Университет туралы

Университеттің қысқаша тарихы

Университеттің миссиясы
Университеттің миссиясы
The University is 85 years old!
Өмірдің жарқын сәттері

Тарих – өткеннің куәгері, шындықтың шырайы, жанды жады, өмір ұстазы, көненің хабаршысы. Цицерон

Әр дәуір ел алдына өз міндеттері мен талаптарын қояды. Өткен ғасырдың 30-жылдары Қазақстанда социалистік жеке меншікке және ұжымдастыруға негізделген ауылшаруашылығы дамыды. Алға қойған мақсаттарды іске асыру үшін білікті мамандар қажет болды. Осыған байланысты жоғары ауылшаруашылық оқу орындарын құру туралы шешім қабылданды.
Алматы зооветеринарлық институты – алғашқы ауылшаруашылық институты және 1929 жылы РКФСР Халық Комитеті Кеңесінің Қаулысы негізінде 1929 жылы Ветеринарлық институт ретінде құрылған Қазақстандағы екінші жоғары оқу орны. Институттың ресми түрде ашылуы 1929 жылдың 1 қазанында болды.

photo photo
 
photo photo

Институт бұрынғы Верный ерлер гимназиясының (қазіргі Әйтеке би, 28) ғимаратында орналасты. Ветеринарлық факультет институттың негізгі бөлімшесі болды, оның құрамына: зоология, ботаника, физика және математика, бейорганикалық және аналитикалық химия, ауылшаруашылық малдарының физиологиясы кафедралары енді.Кафедраларды ұйымдастыруға: профессор И.В. Сайкович (микробиология), профессор И.Г. Васильков (ботаника), профессор В.В. Авербург (гистология және эмбриология), профессор Б.А. Домбровский (анатомия), академик И.П. Павловтың шәкірті, Киевтен өзінің оқытушылар тобымен келген профессор М.П. Калмыков (малдардың физиологиясы), Омбыдан шақырылған профессор Н.Л. Караваев (бейорганикалық және аналитикалық химия), профессор В.А. Клер (зоология), профессор В.В. Келлерман (физика және математика) және басқа да көптеген көрнекті ғалымдар баға жетпес үлес қосты.

photo photo
 
photo photo
 
photo photo

Көп ұзамай БКП(б) ҚӨК Бюросы шешімінің негізінде Ветеринарлық институт Ветеринарлықзоотехникалық институт болып қайта құрылды. Ветеринарлық институттың бірінші директоры ғалыммикробиолог И.В. Сайкович болды, кейінгі жылдары оны Л.М. Атаянц (1930–1932 жж.), С. Арғыншиев (1932–1933 жж.), М.Т. Юнусов (1933–1934 жж.), Е.В. Байгаскин (1934–1936 жж.), А.Ф. Антипенко (1936–1937 жж.), А.Я. Дзержинскиий (1946–1951 гг.), Ф.М. Мұхамедқалиев (1951–1958 жж.), Г.К. Қонақбаев (1958–1963 жж.), М.А. Ермеков (1963–1972 жж.), З.К. Көжебеков (1972–1983 жж.) және К.С. Сәбденов (1983–1996 жж.) басқарды.

photo photo
 
photo photo
 
photo photo

1933 жылы институттың атауы Алматы зооветеринарлық институты деп өзгертілді. Институттың қалыптасуы мен гүлденуіне қазақ зиялыларының да қосқан үлесі орасан зор болды. Жоғары оқу орнының беделін арттыруға белсене атсалысқандар қатарында есімі дүниежүзіне әйгілі жазушы, Ленин сыйлығының лауреаты, қазақ және орыс тілдерінен дәріс берген, ҚазКСР ҒА академигі М.О. Әуезовті, профессорлар А.А. Ермеков және Х.Н. Нұрмұхамедовті, доценттер М.Д. Жолдыбаев және Т.А. Ахметов, оқытушылар М.Ж. Жиенқұлов, С.Б. Бясалиев, Х.А. Әбішев, Р.А. Бөкейханов, Б.А.Беремжанов, Т.К. Чумбалов, А.М. Ғаббасов, С.О. Омаров, К.Д. Ділімбетовті атауға болады.Институтта КСРО ҒА, Ленин атындағы бүкілодақтық ауылшаруашылық ғылымдары академиясы (ВАСХНИЛ) және ҚазКСР (ҚР) ҒА мүшелері дәріс беріп, зерттеулер жүргізді, олар: академиктер – С.Н. Вышелесский, В.А. Бальмонт, Д.А. Зыков, Ф.М. Мұхамедқалиев, Н.У. Базанова, З.К. Көжебеков, корреспондент-мүшелер – М.А. Ермеков, А.К. Росляков, А.М. Мұрзамадиев, И.Н. Нечаев, М.М. Тойшыбеков, Т.С. Сәйдүлдин.Мамандарды дайындауға қосқан орасан зор үлесі үшін 1979 жылы Алматы зооветеринарлық институты Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

