Жібек жолы альянсы орталығының тұсауы кесілді - Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
Новость #1082 Статистика

Жібек жолы альянсы орталығының тұсауы кесілді

Бүгін Қазақ ұлттық аргарлық университетіне Қытай Халық Республикасы Білім министрлігі мен Солтүстік-Батыс ауылшаруашылығы және орман шаруашылығы университетінен делегация келді.
Делегация құрамындағы басты тұлғалар қатарында Білім министрінің орынбасары Линь Хуэйцин, ҚХР Бас консулының орынбасары Го Синьчао, ҚХР-дың Алматыдағы ғылым және технология жөніндегі консулы Ми Гуйсюн және Солтүстік-Батыс ауылшаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің ректоры, профессор У Пут болды.
 

Сонымен қатар ҚХР Білім министрілігі делегациясының құрамында Жұмыспен қамту орталығының директоры Ши Пэнцзянь, Жоғары білім департаменті директорының орынбасары Фань Хайлинь, Халықаралық ынтымақтастық және алмасу департаменті директорының орынбасары Ли Хай, Евразия істері жөніндегі Басқарма директоры Лю Цзяньцин, Магистранттармен мен аспиранттарды қабылдауды басқару жөніндегі директордың орынбасары Пин Вэй, Ауылшаруашылығы департаменті директорының орынбасары Гао Бинь, Ғылым және бағалау жөніндегі директор орынбасары Цю Цзяна, т.б. болды. Солтүстік-Батыс ауылшаруашылығы және орман шаруашылығы университеті делегациясының құрамында Агрономия колледжінің деканы Шэн Вэйсин, Халықаралық ынтымақтастық және алмасу бөлімінің директоры Ю Джин, т.б. болды.
Университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов жиынды ашып, Қазақстан мен Қытай арасындағы аграрлық білім, ғылым бағыттары бойынша екіжақты әріптестік байланыстарға тоқталды. Қонақтарды университет тарихымен және бүгінгі жай-күйімен таныстырды. Академиялық ұтқырлық, ғылыми, халықаралық байланыстар жөніндегі алдағы жоспарлармен бөлісті.
Ректор Тілектес Есполов оқу орнының Қытай Халық Республикасындағы Солтүстік-Батыс ауылшаруашылығы және орман шаруашылығы университетінен бөлек Қытай ауылшаруашылық университетімен, Синьцзян аграрлық, Шинэцзы, Тарым, Харбинск университеттерімен және СУАР Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу институтымен, Лань-Жоус ғылыми-зерттеу ветеринария институты, тағы басқалармен ынтымақтастық орнатқандығына тоқталды. 
 

–Қазақстан мен Қытай елдерінің арасындағы халықаралық әріптестік байланыс көп жылдардан бері табысты түрде жалғасып келеді. Алдағы уақытта осы университеттермен арадағы қарым-қатынасты әлемдік деңгейге көтеруіміз керек, – деді Тілектес Исабайұлы.
Өз кезегінде сөз алған Білім министрінің орынбасары Линь Хуэйцин ҚазҰАУ-дың алдағы 90 жылдық мерейтойымен құттықтады. Өздерінің Қазақстанға келген мақсат-жоспарларына тоқталды. 17-ші қазанда Астана қаласында өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы мүшелері елдерінің білім министрлерінің Жетінші Кеңесіне мүше болғандығына тоқталды. Алдағы уақытта ҚХР Білім министрлігі Қазақ ұлттық аграрлық университетімен ауылшаруашылық саласындағы ғылым-білім жөніндегі жобаларға, бастамаларға қолдау білдіретінін жеткізді. Одан кейін сөз алған Солтүстік-Батыс ауылшаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің жақында тағайындалған ректоры, профессор У Пут екі оқу орны арасындағы байланыстың бұрынғыдан да қарқынды түрде іске асырылатынына ниетті екендігін білдірді.
2016 жылы Қазақстанда Жібек жолы ауыл шаруашылығы білім беру және ғылыми инновациялар альянсы құрылған болатын. көптеген елдің жетекші ауыл шаруашылығы университеттері мен ғылыми орталықтарының басын біріктірген және ауыл шаруашылығы инновацияларымен алмасуға мүмкіндік беретінін альянс жұмысының қарқынды іске асырылуына Қазақ ұлттық аграрлық университеті белсенділік танытып келеді. Ректор Тілектес Исабайұлы бүгінде технология трансферті мен біліми және ғылыми тәжірибелер алмасудың таптырмас бірегей алаңына айналған альянстың келесі жиыны ҚазҰАУ-дың қабырғасында өтуіне ниетті екендігін білдірді. Жиын соңында   қонақтармен бірге университет қабырғасында Жібек жолы альянсы орталығының тұсауы кесіліп, ескерткіш тақта ашылды.
 

Қонақтар оқу орны базасындағы Ситуациялық орталықты, заманауи Агротехнологиялық хаб, соның ішінде Қазақстан-Жапон инновациялық орталығы,  Инновациялық Су орталығы, Қазақстан-Корей инновациялық орталығы жұмыстарымен танысты.
 
ҚазҰАУ Баспасөз қызметі,
Фото: М.Ботабеков
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты