ҚазҰАУ «Бір шаңырақ астында» достық фестивалін өткізді - Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
Новость #1323 Статистика

ҚазҰАУ «Бір шаңырақ астында» достық фестивалін өткізді

Биылғы 2019 жылды Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл – ел жастарына ерекше серпін берген, мемлекет тарапынан жас ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам.  Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз.
Елбасы бастамасын қолдау мақсатында 4-ақпаны күні М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Қазақ ұлттық аграрлық университеті Алматы қаласындағы ұлттық этно-мәдени бірлестіктермен және  Оңтүстік Кореялық ІМЕІ халықаралық  ментальді-ағартушылық орталығымен бірлесіп «Бір шаңырақ астында» атты Достық фестивалін өткізді.


Фестиваль аясында ұйымдастырылған концертке Алматыдағы  этно-мәдени орталықтардың жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясы филиалдарының мүшелері және Жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылым мен мәдениеттің көрнекті өкілдері, университеттің оқытушы-профессорлары, студент жастар қатысты.
Шығармашылық кешті ҚазҰАУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов пен ІМЕІ Халықаралық ментальді-ағартышулық орталығының төрағасы Пак Ёнг Чоль құттықтау сөзбен ашып, екі ел арасындағы рухани-мәдени байланыстардың уақыт өткен сайын нығайып, ортақ жобалардың іске асырыла бастағанын ерекше атап өтті.


 «–Университет көп жылдан бері Оңтүстік Корея еліндегі жоғары оқу орындарымен, ғылыми, шығармашылық орталықтармен  тығыз байланыс орнатқан. Университетімізде Қазақстан-Корея бірлескен инновациялық орталығы жұмыс істейді. Жыл сайын бізге Корей елінен мықты эскперт-ғалымдар, оқытушылар мен студенттер келіп тұрады.
Біздің оқу орынымыз Сеул, Конкук,   Кенгбук,  Чонбук, Вонкванг, Кенгхи университеттерімен ғылым-білім және волонтерлік бағдарламалары бойынша жан-жақты байланыс орнатқан. Екі ел жастары білім, озық ғылым, технологиямен қатар мәдениет пен өнер саласында да тәжірибе алмасып келеді. Бүгінгі шара екі елдің берік достығының айқын дәлелі.» – деп атап өтті ректор Т.Есполов.


IMEI Халықаралық ментальді-ағартушылық орталығының төрағасы Пак Ёнг Чоль өз сөзінде тарихқа тоқталып, 1937 жылы Қазақстанға жер аударылған корей ұлтының қасіретінен бастады. Вагондарға малша тиеп, қақаған қыста Қазақстанға әкеліп аудара салған қандастарын ойласа, әлі де жүрегінің ауыратынын жеткізді. Сол қасірет жылдары Қазақстанға жеткенше он мыңнан астам кәрістің бірі аурудан, бірі суықтан, бірі аштан ажал құшқанын айтып, одан аман  қалғаны қазақтардың бауырмал, жанашыр қасиетінің арқасы екенін тілге тиек етіп, жалпы қазаққа, Елбасына рахмет айтты  және бүгінгідей достық ниетпен бірлесіп концерт, басқа да әріптестік шаралар өткізуге мүмкіндік жасаған университет басшысаы, академик Тілектес Исабайұлына алғыс білдірді.


Пак Ёнг Чоль мырзаның айтуынша,  Халықаралық ментальді-ағартушылық орталығы бұған дейін Талдықорғанда, Шымкентте, Өзбекстанда, Қырғызстанда осындай концерттермен  болған. Ал жалпы бұл орталық 2013 жылдан бері әлемнің әр түкпірінде: АҚШ-та 400 рет, Австралия, Африка, Еуропадағы, т.б. ірілі-ұсақты елдердің көпшілігінде болып,  алты мыңнан аса лекциялар мен игі істерді насихаттайтын кездесулер өткізген.   


IMEI жобасының мақсаты – қатігездікке бой алдырып бара жатқан жаһан дәуіріндегі қатқыл ұстанымдарды жұмсартып, адамдардың бір-біріне жақсылық жасауын дәріптеу, жылылыққа үндеу, ізгілікке шақыру, адамгершілікті насихаттау, достық қарым-қатынаста болу. Бірлік пен достықты насихаттау – қазақ халқының ұлттарды ұйыстыратын басты ұстанымы. Бүгінгі Қазақстанда өмір сүріп отырған 130-дан астам диаспора өкілдерінің ынтымағы – ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан  ұлттық ұстанымдардың Елбасы саясатымен сабақтасуында. Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дегені де қазақ халқының бұл тұрғыда біртұтас ұстанымда екенін айғақтай түседі. «Бірлік түбі-береке», «Ырыс алды - ынтымақ» дейтін нақыл-тәмсілдердің нақты іс жүзіндегі көрінісі бүгінгі Қазақстандағы диаспоралардың татулығы.


Кеш барысында IMEI жобасының дарынды волонтерлары ұсынған «Сіріңке ұстаған қыз» қойылымы да ынтымақ пен бірлікке, адамдардың бір-біріне жақсылық жасауға ұмтылдыратын идеяны арқау етті. Тілі басқа болғанмен өзегі ортақ өнерге көпшілік ризашылық білдіріп, шығармашыл жастардың сахнадағы еңбегіне қошеметпен қол соғып отырды!


Фестиваль соңында Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Қазбек Мансұров, «Ахыска» түрік мәдени орталығының төрағасы Қазақбай Қасымов, Алматыдағы украин ұлттық мәдени орталығының төрайымы Тамара Агапова, Қазақстандағы Қырым татарларының «Ватандаш» мәдени орталығының жетекшісі,  биология ғылымдарының докторы, ҚазҰАУ профессоры Сеиіт Бабалиев және басқа да ұлттық бірлестіктер жетекшілері сөз сөйлеп, университет ұйымдастырған достық фестиваліне жоғары бағасын берді.
Мәдени шараны қорытындылаған университет ректоры, академик Тілектес Есполов барлық ұлттық этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері мен IMEI орталығы басшылығын сахна төріне шақырып, алғыс білдіріп, ізгілікке үндейтін мұндай рухани шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба беретініне зор сенім білдірді.



 
 
 
                                                                                            Еділ Анықбай,  
                                      «Agro-PR» инновациялық орталығының жетекшісі,
Фото: Мамыржан Ботабеков
 
 
 
 
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты