Батыр. Ғалым. Ұстаз - Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
Новость #527 Статистика

Батыр. Ғалым. Ұстаз

Жиырмада жаумен алысқан
Бүгінгі ұрпақ  сәулеті мен дәулеті жарасқан, егеменді, еңселі Тәуелсіз  Қазақстанда  алаңсыз ғұмыр кешуде. Әрине, бізге мұндай еркіндік бақытын адамзат тарихындағы ең жойқын соғыста бұғанасы бекімей қолына қару алып, қасық қаны қалғанша күрескен аға ұрпақ сыйлады.
Ұлы Отан соғысы қаншама отбасына қайғы-қасірет әкелді. Тек Қазақстанның өзі ғана 630 мыңнан астам жас боздақтарынан айрылды. Бейбіт күнді жақындату үшін біздің ержүрек отандастарымыз қолдарынан келген барлық ерлік істерді жасады. Отан үшін от кешкен ерлердің қаһармандығы бүгінде аңызға айналды.
Сұрапыл соғыс жылдарында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің түлектері мен қызметкерлері де қан майданның алдыңғы шебінде жүрді. Олардың көбі оқу аудиторияларында жүрген жерлерінен соғысқа аттанды.  Университет ұжымы әрдайым олардың әруақтары мен рухтарының алдында бас иеді. Бүгінгі таңда ортамызда аман жүрген ардагерлер мен қарияларға қашанда  сый-құрмет көрсетіліп келеді.
От пен оққа оранған сол бір сынақты бастан өткергендердің бірі, қазіргі таңда университеттегі көзі тірі жалғыз ардагер — Зұлхарнай Сейітов  ағамыз.  
Зұлқарнай Сейітов 1921 жылы Қостанай облысы Жітіқара ауданы Мінайдар ауылында дүниеге келген. Зұлқарнай аға өз еркімен әскер қатарына сұранып,  сұрапыл соғысқа 1942 жылы небары жиырмадан асқан жасында аттанады.
Жас жауынгерді алдымен түрлі сала бойынша: байланысшылар, мина іздеуші, танкі жойғыштары дайындайтын  Қызыл Әскердің Орталық-техникалық мектебі орналасқан Свердловск облысының Туринск қаласына жібереді. Онда бір айдың ішінде  жараланған жауынгерлерге алғашқы медициналық көмек көрсетуді, қару ұстауды, арнайы  иттермен жұмыс жасауды үйренген Зұлқарнай Сейітов шабуыл шебіне, Ленинград майданына аттанады.
Бұл шайқас туралы ардагер: «Біздің бөлім Соққы беретін әскер құрамында болды.  Алғашқы майдан, алғашқы қанды шайқас... Әрине, бойымда үрейдің болғаны рас. Төбемізден немістер атқылап,  жан-жағымызда артиллерия снарядтар жарылып жатты... Біздің бөлім осы шайқаста шамамен 3 айдай неміс әскерлерінің қоршауында болды. Көп жауынгерлер алған жарақаттан бөлек, аштық пен суыққа шыдамай бұл дүнимен қош айтысты», -деп еске алады. Бұршақша жауған оқ,  жан алып, жан беріскен шайқас, қанжоса жаралылар - мектепті енді аяқтаған бозбаланы нағыз жаужүрек жауынгерге айналдырғаны ақиқат.

photo  
Ерекше әскери тағдыр
Зұлқарнай Сейітов  28-ші танкі жойғыш жасағының құрамында  соғысқан. Жасақтың бір ерекшелігі  - адамдармен қатар иттер де арнайы кинолог мамандардың көмегімен үш ай бойы дайындалып, үйретіліп, ұрысқа араласқан. Олардың міндеті -  мойнына ілінген гранатамен танкінің астына түсу.
Ардагердің айтуынша, танкіге қарсы арнайы қару-жарақтың жетіспеуі салдарынан осындай тәсілді қолдануға мәжбүр болған екен.
Мысалы, бір ғана Сталинград түбіндегі шайқас кезінде 28-ші танкі жойғыш жеке жасағы төрт аяқты «достарының» көмегімен 42 танкіні және 2 бронды машинаны жойған.
Ұлы Жеңіске қол жеткізгеннен кейін де Зұлқарнай Сейітов өзінің итімен бірге неміс патшаларының бұрынғы  резиденциясы Постдам сарайын минадан тазартқан.

photo  
Соңғы шайқас
Соғыстың соңғы  ақиқатын айқындаған «Берлин шайқасы» екені анық.
Кеңес әскерлерінің шабуылына қарсы немістердің мықты бекініс­тер дайындап қойған болтын. Тарихтан жақсы білеміз, олар  Одер мен Нейсе өзендерін өздерінің ең мықты бекінісіне айналдырды. Одан бөлек, қала сыртында үш қатар қоршаумен әскерлер, қала ортасында тоғыз қабат қоршау жасалды. Орталық алаң қатаң бақылауға алынды. 1945 жылдың наурыз айының соңында Берлинге шабуылға қарсы құрамға Зұлқарнай Сейтов командирлік еткен миноіздеушідер жасағы да қосылады.
Көп уақыт өтпей, сәуір айының 25 жұлдызында Кеңес әскері Берлин бекінісін бұзып кіреді. Берлинді басып алғаннан кейін, ұлтшылдардың бір бөлігі қаладан қашып шығып, толықтай Кеңес әскерінің бақылауына өткен ұрыс шебінен өтіп, американдық немесе ағылшын әскерлеріне берілуді көздеген. Осыған байланысты Зұлқарнай Сейітовтің  бөлімі қаладағы бос қалған барлық ғимараттарды, үйлерді тінту туралы бұйрық алады. Айта кету керек, жауынгерлер тексерген әр үйден күнделікті киім киген неміс әскерлерін қолға түсірген.
«1-мамырда Берлиндегі шайқас аяқталды, тек 9- мамыр фашисттік Германия «Сөзсіз берілдік» деп қол қойды. Біздің жасақ Ростов, Беларусия, Польшаны минадан азат етіп, 3 жыл ішінде жаяу Берлинге дейін жетті.  Жеңіс тойын неміс астанасында қарсы алдық. Мен Сталинград шайқасында жау танкісін жойғаным үшін Қызыл Жұлдыз орденімен, сонымен қатар 600-ден аса минаны залалсыздандырғаным үшін  2-дәрежелі Отан соғысы орденімен  марапатталдым. Дегенмен басты жетістік мұндай  марапат емес, көгіміздегі бейбіт күнді сақтап қалғанымыз. Бұл жеңіс- біздің ұрпаққа қалдырған аманат», - дейді Зұлқарнай Сейітұлы.

photo  
Еңбек пен құрмет
Ғалым-биохимик, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Зұлқарнай Сейітов Омбы ауыл шаруашылық институтын және оның аспирантурасын бітірген. Өзінің 44 жыл ғұмырын қазақ ауыл шаруашылығы ғылымы мен білімінің қарашаңырағы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) өткізген Зұлқарнай Сейітұлы бие мен түйе сүтін, саумал, қымыз бен шұбатты молекалық деңгейде кептірудің жаңа әдісін тауып, содан алынған құрғақ ұнтақтан табиғи қымыз бен шұбат өндірудің жаңа биотехнологиясын ұсынды. Сейітов қымыз бен шұбатты (олардың бастапқы кездегі құрамын өзгертпей) ұзақ мерзімге сақтаудың жаңа әдісін енгізді. Ғалымның айтуынша, мәңгілік жас болудың құпиясы қымызда екен. Сонымен қатар, Сейітов — “Қазақ бальзамы” шипалы сусыны мен ішіне алтын тамыр салып ашытқан “Алтынсу” тұнбасының авторы.
9-мамыр Ұлы Жеңіс күні қарсаңында университеттің Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Қайрат Баимбетов, «Технология және биоресуртар» факультеті Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Аманбай Ахметов, осы факультеттің деканы   Батырхан Бұралхиев пен белсенді студенттер ардагердің шаңырағына арнайы барып, сый-сияпатын табыстап,  ақ батасын алып қайтқан болатын. Кездесу барысында Зұлқарнай ағаның 96 жасқа келсе де ғылымнан қол үзбей, әлі де еңбектеніп жатқанын байқадық. «Биохимия» кітабын ағылшын тіліне аударып, оқулық дайындап жатқан Зұлқарнай Сейітовты Қазақстандағы «Биохимия ғылымының атасы» десек те қателеспейміз.
«Қазақ ұлттық аграрлық университеті басшылығына,  ұжымына алғысым шексіз. Жеңіс мерекесінде болсын, ардагерлер күні болсын, одан да өзге уақыттарда ешқашан назардан тыс қалдырмай, құрмет көрсетіп келеді. Жақында оқу орнының Әскери кафедрасы маған арнайы әскери форма сыйлады. Өте риза болдым. Нағыз қазақтың қара домалақ балаларын  оқуға қабылдап, білім беріп, ұлтын сүйетін ұрпақ  тәрбилеп жатқан ордаға рахметімді айтамын. Мен өзім де өмірілік серігімді дәл осы университетте жолықтырдым. Аллаға шүкір, Айткүл апайларыңмен 40 жылдан астам уақыт бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешудеміз», -деп ақсақал алғысын жаудырды. 
Дана халқымызда «Ерлік - елге мұра, ұрпаққа – ұран» деген сөз бар. Алдыңғы буынның өнегесі мен ерлігінен қуат алған біздің студенттеріміз  Отанға деген патриоттық сүйіспеншілікті барлығынан  жоғары қоятынына сеніміміз мол. 
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты