Санжар Жандосов атындағы турнир
     Өмірден өтіп кеткен, артына өшпес із қалдырған тұлғалардың тумысы мен тұғыры халықтың жүрегіне қашан да жақын тұрады. Олардың даралық қасиеттері атқарған айтулы істерімен және адамдық сипаттарымен жарық дүниеден жалғасын тауып келеді. Халықтың «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қанатты қағиданы берік ұстанулары да қуантады.
     Солардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-экэномист, гумманист-демократ Санжар Жандосов. Тұғыр биік тұлғаның өмірден өткеніне де 18 жылдың жүзі болыпты. Қазір айтулы көзі тірі азаматтың достары мен замандастары сексен жастың сеңгірінде. Шеттерінен халықпен бірге мерейтойларын өткізіп жатыр.
     Артында қалған өмір жолына ой жіберсек, Санжар Оразұлы біраз ғұмырын мемлекеттік басқару органдарына арнапты. Мемлекеттік еңбек және әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитетті, мемлекеттік кәсіби техникалық білім жөніндегі комитетті басқарыпты. Және де мемлекеттік теледидар және радиохабарлар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары болып қызмет істеген. Өмірбаян жолдарынан Шымкент облыстық атқару комитетінің төрағасы, үш рет қатарынан Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне депутат болғанынан да хабардар боламыз. Бұдан соң республиканң мемлекеттік экономика ғылыми-зерттеу институтына бсшылқ жасаған. Сондай-ақ партия органдарында жұмыс істей жүріп, ғылым мен оқу мәселелеріне жетекшілік еткен.
     Қайраткер тұлғаның тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңдеріне қосқан үлесі де қомақты. Оның осы жылдарда Шаруа қожалықтары қауымдастығының президенті, Қазақстан кәсіпкерлері конгресінің бірінші төрағасы болғандығы, «Әділет» республикалық ерікті түрдегі тарихи-ағартушылық қоғамын құрудың бастаушысы әрі төрағасы болғанын халық емірене еске алып жүр. Халықпен етене байланысқан оның «ҚР еңбегі сіңген экономист» атағымен, тағы басқа еліміздің орден, медалдарымен марапатталғаны асқақтаған тұлғасын одан сайын зорайта түседі.
     Санжар Жандосовтың білгір экономист қана емес, шебер ұйымдастырушы, алғыр басшы, ғалым, көсіле білетін көсемсөзші, арқасы қозып жүретін ақын екенін халық әлдеқашан мойндап қойған болатын. Шығармашылығына арқау болған ғылыми, көркем, публицистикалық еңбектерінің өзі бір төбе боларлық. Ал, адам баласына жасап жүретін жақсылығы мен қамқорлығы оның мейірімді шапағатының шуақты белгісі еді. Халыққа деген адамдық пейілі мен ықыласы қашан да тасып тұратынын араласқан адамдар ауыздарынан тастамайды. Көрнекті ақын Олжас Сүлейменов пен қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтер Санжардың жетім-жесірлерге, репреция мен соғыс құрбандарының ұрпақтарына алақаны ашық түрде көмегін көрсетуден аянбағанын жанды мысалдар арқылы айтулары Санжардың өзге тұстастарынан жанашырлық жағынан оқ бойы озық жүретінін көрсетеді.
     «Өзі жақсы адамға, бір кісілік орын бар» деген мәні зор нақыл сөз тегін айтылмаса керек. Қазақ ұлттық аграрлық университеті жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Санжар Жандосов атындағы волейболдан ерлер командасының ардагерлер арасындағы турнирін өткізуді биыл да назарларынан тыс қалдырған жоқ. Аталған турнирдің салтанатты жағдайда ашылуында ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Есполов өтіп отырған турнирдің мәні мен маңызы жөнінде жанкүйерлер қауымына жан-жақты әңгімелеп берді. Сол сияқты көрнекті ақын Олжас Сүлейменов пен Санжар Жандосовтың үлкен қызы Ажар Жандосовалар жүрек толқытарлық жылы лебіздерін білдірді.
     Волейбол турнирі өте тартысты өтті. Бұл жолы ҚазҰАУ-1 командасы бірінші орынды, екінші орынды Шымкенттің «Ардагер» командасы, үшінші орынды Алматы облысының «Жетісу» командалары жеңіп алды. Сол сияқты турнирге қатынасып, белсенділік көрсеткен басқа командалар да сый-сияпаттан құрыалақан қалған жоқ. Арнайы тағайындалған сыйлықтарды Қазақстан волейболының ардагерлері Юрий Мандрица, Есенгелді Медеуов, Николай Кривенковтар табыс етті. Шебер ойыншылар да марапаттан шет қалған жоқ. Олардың арасында әр командалардан Әділжан Қалиев, Төкен Нұрқасенов, Шамил Навесов, Рашид Парманов, Шабдан Абатов, Василий Шиндов сияқты ойыншылар бар. Турнирдың аяқталуында ҚазҰАУ «Гүл – Бану» ән-би ансамблі ұлттық биіміз «Қара-Жорғаны» орындап көпшіліктің көңілін одан әрі көтеріп тастады.

Қанат ТӘКЕБАЕВ