Новость #244 Статистика

ТМД кеңістігінде аграрлық білімді жаңғырту

Қазақ ұлттық аграрлық университеті базасында ағымдағы жылдың 21-23 маусым күндері аралығында ТМД-ның жетекші аграрлық жоғары оқу орындары ректорлары Кеңесінің отырысы табысты өтті.
Кеңес жұмысына ТМД-ның 10 елінен келген 30-дан аса жоғары оқу орнының ректорлары, «Ұлттық Аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы өкілдері,  Қазақстанның жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының ректорлары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, эксперименттік-тәжірибелік шаруа қожалықтарының, білімдерді тарату орталықтарының басшылары, белгілі ғалымдар, ауыл кәсіпкерлері қатысып, өзара пікір бөлісіп, тәжірибе алмасты.


Үш күнге жоспарланған Кеңестің қорытынды отырысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы ӘБДІХАЛЫҚОВА Гүлшара Наушақызы арнайы қатысып, ТМД елдеріндегі аграрлық  жоғары оқу орындарының өзара ынтымақтастығын дамыту, ғылым, білім беру саласындағы нәтижелермен алмасу және  аграрлық  ғылым мен білім сапасын жақсарту үшін маңызды және тиімді басқару шешімдерін қабылдау қажеттігі туралы атап өтті.


Гүлшара Наушақызы алдымен Кеңеске қатысушылармен, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерімен, білікті ғалымдармен еркін пікірлесіп, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғылым-білім инфрақұрылымдарының негізі саналатын Қазақстан-Жапон инновациялық орталығы,  Инновациялық су орталығы, Қазақстан-Корей инновациялық орталығы, инновациялық жылыжай, ҚР Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында  кадрлар даярлау жөніндегі ғылыми-зерттеу зертханалары,  «Аграрлық ғылым, білім және өндіріс интеграциясы» көрмесімен танысты.
Мемлекеттік хатшының назарына сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы жаңа технологияларды дамыту мен алмастыру үшін нысаналы ізденіспен айналысатын университет жанынан құрылған Агротехникалық хабты басқарудың ұйымдастырушылық құрылымы ұсынылды. Хаб ауылшаруашылық ғылымның теориясы мен тәжірибесі арасындағы байланыстырушы буын болып табылады. Бүгінгі таңда бұндай құрылымдар АҚШ, Аргентина, Бразилия, Израиль және Австралия елдерінде табысты жұмыс істеуде.



Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы пилотсыз аппараттар – дрондармен ауылшаруашылық алқаптарды алдын ала тексерумен айналысатын Тұрақты егін шаруашылығы орталығының ашылу салтанатына қатысты. Ауылшаруашылық тауарөндірушілердің тәжірибеде дрондарды пайдалануы топырақты өңдеу, егін егу және өсімдіктерді қорғау бойынша уақытылы және дұрыс шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді.
 «Аграрлық білімнің ТМД кеңістігінде жаңғыруы» тақырыбында өткен Кеңесте жаңа аграрлық мамандықтарды ашу және бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру, агроөнеркәсіптік кешенде жаңа технологияларды әзірлеу және таратудың заманауи, тиімді және бәсекеге қабілетті жүйесін құру, әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялану мәселелері талқыланды. Қорытынды Кеңесті университет ректоры, академик Тілектес Есполов кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н. Әбдіқалықова өзінің баяндамасында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» Стратегиясы» атты жолдауында: «ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатерлері қатарына жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер» жататындығын айта келе, ұлттық қауіпсіздіктің құрамдасы ретінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Қазақстанның егемен мемлекет ретінде дамуының басты шарты болып табылатынын атап өтті.
  

Бүгінгі күні ТМД елдерінің агроөнеркәсіптік кешенінің инновациялық дамуында ғылыми әзірлемелер мен зерттеулерге үлкен мән берілуде. Бұл жерде, 2003 жылы құрылған ТМД аграрлық жоғары оқу орындары ректорларының Кеңесінің маңызы зор. Атап айтқанда, Кеңес кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыру және оларды қайта дайындау, ТМД жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының оқу-әдістемелік бірлестіктерінің өзара қарым-қатынасын және басқа да халықаралық ұйымдармен байланыс орнату арқылы жоғары оқу орындардың өзара ынтымақтастығын ұйымдастыру аумағындағы жұмыстарды реттейді.


