Ұлы Жеңіске 70 жыл! Ардагерлерге құрмет - Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
Новость #133 Статистика

Ұлы Жеңіске 70 жыл! Ардагерлерге құрмет

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Ұлы Жеңіс мерекесі мен Отан қорғаушылар күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған салтанатты жиын болып өтті.

Оқу ордасының бас ғимараты алдында Әскери кафедра жауынгерлері, оқытушылары мен студенттері сап түзеп, ардагерлерге ерекше құрмет көрсетті. Салтанатты жиынды университет ректоры, академик Тілектес Есполов құттықтау сөзбен ашып, Ұлы отан соғысындағы қазақстандықтардың ерліктері мен оқу орны тарихында өзіндік із қалдырған майдангер-ғалымдардың өнегесі жайында жиналған жұртшылық алдында терең мағыналы сөз айтты.

Т.И.Есполов,
ҚазҰАУ ректоры, академик:

Ата – бабаларымыз сан ғасыр армандаған Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Қаншама батырларымыз ұлтарақтай жер үшін қасық қаны қалғанша қас жауымен шайқасыты. Отандық ауылшаруашылығы білімі мен ғылымының қарашаңырағы саналатын Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы өткеннен сабақ ала отырып, ардагерлерімізге құрмет көрсетуді бір сәт те естен шығарған емес.

Еліміз ертең Бірлік пен Достық мерекесін салтанатпен тойламақ. Өйткені биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толып отыр. Алдағы күндері Отан қорғаушылар күні мен Ұлы жеңістің 70 жылдығы кең ауқымда аталып өтпек.

Бүгінде ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлес қосып келе жатқан, арамызда көзі тірі 3 майдангер, 63 тыл ардагерлері мен Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген 10 адам бар.

Алдыңғы буынның өнегесі мен ерлігінен қуат алған біздің әскери кафедрада тәрбиеленіп жатқан жас жауынгерлеріміз де, 27 ұлттың өкілінен құралған университет аясындағы «Достық» студенттік ассамблеясы мүшелері де Отанға деген патриоттық сүйіспеншіліктерін қашанда жоғары қоятынына сенімім мол.

«Ерлік - елге мұра, ұрпаққа – ұран» екенін біз ешқашан есімізден шығармаймыз. Дана халқымыз «Бірлігі мықты ел - тозбас» дейді.

Ардагерлеріміздің ауыр күндердегі шексіз ерліктері мен адал еңбектері үшін бас иіп, алғыс білдіреміз! Университет ұжымының атынан өздеріңізге мықты денсаулық, баянды бақыт, отбасыларыңызға береке-бірлік тілеймін! Ерлігі аңыз, бірлігі мызғымас Тәуелсіз Қазақ Елі мәңгі жасасын!

фото
Сұрапыл соғыс жылдарында қаншама түлектер мен қызметкерлеріміз қан майданның алдыңғы шебінде жүрді. Қазақ ауыл шаруашылығы институты және Алматы малдәрігерлік институтының жүздеген оқытушылары мен қызметкерлері және студенттері өз еріктерімен майданға аттанды. Соғыс жылдарында аталған институттардың базаларында пулеметчиктер, парашютистер, қол сайысының шеберлері, шоферлар, атқыштар, медбикелер дайындалды. Олардың көбі бүгінде арамызда жоқ.

фото
Майдан даласында ерлікпен қаза тапқан қандастарымыздың даңқты есімдері университет алдында арнайы қойылған Ескерткіш тақта мемориалында айғақталып тұр. Мерекелік шараға арнайы шақырылған ардагерлер мен олардың ұрпақтары  Даңқ ескерткіші алдына гүл шоқтарын қойып, майдан даласында қаза болған жауынгерлерімізді бір минут үнсіздікпен еске алды. Өз жалғасын университеттің Мәжіліс залында жалғасын тапқан шара барысында ардагерлерге Мәдениеттану кафедрасының ұжымы дайындаған әскери тақырыптағы концерттік бағдарлама ұсынылды. Бұдан кейін қонақтар оқу орны ауласында ағаш отырғызу рәсіміне қатысып, мерекелік дастарханнан дәм татты.

Аталған мерекеде ардагерлерімізге университет ұжымымен қатар «КазРос Газ» ЖШС мекемесінің басшылығы мен өзге де бизнес-құрылымдардың өкілдері сый-сияпаттарын көрсетті.

фото
 
 
ҚазҰАУ баспасөз қызметі,
Суреттерді түсірген М.Ботабеков
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты