Халқымыз өмірде бір келер тұғырлы тұлға, Кеңес одағының батыры, халық
Қаһарманы, жазушылығы мен азаматтығы аңызға айналған Бауыржан Момышұлының
тарих тарауларынан алар орны айырықша. Дара тұлғаға халық тарапынан көрсетіліп
келе жатқан құрмет пен сыйдың да шеті мен шегі жоқ. Орны бөлек батырға қандай
жақсылық жасалса да жарасымын тауып тұрапды. Оның бәрі де даңқты тұлғаға
лайықты.
Биылғы жылдың да еліміз үшін ерекшелігі қуантарлық болып отыр. Ол маңдайалды
мақтанышымыз Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы кеңінен аталып өтілуі қазірдің
өзінен қолға алына бастады. Мұның өзі еліміздің мәртебесі мен мерейін одан әрі
өсіре түсті. Халық қастер тұтар перзентінің өнегелі өмір өткелдері қайта жаңғыра
бастады. Жер-жерлерде батырдың осынау мерейтойына байланысты игілікті іс-шаралардың
бірімен-бірі жалғаса түсетінінің әлі талай куәсі боламыз.
Бір атап айтарлық жай, жоғары оқу орындары арасынан бірінші болып Қазақ ұлттық
аграрлық университетінің Бауыржан батыр мерейтойына байланысты «Бауыржан мұрасы
– ұрпаққа ұран» атты кең көлемді конференция өткізді. Аталған конференцияға елімізге
танымал зиялы қауым өкілдері, батырдың отбасы мүшелері, оқытушылар мен студенттер
және мектептердің оқушылары қатынасты.
Университеттің кең залына халық қаһарманының шығармашылық еңбектері мен өткен
өмірін бейнелейтін алуан түрлі суреттері қойылған. Әсем де әдемі безендірілген.
Осы жерден-ақ халық қастерлесі атанған батыр жайлы молынан мағұлмат алып, көкейге
қонымды ойлар түйуге болады. Конференция өтетін зал да көрген адамды айшықты
ажарымен баурап аларлықтай жасақталған. Сахна төріндегі әскери киімдегі батырдың
ойлы келбеті мен көрнекілікпен жазылған «Болмысы берен, ерлігі ерен Бауыржан»,
«Қазақтың қарапайым бір ұлымын, Жанымды арым үшін құрбан еткен» деген қанатты
сөздер батыр рухын асқақтатып жібереді.
Салтанатты жиын басталмай тұрып, осыдан 45 жыл бұрын Баукеңнің өз даусымен көрсетілген
деректі фильм де жиналған жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Бұдан кейін конференцияны
кіріспе сөз сөйлеп ашқан Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик
Тілектес Есполов халықтық батырымыздың тек Қазақстанға ғана емес, одан тысқары
жерлерге де мәлім екенін жан-жақты әңгімелеп берді. Сексенінші жылдардың аяқ
шенінде елімізде миллионыншы Бауыржанның өмірге келгенін, одан кейін бұл цифрдың
тағы да осыған жуықтау болғанын айтқанда, жұртшылық ризалық пейілдерімен дуылдата
қол соғып, қошеметтерін білдірді. Тілектес Исабайұлы атақ пен даңқтың шыңына
қалай шыққаны жөнінде маңызды да мазмұнды әңгімесін тіліне тиек етіп, батырдың
біраз қырларын ашып берді. Осы конференцияны ұйымдастырып отырған университеттегі
Олжас Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық және оқу-тәрбие институтының
бұл бағытта біршама ізденістер жасағанын ризашылық көңілімен атап өтті.
Бұдан кейін сөз алған көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері, атомдық-ядролық
қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы Олжас Сүлейменовтың Баукеңмен көзі тірісінде
болған кездесулерінен айтқан естеліктері елді елең еткізбей қойған жоқ. Оның
әрбір айтқан әңгімесін халық қанағаттанарлық сезіммен қабылдады. Сонымен бірге
Олжас Омарұлының отансүйгіштік тақырыпқа арналған өлеңін өз әуенімен жатқа оқыған
өнер қайраткері Хамит Мәмбетовтың талантына халық таңданыстарын білдірмей қоймады.
Екеуінің сөзі мен ісі бір-бірімен қабысып жатты.
Жасы 88-ге толып отырған, 316 атқыштар двизиясының сапында болған, Момышұлымен
қатарлас жүрген, полковник Кәкен Әбеновтың әсерлі әңгімесі де жұртшылықтың назарын
бірден аударып әкетті. Баукеңнің Ұлы Отан соғысы жылдарында әскери әдіс-тәсілдердің
білгірі, сауатты басшылығы, ұтқыр ұйымдастырушылығы нақты мысалдар арқылы көпшіліктің
көкейіне ұялады. Кәкен ақсақалдың шынайы тебіреніспен айтқан естеліктері Бауыржан
батыр тұлғасын одан әрі зорайта түсті.
Конференцияда сондай-ақ қазақ тілінің жанкүйер жанашыры, Қазақстан халықтары
Ассамблеясының мүшесі Асылы Османның әңгімесін де қатынасушылар зейін қоя тыңдады.
Расында да қазақтар үшін қашан да бірге туған бауырдай ұлтжандылығын көрсетіп
келе жатқан қайраткердің қалтқысыз лебізі батыр атаға деген бағалы сөзінен де
көрініп тұрды.
Бұдан кейін мінбеге көтерілген Бауыржан Момышұлының баласы Бақытжан мен келіні
Зейнеп Ахметованы қалың қауым ду қол шапалақпен қарсы алды. Ол екеуінің мәні
мен маңызы зор әңгімелері жұртшылықты ұйытып әкетті. Ректор университеттің 80
жылдығымен орайлас келіп отырған Баукеңнің 100 жылдық мерейтойына байланысты
батырдың баласы мен келініне қазақи салт-дәстүр бойынша шапан мен камзол кигізіп,
лайықты сый-сияпатын көрсетті.
Салтанатты жиында сонымен бірге «Бауыржан Момышұлы мұрасы» бағдарламасының үйлестірушісі
Оралжан Масатбаев көрнекті қайраткер, ақын Олжас Сүлейменовті Бауыржан Момышұлының
100 жылдық мерекелік медалімен марапаттады. Ал, Олжас Сүлейменов болса, Қазақ
ұлттық аграрлық университетін 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, университет ректоры,
академик Тілктес Есполовқа ЮНЕСКО-ның күміс медалін тапсырды. Мұндай құрметтерге
аталған адамдар ақ ниетті алғыстарын жаудырды.
Конференцияға қатынасушылардың көтеріңкі көңіл күйлерін университеттің сан қырлы
көркемөнерпаздар үйірмелері мен Бауыржан Момышұлы атындағы №17, №131 мектептердің
оқушылары өрге жүзген өнерлерімен таң-тамаша етті. Сөйтіп, батыр Бауыржан мерейтойына
арналған салтанат елдің есінен кетпейтіндей болды.
Қанат ТӘКЕБАЕВ.
Суреттерде: Бауыржан Момышұлына арналған конференциядан көріністер.


Суреттерді түсірген Мамыржан Ботабеков.