Жиында сондай-ақ көрнекті ғалым, академик Ғани Қалиев, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің ректоры Вячеслав Лукомец сынды беделді ғалымдар сөз сөйлеп, аграрлық білім мен ғылымның қазіргі таңда сұранысы артып отырғанын тілге тиек етіп, ауыл шаруашылығы саласын жандандыруда ынтымақтастық шараларын жеделдетудің тиімділін атап өтті. Өз кезегінде Кеңеске қатысушы тараптар оқу орнын ұлттық зерттеу университетіне трансформациялау, ҚР агроөнеркәсіп кешеніндегі ғылым, білім және өндіріс интеграциясы механизмдерін және мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту  сияқты салалардағы өз тәжірибелерімен бөлісті.


Бір айта кетерлігі, оқу орнының оқу-өндірістік құрылымымен  таныстыру,  білім, ғылым және өндіріс арасындағы интеграцияның қандай дәрежеде жүзеге асырырылып жатқандығын көрсету мақсатында Кеңес жұмысының алғашқы күні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы бірнеше шаруа қожалықтарын, кәсіпорындар мен оқу-өндірістік орталықтарғды аралаумен басталған еді.
Қазақстанмен қатар Ресей, Украина, Белоруссия, Қырғызстан, Армения, Грузия, Әзербайжан, Тәжікстан, Молдова елдерінен келген меймандар үшін Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан «Орман питомнигі», «Адал» агроөндірістік компаниясы, «Нұр-Агро» ЖШС, «Астана-Фрутс» ЖШС, «Алтын Есік» ЖШС сынды университеттің оқу-ғылыми-өндірістік орталықтарына арнайы сапар ұйымдастырылды.


Ауқымды шараның екінші күні университет ғимаратында жалғасып, ТМД-ның жетекші аграрлық жоғары оқу орындары ректорлары Кеңесінің отырысымен басталды.  ҚазҰАУ, ректоры, академик Тілектес Есполов модераторлық еткен жиын барысында әр елден келген делегация келелі баяндама жасап, агроөндірістік кешенінде қордаланып қалған өзекті мәселелерді ортаға салып, ауыл шаруашылығы саласын заманға сай өркендетіп, дамыту бағыттары мен ТМД кеңістігінде аграрлық білімді жаңғырту мәселелерін талқылады.
Басқосу барысында Кеңес мүшелерінің шешімімен, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің басшылығы атынан, университет ректоры, академик Тілектес Есполов  К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің ректоры Вячеслав Лукомец, Армения ұлттық агшрарлық университетінің ректоры Аршалуйс Тарвердян, Әзірбайжан мемлекеттік аграрлық университетінің ректоры Ибрагим Джафаров, Арменияның ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Левон Саргсян, Украинаның биоресурстар және табиғатты пайдалану ұлттық университетінің ректоры Станислав Николаенко, Грузия аграрлық университетінің ректоры Лаша Гоциридзе, Тәжікстан аграрлық университетінің ректоры Амонулло Салимов сынды көрнекті ғалымдарға «Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Құрметті профессоры» атағын салтанатты жағдайда табыс етті.
Сонымен қатар Белорусь мемлекеттік ауылшаруашылық академиясының ғылым жөніндегі проректоры Юрий Тибец, Ресей мемлекеттік жерге орналастыру университетінің ректоры Сергей Волков, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Евгений Кошкин, К.И.Скрябин атындағы Мәскеу мемлекеттік ветеринарлық медицина және биотехнология академиясының сырттай-күндізгі оқу жөніндегі проректры Лариса Гнездилова, Грузия аграрлық университетінің проректоры Звиад Чеишвили,  Жәңгір-хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлы-техникалық университетінің реторы Нұрлан Серғалиев, К.И.Скрябин атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университетінің ректоры Рысбек Нургазиев пен осы оқу орнының проректоры  Тыргоот Чортонбаев сынды ғалымдар «Аграрлық білім мен ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін»  айрықша белгісімен марапатталды.



Аграрлық оқу орындары арасында тәжірибе алмасу мақсатында өткен үш күндік шарада қонақтар Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану бағытында атқарып келе жатқан ауқымды іс-шараларына жоғары бағасын берді. Кеңес жұмысының негізгі үйлестірушісі, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, Қазақстан, Ресей, Украина Ұлттық ғылым академияларының академигі, оннан астам ТМД мен өзге де шет елдердегі бас аграрлық университеттердің құрметті профессоры және докторы, академик – Есполов Тілектес Исабайұлының  айтуынша бұл іс-шаралар аграрлық білім сапасын жаңа сатыға көтеріп, ортақ агроөндірістік кешен мәселелерін тиімді шешуге жол ашып, көптеген жобаларды бірлесіп атқаруға жаңа мүмкіндік бермек.
 
 
ҚазҰАУ Баспасөз қызметі,
Суреттерді түсірген Мамыржан Ботабеков
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты