Новость #594 Статистика

Туған жер жанашыры

Елбасы жуырда жариялаған "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: "Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады" деді. Ел халқының 43 пайызы, яғни 7,7 млн. адамның ауылдық жерлерде өмір сүруінің өзі ауыл экономикасы мен инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын дәлелдей түседі. Кешегі кеңестік кезеңде де ауыл қаланың нағыз асыраушысы болды. Ал ауылды дамыту үшін ғылым керек.

photo
"Жұлдыз" ауылындағы №52 орта мектепті 1978 жылы тәмамдаған Айткүл Әбдіғаппарқызы Алматыдағы Еңбек Қызыл Ту орденді ауылшаруашылығы институтының инженерлік-педагогикалық факультетін тәмамдап, комсомолдық жолдамамен туған жеріне, нақтырақ айтсақ, Жаңақорғандағы №17 кәсіптік-техникалық училищеге оқытушы болып орналасады. 1991 жылдан бастап өзі білім алған қарашаңырағы, қазіргі атауы бойынша Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінде магистрлық білім алып, бүгінде осы оқу орнында аға оқытушы болып еңбек етіп келеді.
Тәуелсіздіктің нәтижесінде қандай салада болмасын елеулі жетістіктерге жетіп, әлем санасатын елдер қатарында еңсе түзей бастаған егемен мемлекетіміздің мерейін тасытуда аялы алақанымен ырыс-несібемізді арттырып, азық-түлік молшылығын қалап отырған қарапайым еңбек адамдарының үлесі айрықша. Өнімді өндіру мен тиімді ұқсата білуде қол еңбегімен атқарылатын қыруар бейнетті техника алмастырған ғылыми-прогресс заманында ұсынықты еңбекқорлықпен қатар қиял ұшқырлығы, жаңашылдық та қажет. Әрбір азамат өзінің өсіп-өніп шыққан ауылына бүйрегі бұрып, қолынан келгенінше жақсылық жасауға талпынып тұратыны заңды құбылыс. Ширек ғасыр ғұмырын ұстаздықпен ұштастырған Айткүл Әбдіғаппарқызына атамекенге келіп, апталап жатып, ауыл өмірімен етене танысуына өзі еңбек ететін оқу орны басшылығының игі бастамасы үлкен жағдай туғызып отыр. Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің ел аумағында 52 кеңес беру нысандары ашылған. Жаңақорған аймағы бойынша бекітілген жетекші Айткүл Әбдіғаппарқызымен біз осы бағытта әңгіме өрбіттік.
– Уақыт алға озған сайын ауылшаруашылық мамандарына қойылатын талаптар да артып келеді. Биылғы жылдың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында: "Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» деп ерекше атап өтті. Бүгінгі күні Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің алдында әлемдік нарықта экспортқа бағытталған, бәсекеге қабілетті сапалы өнімдер өндірісін ұлғайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр". Биылғы Жолдау міндеттері бойынша 300 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге біріктіру жоспарланып отыр. Ауылшаруашылығын субсидиялау мен несиелендірудің жаңа шарттары жүзеге асырылатын болды.
Ауылға өзгеріс пен жаңалықты әкелетін озық білім мен инновациялық ғылым. Біздің жыл сайын жергілікті жерде жұмыс жасаудағы мақсатымыз – көзінде оты, көңілінде талабы бар жастарды тауып, білімге бағыттау. Ауылда туып, алтын тамырлы тәрбиесіне қанық өскен жас өркен оның келешектегі мықты темірқазығы бола алады. Туған жерде өсіп-өнген жас өрімталды өздері көзін білетін, табиғатын танитын діңгегі мықты, келешегі кемел кәсіпке баулудан ұтпасақ ұтылмаймыз. Қазірде біздің университеттегі жас ғалымдарымыз Нидерландтық серіктестермен "ЭКСПО-2017" Халықаралық көрмесіне ғылыми жоба ұсынды. Бүгінде біздің жоғарғы оқу орнында 750-ге жуық білікті оқытушы жұмыс жасайды. 16 академик, 112 ғылым докторы, 279 ғылым кандидаты бар. 27 ұлт өкілдерінен тұратын 10мыңға жуық шәкірт білім алуда. Біздің мақсатымыз – талапкерлерімізге тек білім беріп қана қоймай, олардың ел мен жердің қасиетін бағалайтын, туған топырақтың қадірін білетін, сол ауылдың келешек тұтқасына айналатын тұлға етіп қалыптастыру, – дейді ол ағынан жарыла.
