іс-шаралардың мазмұнын арттыра түсуде.
Шетелдік ғалымдар алдымен Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде бас қосып, университет ректоры, академик Тілектес Есполов бастаған оқу орнының ұстаз-ғалымдарымен бірге аталған ауданға келіп, жұмыс сапарларын аудандағы «Есік» мемлекеттік қорық-музейін аралаудан бастады. АҚШ делегациясы мен ҚазҰАУ ғалымдарын Еңбекшіқазақ ауданының Бинәлі Ысқақ күтіп алды.
 
photo photo
 
photo photo

Қонақтар бұдан кейін алқаптарды аралады. «Алимжанов», «Дихан» «Амал Био» және «Садай батыр» сияқты бірқатар шаруа қожалықтарына ат басын тіреп, ондағы жұмыстардың жай-күйіне қанықты. Әсіресе, Бәйдібек би ауылы маңындағы алма өсірумен айналысатын «Дихан» шаруа қожалығының бақша зиянкестерімен күрестің алдын алуда қандай шараларды қолға алып жатқандығын көздерімен көрді.
– 2015 жылдан бері университет жанынан агротехнологиялық Хаб өз жұмысын жалғастырып келеді. Біз дамыған елдердің ауылшаруашылығы мамандарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, аграрлық саладағы ортақ мәселелерді бірлесе зерттеу бойынша көптеген жұмыстарды жүзеге асырып келеміз.
Бүгін міне, АҚШ-тың ауылшаруашылық департаментінен, ондағы белді университеттерден арнайы мамандар келіп отыр. Өздерінің озық технологиялары жайлы ойларын ортаға салып, тәжірибелерін бөлісуге дайын екендіктерін танытуда. Дамыған елдердегі диқандар еңбегінің үдерістеріне жүгініп, олармен қоян-қолтық араласып жұмыс істеу екі тарапқа да тиімді екеніне көзіміз толық жетті. Сондай-ақ, Еңбекшіқазақ өңіріне арнайы келуіміздің өзіндік себебі бар. Өйткені, аудан мен университет арасында ғылыми-практикалық байланыстар кеңінен жолға қойылған, – дейді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов.
«Бактериялық күйік» деп аталатын алма ағаштарында кездесетін ауру түрі соңғы жылдары отандық бағбандарды әдбен сансырата бастапты. Қазіргі кезде еліміздің оңтүстік және оңтүстік шығыс аймақтарындағы бау-бақшалардың 40 пайызға жуығы осы кеселмен зақымданған. «Дихан» шаруа қожалығының бас агрономы Асқар Алдажаровтың айтуынша, «бактериялық күйікпен» 7 гектарға жуық алма бағы зақымданған.
 
photo photo

– Қолымыздан келгенше қарманып келеміз. Бар білгенімізді іске асырып жатқан жайымыз бар. Әрине, бұл аурумен көп болып күрескенге не жетсін?! Мұхит асып келген ғалымдардың тәжірибесіне жүгіну біз үшін үлкен абырой. Осындай кездесулерді ұйымдастырған университет басшылығына және аудан әкімдігіне ризамыз, – дейді Асқар Алдажаров.
АҚШ-тағы Корнель университетіндегі өсімдік шаруашылығы орталығы тікелей жеміс ағаштарын зерттеумен айналысады екен. Аталған орталық  алма ағашында кездесетін бұл ауру түрімен күресте зор жетістіктерге жетіпті. Тіпті, бұл ауруға қарсы иммунитет қалыптастырған көшеттерді де өсіріп үлгеріпті. Орталық директоры Лоуренс Смарт осынау игі жұмыстарды қазақстандық бағбандармен бөлісуге әзір екендіктерін айтты.

photo photo
 
photo photo

Алдағы уақытта Қазақ ұлттық аграрлық университеті американдық ғалымдармен бірлесіп «Дихан» шаруа қожалығының аумағынан тәлімбақ өсіруді қолға алмақ. Сол арқылы «бактериялық күйікке» төзімді келетін көшеттерді өсіріп, алма бақтарға төнген қауіпті біржолата жоймақ ниетте. Сондай-ақ, Мичиган университетінің ғалымдары да ауылшаруашылығына қатысты өздерінің озық технологияларын жергілікті фермерлерге жан-жақты таныстырды. Сайып келгенде, мұндай тәжірибе алмасу отандық шаруаларға дем беріп, істерінің ілгеруі басуына кең жол ашатыны белгілі.
Аталған шараның мақсаты – халықаралық байланыстарды дамыту арқылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмі көмегімен қысқа мерзім аралығында  агробизнеске инновациялық идеялар мен технологияларды, стартап-жобаларды тарту және жаңаша жүргізілетін жұмыстар арқылы ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
 
 
Дина СМАҒҰЛОВА,
«Жеміс, көкөніс және жаңғақ шаруашылығы»
кафедрасының оқытушысы,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі.
Суреттерді түсірген М.Ботабеков
 
 
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты