Ардагерге құрмет - Казахский Национальный Аграрный Университет
Университет перешёл на дистанционное образование
Новость #2047 Статистика

Ардагерге құрмет

Биыл Ұлы Жеңіс мерекесіне 75 жыл толып отыр!

90 жылдық белеске көтерілген Қазақ ұлттық аграрлық университетінің де тарихында сұрапыл соғыс жылдарының таңбасы қалған.

Ауылшаруашылық саласы бойынша білім алып жүрген қаншама түлектеріміз мен қызметкерлеріміз қан майданның алдыңғы шебінде болды?!

Олардың көбі оқу аудиторияларында жүрген жерлерінен соғысқа аттанды. Майдан даласында ерлікпен қаза тапқан қандастарымыздың даңқты есімдері университет алдында арнайы қойылған Ескерткіш тақта мемориалында айғақталып тұр. Университет ұжымы әрдайым олардың әруақтары мен рухтарының алдында бас иеді.

Бүгінгі таңда ортамызда аман жүрген ардагерлер мен қарияларға қашанда  сый-құрмет көрсетіліп келеді. От пен оққа оранған сол бір сынақты бастан өткергендердің бірі, қазіргі таңда университеттегі көзі тірі жалғыз ардагер –­Зұлхарнай Сейітов  ақсақал.  
 

Бүгін, Ұлы Жеңіс күні қарсаңында университеттің Кәсіподақ ұйымы төрағасы Марат Жұматаев, «Технология және биоресуртар» факультетінің деканы Батырхан Бұралхиев, Тәрбие бөлімі қызметкерлері, «Парасат», «Еріктілер» орталығының жастары майдангер қариямыздың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтап, сый-сияпат жасап, құрмет көрсетіп қайтты. 

Зұлхарнай Сейітұлы 1921 жылы Ресей Федерациясының Омбы облысында дүниеге келген. 10 сыныпты аяқтағаннан кейін, өзі сұранып 1942 жылы майдан даласына аттанады.

Білікті ғалым-биохимик, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, зерделі ұстаз Зұлхарнай Сейітов Омбы ауыл шаруашылық институтын және оның аспирантурасын бітірген. Өзінің 44 жыл ғұмырын қазақ ауыл шаруашылығы ғылымы мен білімінің қарашаңырағы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) өткізген.

Биыл 98 жасқа келген ақсақал кейінгі жастармен тәжірибесімен бөлісіп, ақылын айтып, ақ батасын беріп келеді. Шәкірттерінің қолдауымен биохимия туралы жаңа оқулығын да дайындап баспаға ұсынып қойған екен.

Қадірлі қарттың омырауында төсбелгілер пен ордендер жарқырап тұр. Дегенмен қарияның айтуынша оның басты жетістігі бұл марапаттар емес, оның мақтанышы – туған елі, ұлағатты ұрпағы, немерелері мен шөберелері. 

«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран». Ардагерлеріміз аман болсын
Читайте также Архив новостей