ҚазҰАУ – Вагенинген университеті: сенімді әріптестік нәтижелері - Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
Новость #1372 Статистика

ҚазҰАУ – Вагенинген университеті: сенімді әріптестік нәтижелері

2019 жылдың 4-наурыз күні Қазақ ұлттық аграрлық универсиетіне  Вагенинген университетінің (WUR)(Нидерланды Корольдігі)  делегациясы келді.
Кездесудің негізгі мақсаты – отандық ауылшаруашылық өндірісіне IT-технологияларды тарту, енгізу, еліміздің аграрлық саласын инновациялық бағытта кешенді дамыту, ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану, инвестиция тарту және ауылшаруашылығына білікті мамандар даярлау ісін шетелдік әріптестермен бірлесіп дамыту. Екіжақты келісім аясында «ғылыми таланттарды» (оқытушылар мен студенттер) тарту, білім алу және агроөнеркәсіптік кешенінің басым бағыттары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу үшін қажетті ресурстарды шоғырландырып, тиімді менеджмент қолдану мәселелері де қамтылмақ.
 

 
 


Универсиеттің агроөнеркәсіптік кешенге сандық технологияларды енгізумен айналысатын Ситуациялық орталығында өткен кездесуді «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» КеАҚ Басқарма Төрағасы – Ректор Т.И.Есполов ашып, қонақтарды универсиетте атқарылып жатқан инновациялық бағыттағы жұмыстар барысымен таныстырды. Өз кезегінде Вагенинген универсиеті басшылығы атынан келген Тин ван Бокель, Аня Хансен, Йерун Обург сынды білікті ғалымдар Нидерланды Корольдігі университетінің ғылыми қадамдары жөнінде баяндап, ҚазҰАУ-мен ынтымақтастық аясында атқарылатын іс-шаралар барысына тоқталды.
 

 
 


Кездесуге сондай-ақ, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары,  ауылшаруашылық тауар өндірушілері, ҚазҰАУ оқытушы-профессорлар құрамы, университеттің «Жас ғалымдар Кеңесі» мүшелері, докторанттар, магистранттар, студенттер қатысты.
Бүгінгі күні ҚазҰАУ ғылыми-білім беру франчайзингі трансферті негізінде әлемдік деңгейдегі университет моделін құруды жоспарлауда. Шетелдік ЖОО тәжірибесі көрсетіп отырғандай, франчайзинг бағдарламалары университеттердің жедел дамуыныңы бірден бір құралы ретінде қолданылып келеді.
Мысалы, британдық университеттерде Азия елдерінің 700 000-нан астам студенті өз елдерінен шықпай-ақ білім алады. Британдық университеттердің көпшілігі шет елдерде өздерінің дипломдарын әріптес жоғары оқу орындары арқылы ұсынады. Олар жергілікті оқу орындарында британдық университеттің толық бағдарламасын меңгеріп, оқып, дипломын алып шығады. Малайзия сияқты елдер шетелдік жоғары оқу орындарының франчайзинг бағдарламаларын өз университеттерін жылдам дамыту құралы ретінде қолданады. Қазақстанда мұндай франшиза тәжірибесі бар. Мәселен, Назарбаев Университеті Дьюк Университетімен (АҚШ) бизнес білім беру бойынша жұмыс жасайды.

 
 


Қазақ ұлттық аграрлық университеті бұл бағыттағы өзінің инновациялық даму жолында әлемдегі аграрлық жоғары оқу орындары арасында 1-орында тұрған Вагенинген университетінің тәжірибесіне сүйенеді. 
Кездесу барысында голландиялық әріптестер ҚазҰАУ базасында Қазақстан-Вагенинген институтын құру, Нидерланды Корольдігі университетінің (WUR) бакалавриат бойынша білім беру бағдарламасы негізінде: Plant Sciences (Өсімдіктер туралы ғылым) және Food Technology (Тағам технологиясы) мамандар дайындау мүмкіндіктерін саралады.
Бүгінгі күні Вагенинген университетінде мамандар дайындығы ғылым арқылы, ғылыми-зерттеу институттарында өтеді. Оның дамуындағы барлық мәселелерге мемлекет  толықтай қолдау көрсетіледі. Вагенинген университетінде MFC жүйесі құрылған, оған университет, кәсіпорындар, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар кіреді. Олар бүкіл әлем бойынша 20-дан аса агроииновациялық  кластерлер жасап, жүзеге асырған және оған бизнесті де тартып отыр. ҚазҰАУ MFC жүйесіне енген. 
Ағымдағы жылдың 7-наурызына дейін жалғасатын кездесу аясында шетелдік мамандар ҚазҰАУ студенттерімен семинар өткізіп, голландиялық білікті мамандарды шақыру, онлайн-платформа құру,  алдағы оқу үрдісін пысықтау, екі универистет арасындағы құқықтық-қаржылық мәселелерді келісіп шешу жайы қаралатын болады. Бұл – жастарға сапалы білім беруде өте тиімді әдіс және университеттің қарқынды дамуына ықпал етеді. 
Өткен жылы ҚазҰАУ ғалымдары Вагенинген университетінде болып, өзара тиімді ынтымақтастық туралы келісімге келіп, білім алушыларды бірлесе оқытудың негізгі бағыттарын айқындаған болатын. Бұл жолғы кездесулер, сол келісімдерде көрсетілген мәселелерді іс жүзінде орындап, дамыту.
Қазіргі кезде ҚазҰАУ қазақстандағы 10 үздік жоғары оқу орындары санатында. Алдағы мақсат – QS-300 топ универсиеттер санатына кіретін әлемдік деңгейдегі университет деңгейіне көтерілу.
Университетте 2015 жылдан бері әлемнің ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз жұмыс жасауға мүмкіндік беретін халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу орталығы – Агротехнологиялық хаб жұмыс істейді. Әлемдегі белгілі елдердің  агротехнологиялық кешендерімен тығыз байланыс орнатқан Хабтың мақсаты – жаңа білім мен әлемнің озық технологияларын тартып, отандық агроөнеркәсіп саласына бейімдеп, енгізу. Қазіргі кезде университеттегі ғылым, білім, коммерциализация, технологияларды трансферттеу және экоқұрылыммен жұмыс жасауды шоғырландыруға мүмкіндік беретін Хабтың жаңа даму концепциясы жасалды. Хабтың құрамында әлем талабына сай 6 ғылыми-зерттеу институты, 6 инновациялық орталық, 31 зертхана  жұмыс жасайды.
Голландиялық қонақтар ҚазҰАУ базасындағы Агротехнологиялық Хаб құрамына кіретін Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік, Су, Тұрақты егін шаруашылығы, Инновациялық жылыжай, Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы (МИИДБ) шеңберінде мамандар дайындауға арналған оқу, ғылыми-зерттеу зертханаларымен, «Аграрлық білім-ғылым-өндіріс интеграциясы» көрмесімен, университеттің жалпы оқу-ғылыми инфрақұрылымымен танысты.
Шетелдік мамандар ҚазҰАУ ұстаз-ғалымдарымен, білім алушы жастарымен кездесіп, пікір алмасты. Университет ғалымдары өз білімдерімен, жинақтаған тәжірибелерімен, ғылыми-зерттеу жұмыстарының өндіріске енгізілгеннен кейінгі нәтижелерімен бөлісіп, студенттер өздерінің стартап-жобаларын таныстырды.

 

ҚазҰАУ Баспасөз қызметі,
Фото:  М.Ботабеков

 
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты