Праздничные поздравления - Казахский Национальный Аграрный Университет
Университет перешёл на дистанционное образование
Новость #30 Статистика

Праздничные поздравления

 Мерекелік құттықтау
Қадірлі аналар, аяулы қарындастар!
Сіздерді шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі - 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мейрамымен ыстық ықыласты ниетте шын жүректен құттықтаймын!
 
Ана бақыты, әйел қуанышы - әр шаңырақтың, әр отбасының, ортақ Отанның мерейі. Жүректерге нұр сыйлайтын осынау шуақты мерекеде өздеріңізге мәңгілік жастық алауын, адал да мөлдір махаббат жылуын, шынайы сүйіспеншілік сәулесін тілеймін.

Қазақ халқы қашанда әйелдер қауымын қадір тұтқан. Халқымыз ежелден анасын қастерлеген, қарындасын еркелеткен, жан-жарын қадірлеген.

Ана - әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақын жанашары, қамқоршысы. Ана - ақ сүтін беріп аялайтын, баласы үшін жанын да аямайтын ардақты да абзал жан. Сондықтан да кез келген ұрпақтың өмірдегі үлкен жолы ананың ақ тілегінен бастау алады. Себебі, ұрпақ бойндағы асыл қасиеттер алдымен ананың ақ сүтімен, мейірімімен, игілікті тәрбиесімен дариды.

Қазақ әйелі ежелден тіршіліктің бастауы саналып, ұланғайыр даланы қорғап, ерлермен бірге ерлік жасаған.

Қазақ әйелі тек қана отбасы, ошақ қасын сақтаушы емес, ол ел мен елді жақындастырушы, бүтін бір ұлтты ұйыстыра білетін нәзік те қайсар жаратылыс иесі.

Бүгінгі Тәуелсіз қоғамда да қазақ әйелінің алатын орны ерекше. Қазіргі қоғам жаңа даму жолына түскен жаңа Қазақ мемлекетін құруда. Біз бүгін Елбасымыз көтеріп отырған «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру бағытын ұстандық. Бұл бағытта қазыналы ұлттық құндылықтарымызды сақтап, дамытуда және ізгі қасиеттерді ұрпақ санасына сіңіруде әйелдер қауымының үлсесі зор болмақ.

Өйткені әйел барлық қиындықты жеңе білетін сарқылмайтын ерекше күш пен тірліктің қайнар бұлағы.
Әйел – Ана,
Әйел-Ұстаз,
Әйел-кеудесіне иман ұялатқан, жарқын жүзінен мейірімі төгіліп, ыстық құшағына әлемді сыйдырып отырған асыл да ардақты жан.
 
Қымбатты ханымдар, аяулы арулар!
 
Осынау арайлы мерекеде өздеріңізді қадірлеп, құрметтейтін Қазақ ауылшаруашылығы білімі мен ғылымының қара шаңырағы – Қазақ ұлттық агаралық университетінің ғалым-ұстаз ер-азаматтары мен студент жастарының атынын баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бірлік-береке, еңбектеріңізге кемел табыс, өмірлеріңізге шаттық пен қуаныш тілеймін!

Көктем нұрымен бірге келген шуақты мерекелеріңіз құтты болсын!


Ізгі тілекпен,
Қазақ Ұлттық аграрлық
университетінің ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті,академик                                Т.И. Есполов
Читайте также Архив новостей