Бүкіл жолы шынайы адалдыққа құрылған жанның тағдыры түзік, тіршілігі баянды қалыптасары белгілі. Алды бар, арты бар, кісі баласына кіріптар емес, ешкімге есеп бермейтін, өз ақыл-парасатына, қайрат-жігеріне сүйенген жанның қашанда жүзі жарқын. Біздің кейіпкеріміз - шынашақтай ғана қазақтың қызы дархан даладай кең пейілді жомарт жүрегін жалау етіп, қашанда жақсы істердің жанашыры болып жүр. Жыл құсындай айналып жаңалық әкелетін, жайдары жүзді апаларын жас түлектер де жақсы танып алған. Екінің бірінің үлкен қалаларға барып ақпарат алу үшін белді тәлімгерлермен бетпе-бет кездесуге жағдайы көтере бермейді. Осы мәселелерді ескеріп, елге өз өкілдерін арнайы жолдап отырған университет басшылығына ауыл халқының ризашылығы шексіз.
Мұсылман әлемінің имани әдет-ғұрып ережелері насихатталатын кітапта бұрын өмір сүрген ілім адамдарының былай дегендері айтылады: "Ілім білім – қалада. Надандық пен берекет ауылда. Бірақ араларындағы байланыс себептерінен берекет қалаға да барды. Қалалықтар ауылдағыларға бірінші болып сәлем берсін. Оларға қамқорлық пен жанашырлықпен қарасын. Өркениет өнегесі - осы " дейді. Бұл өсиет бүгінде мәнін жоғалта қойған жоқ. "Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас" деп ықылым заманнан бері бабаларымыз қазақ аруына зор сенім артқан. Елбасымыздың өзі нәзік жандылардың халықты талай тар қыспақтан алып шыққан азаматтық ерік-жігеріне сүйсінісін жасырмай, арқадан қағып, ағалық ризашылығын арнап келеді. Тарихта аты қалған тау тұлғалар ұлағатын жалғап, көптің қамы үшін жеке бас мүддесін жиып қойып, тау асып, түн қатып, туған жердің тағдырына тұғыр болып жүрген жанашыр ағайынның қатарында біздің Айткүл апайымыздың да қолтаңбасы айрықша.
Бүгінде ауылды аман сақтап қалу басты мәселеге айналып отыр. Оны ешкім сырттан келіп, атқарып бермейді. Ауылдың әрбір азаматы атсалысуы керек бұған. Жалаң ұранмен емес. Әлеуетті әрекетпен. Мықты ұстаныммен. Бай біліммен қаруланған қажыр-қайратпен. Ауылда жүріп-ақ алты алашқа атағы кеткен жаңалық ашып, оны өндірісте өзі қолданып, мол өнімге негіз қалаған ағамыз, ғалым Керімхан Егізбаевтың жолын қуғысы келетін туған жер перзенттері көптеп шығып жатса Сыр елінің бағы.
Жақсы ниетті жалғыз-жарым іске асыру қиын. Бұл жолда көптің көмегі, ортақ іске ұйысқан ауызбіршілігі ауадай қажет. Ғалым-ұстаз өзінің ауыл түлектерімен берік ынтымақтастықта жұмыс жасауына жағдай жасап, жан-жақты көмегін аямайтын мектеп басшыларына айтар алғысы ұшан-теңіз. Олардың қатарында орталықтағы №163, Талаптағы №54, туған ауылы №52 мектеп ұжымының белсендігіне ерекше тәнті болып келе жатқанын айтады. Ауыл мектептерін бітіруші түлектерімен терең насихат жүргізудің арқасында шаруашылыққа, өндіріске, техникаға бейімді балалардың лайықты оқу орындарын таңдап, өмірлік кәсіптік бағдарын бекемдеуде атқарылған іс зая кетіп жатқан жоқ. Өткен жылдың өзінде 30 түлек ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын оқу орындарына түсті. Олардың арасында мықты фермерлер, мал мамандары, агрономдар мен ғалымдар туған жерге туын тігіп жатса елдің көсегесі сонда көгермей ме?
Ел іші – алтын бесік. Қаладағы отанында құлдыраңдаған немересінің қызығына кенеліп, шат тұрмыс кешіп жатса да көңілінің бір түкіпірінде атамекенге деген аңсары азаймай, елге алаңдайтын да тұратын Айткүл апайымыз кешегі ҰБТ-ның кезінде де ұл-қыздарымыздың жанынан табылып, болашақ мамандық таңдауларына байыпты бағыт - бағдар беріп аттанды. Асыл жанның келешектегі қадамдарына біз тек қана сәттілік тілейміз.