Ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров ҚазҰАУ студенттерімен кездесті - Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
Новость #920 Статистика

Ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров ҚазҰАУ студенттерімен кездесті

Жуырда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров студенттермен кездесті.
Қазақтың білекті де жүректі батыр ұлы ұлттық рух, имандылық пен отансүйгіштік, адамгершілік пен шыншылдық, ата-баба дәстүрімен сабақтасқан өнегелі тәлім-тәрбие туралы ойларымен бөлісті.
Бүгінгі күні Тәуелсіз еліміздің даңқын асқақтатып, талай мәрте тартысты бәсекелерде биік тұғырдан көрініп, Қазақ елін әлемге паш етіп жүрген Ардақ Назаров студенттермен кездесуге жекпе-жектен екі дүркін әлем чемпионы Қазыбек Әшім мен аралас жекпе-жектен жастар арасында әлем чемпионы Сырым Бектұрсын сынды шәкірттерімен бірге келді.

photo
photo
Өнегелі лекция түрінде өткен тәрбиелік мәні зор кездесуде Ардақ Назаров өзінің бүгінгі жетістіктерге жетудегі иман, білім, тәрбиенің үлкен роль ойнағанын, талапшылдық пен күшті ерік-жігердің арқасында алынбас қамалдарды бағындыруға болатынын айтып өтті.
Биіктерді бағындыруда өзінің өмірлік тәжірибесімен бөліскен чемпион имандылыққа негізделген әсерлі әңгіесімен студенттерді жігерлендіріп, ата-баба дәстүрін сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отанды сүю, ата-ананы қадыр тұту, досқа адал болу, ұстазды құрметтеу турасында насихат пен нақылға толы сүбелі сөздерін ортаға салды. Әйгілі спортшының шәкірттері де өмірлік ұстанымдарымен бөлісіп, азамат болып қалыптасудың қағидаларын тілге тиек етіп, өз ойларын айтты.
Екі сағатқа созылған кездесуге жиналған ұстаздар мен студент жастар қонақтардың жүрекжарды әңгімелерін тапжылмай тыңдап, көкейлеріне зерделі ойлар ұялатты. Өз сөзін түйіндей келе, халқының мақтанышына айналған чемпион университете білім алып жүрген ұл-қыздарды салауатты өмір салтын ұстануға үндеп, өзінің жаттығу залына шынығып тұруға шақырды.

photo
photo
Кездесу соңында, аталған шараны ұйымдастырушы азамат, университеттің Студенттік кәсіподақ комитетінің төрағасы Әшірәлі Сманов Ардақ Назаров пен оның шәкірттеріне университет басшылығының, ұстаз-ғалымдары мен студенттерінің атынан алғыс айтып, қазақы дәстүрмен иықтарына шапап жауып, сый-сияпат көрсетті.
Ардақ Назаров 1980 жылы 14 қазанда Алматы облысының Райымбек ауданында, Қақпақ ауылында дүниеге келген. Джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы. Ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы және әлем кубогының иегері. Еуразияның екі мәрте чемпионы. Азия, Еуропа чемпионы. Еуропа – Азия матчтық кездесуінің жеңімпазы. Санкт-Петербор, Бішкек, Владивосток, Сеул қалаларында өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы.

 
ҚазҰАУ Баспасөз қызметі,
Суреттерді түсірген М.Ботабеков, Г.Әділхан
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты