Қазақстан қой шарушылығының ІІ съезі өтті - Казахский Национальный Аграрный Университет
Новость #1584 Статистика

Қазақстан қой шарушылығының ІІ съезі өтті

Жуырда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мыңбаев ауылында ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі,Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» КеАҚ, Қазақ мал шаруашылығы және азық өндірісі ғылыми-зерттеу институты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің бірігіп ұйымдастыруымен Қазақстан қой шарушылығының ІІ съезі  өтті.
Ауқымды шараның алдында көрнекті, мемлекет және қоғам қайраткері, зоотехник-ғалым, ҚР ҰҒА академигі  Қилыбай Үсенұлы Медеубековтің Алматыдағы тұрған үйінің қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі өтті.
 
 

Мыңбаев ауылында ұйымдастырылған негізгі шара  Қилыбай Үсенұлының ескерткіш бюстінің ашылуымен басталып, осы ауылдағы Қой шаруашылғы ғылыми-зерттеу институтына әйгілі селекционер-ғалым Медеубековтің  есімінің берілуі ресми аталып өтті.
Республика көлемінде өткен бұл шараға Қазақ ұлттық аграрлық университеті ректорының кеңесшісі, профессор Әбдірахман Омбаев бастаған ғалымдар, академик-профессорлар және  ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Марат Әбілахатұлы Оразаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Исламұлы Бескемпіров, академиктер Қалдыбек Сәбденов, Рахым Алмабекұлы Оразалиев, Төлеуәлі Сарбасов, «Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институтының» директоры, профессор Әбдіғали Бегманов, Олимпиада чемпионы, «Қазақстанның Еңбек Ері»  Жақсылық Үшкемпіров сынды ел ағалары қатысып, сөз сөйлеп, көрнекті ғалым Қилыбай Үсенұлы Медеубековтың елге сіңірген еңбегін, ғылымға қосқан үлесін, ғылыми-зерттеу институтын дамытудағы ерекше орнын жан-жақты айтты.
 
 

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Исабайұлы Есполовтың тапсырмасымен университет ұжымын бастап барған профессор Әбдірахман Омбаев академик Қилыбай Медеубековтің және ғалымның атындағы «Қой шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтының  Қазақ ұлттық аграрлық университетімен байланысына тоқталды:    
 – Қазақ елі ежелден төрттүлікпен   айналысқан. Біздің тіршілік көзіміз осы мал шаруашылығына  тікелей байланысты. Оның ішінде қой малы да өзіндік орын алады. Сәл шегініс жасар болсақ, 2013 жылы мен Қазақ мал шаруашылығы институтының директоры болып тұрған  кезімде Қой шаруашылығының І съезін өткізуге мұрындық болғанмын. Бүгін міне, ІІ съезі өтіп жатыр. Бұл –тарихи жағдай және бүгінгі шараның Қазақ ұлттық аграрлық университетіне тікелей қатысы бар. Өйткені ауыл шаруашылығы саласында жүрген ғалым-зертеушілер, ғылыми-институттарда істеп жүрген мамандардың барлығына жуығы  аграрлық университеттің  түлектері, біздің бұрынғы студенттеріміз. Тек қой шаруашылығы емес, осындай бағытта  университетпен бірлесіп, көптеген жұмыс-жобалар жасап жүр.
Жалпы қой шаруашылығы саласында біздің ұстазымыз Қилыбай Үсенұлының орны ерекше. Ол Қазақстан көлемінде ғана емес, ТМД деңгейінде белгілі ғалым, мемлекет, қоғам қайраткері. Сол себепті де осы институтқа аты беріліп отыр және Алматы қаласының Қонаев пен Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы ғалымның тұрған үйінің қабырғасына мемориалды тақта қойылды. Бұл дегеніміз – айтулы ғалымның есімін ел есінде сақтауға жасалған игілікті қадамдар. Ғылым мен білімнің, өндірістің байланысын Қазақ ұлттық аграрлық университетнің ректоры, академик Тілектес Исабайұлы әрбайым көтеріп жүреді, ұйымдастырылуына үнемі мұрындық болады-дейді, профессор Әбдірахман Омбаев.
 
 

Естеріңізге сала кетейік «Қой шаруашылығының ІІ съезінде» Қазақстанда өсірілген асыл тұқымды қойларға  аукцион  ұйымдастырылды. Бүгінге дейін Қазақ елінде ерекше қой тұқымының он жеті түрі өндіріліп, өсірілген. Қой аукционы биыл тұңғыш рет өтіп отыр. Аукционға Қазақстанның әр аймағынан 200 тарта бас жеткізілді.
Әлемде қой тұқымының 600-дей түрі бар екен. Оның он пайыздан астамы Қазақстанда өсіріледі және олар етті, жүнді болып келеді. Қой тұқымының асылдануына селекционер–ғалым, академик Қилыбай Үсенұлының қосқан үлесін зор бағалаған үзеңгілес достары, әріптестері, шәкірттері мен ғалымдар, ел ағалары осындай игі шарадан кейін ғылыми конференцияда бас қосып, жалпы жиын мәнді де мағыналы өтті. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегенді осындай тұлғаларға қаратып айтқан болар деген ой түйіп қайттық.    
 
Еділ АНЫҚБАЙ
«Agro-PR» инновациялық
орталығының жетекшісі
Читайте также Архив новостей