photo photo

Қазақ ауылшаруашылық институты 1930 жылы құрылды. Оның құрамында екі факультет болды: егіншілік және жеміс-көкөніс. Алғашқы түлектер 1933 жылы бітіріп шықты, жоғары білімді 78 адам алды (оның 20-сы қазақ), оның ішінде 51 агроном және 27 жеміс-көкөністанушы болды.
Институттың қалыптасуы мен дамуында басшылардың үлесі ерекше болды, олар: директорлар – О.К. Жандосов (1930–1932 жж.), Х.Д. Чурин (1932–1937 жж.), Н.М. Бекетов (1937–1939 жж.), С.С. Сыздықов (1939–1940 жж.), А.И. Сембаев (1940–1941 жж.), Д.А. Андриянов (1941–1943 жж.),А. Жұматов (1943–1959 жж.), А.И. Дорофеев (1960–1961 жж.), Е.Б. Тайбеков (1961–1963 жж.) және ректорлар – Х.А. Арыстанбеков (1963–1981 жж.), Т.Т. Тазабеков (1981–1985 жж.), Б.П. Шах (1985– 1992 жж.) және Е.Ж. Жұмабеков (1992–1996 жж.).
ҚазАШИ Кеңестер Одағындағы ірі әрі алдыңғы қатарлы ауылшаруашылық жоғары оқу орындарының қатарына енді. Бұл барлық профессор-оқытушылар құрамының қажырлы еңбегінің нәтижесі деуге болады. Р.А. Елешев, С.Б. Байзақов, профессор А.А. Әуезов, А.К. Қойшыбаев, М.Ж. Сабиров, Б.Д. Дүйсенов, Ж.К. Қорғасбаев сияқты академиктердің және әр жылдары институттың негізгі қызметі жөніндегі проректоры болған басқа да қызметкерлердің тер төгіп атқарған қызметін айрықша атап өткен жөн.Мамандар дайындау ісіне қосқан зор үлесі үшін 1971 жылы Қазақ ауылшаруашылық институты Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
 

photo photo

1996 жылы Қазақстанның ең байырғы жоғары оқу орындары-Алматы зооветеринарлық институты мен Қазақ ауылшаруашылық институты негізінде Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті құрылды. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің ректоры болып республика ғылымы мен жоғары мектебінің ірі қайраткері, академик К.А. Сағадиев тағайындалды.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2001 жылы 5 шілдедегі Жарлығына сәйкес Қазақ мемлекеттік аграрлық университетіне ерекше мәртебе беріліп, Қазақ ұлттық аграрлық университеті атанды. Бұл жоғары оқу орны беделінің артуына әсер етіп, білікті мамандар дайындаудағы жауапкершілікті күшейте түсті.
Өз мәртебесіне сай Қазақ ұлттық аграрлық университеті оқу үдерісінде инновациялық және озық әдістерді пайдалана отырып, ауылшаруашылық мамандарын дайындау сапасын ұдайы арттыру қағидатын берік ұстанып келеді.

photo photo
 
photo photo


2001 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің 12.07.2001 ж. №58-НС бұйрығымен университет ректоры болып Тілектес Исабайұлы Есполов тағайындалды. ҚР ҰҒА академигі, э.ғ.д., профессор Т.И. Есполов – ҚазАШИ түлегі. Ректор Т.И. Есполов университеттің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, ғылым, білім және тәжірибені шоғырландыруға бағытталған үлкен жұмыс атқарып келеді; оқу орнында білім берудің сапа менеджменті жүйесі енгізілді, сапаны қамтамасыз ету жүйесінің өзіндік тұжырымдамасы, 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы және жоғары оқу орнының бәсекеге қабілеттілігін арттыру моделі әзірленді. Оның басшылығымен университет мамандарды дайындаудың үш деңгейіне (бакалавр – магистр – PhD докторы) көшті, кредиттік оқу технологиясы енгізілді, бүгінгі таңда білім берудің әлемдік деңгейіне қол жеткізу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде: университет Еуропалық білім беру кеңістігіне енді, Болон Декларациясына қосылды, көптеген шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.
 

photo photo

2014 жылы университет 5 жыл мерзімге институционалдық аккредиттеуден өтті.
ҚазҰАУ 7 халықаралық консорциумның мүшесі:

1. Университеттердің Ұлы хартиясы (Magna Charta Universitatum);

2. GCHERA – аграрлық жоғары оқу орындары мен ғылымның Ғаламдық консорциумы;

3. КАСКАД – Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ ауылшаруашылығы университеттерінің консорциумы;

4. ТМД құрамындағы мемлекеттердің жетекші аграрлық ЖОО ректорларының кеңесі;

5. Австрия Ғылым және ғылыми зерттеулер министрлігі: «Eurasia-Pacific Uninet»;

6. Вишеград университеттер қауымдастығы;

7. VETistanbulGroup Конгресс.

2013 жылы университет Еуропа ғылыми-өндірістік палатасы әлемдік университеттердің академиялық рейтингі бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындары ішінде 7 орынды, ал университеттердің webпорталдары арасында 8 орынды иеленді.

2014–2015 оқу жылы Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз Қазақстандық агенттіктің (БСҚТҚА) жыл сайын өткізетін Қазақстан жоғары оқу орындарының рейтингінде ҚазҰАУ еліміздің 13 техникалық жоғары оқу орны ішінде 4 орынды еншіледі. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің (АРТА) рейтингі бойынша университет «Топ-Қазақстан Республикасындағы 30 көшбасшы жоғары оқу орны» қатарына еніп,11 орынды иеленді. Университеттің ауылшаруашылық мамандықтары жүлделі орындарға ие болды.

2015 жылы университет тұңғыш рет QS World University Rankings Дамушы Еуропа және Орталық Азия рейтингіне қатысып, 67 орынға ие болды.