Новость #266 Статистика

Стратегиялық әріптестік

Қазақ ұлттық аграрлық университеті әлемнің жетекші аграрлық оқу орындарымен арадағы ынтымақтастықты дамытуда белсенді жұмыстар атқаруда. Университет басшылығы соңғы жылдары Шығыс Азияның бірнеше университеттерімен тығыз байланыс орнатып,  ғалымдар мен студенттерді алмасу, ауыл шаруашылығы ғылымдары бойынша бірлесе зерттеулер жүргізу  үшін  өзара ынтымақтастық туралы  бірқатар келісімдерге қол қойған болатын.

photo
photo
photo
Шығыс Азия мен Қазақ елі арасындағы әріптестік байланысты одан әрі жандандыру  мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Есполов Тілектес Исабайұлы Қытайдың Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің өкілдерін қабылдады. Делегация құрамында Университет   президентті  Сун Чишин,  Көкөніс шаруашылығы колледжінің деканы  Ма Фенгван,  Экстеншен технологиялар мен ғылым басқармасының директоры  Ванг Япенг,   Агрономия  колледжінің профессоры  Ху Инган ,  Экономика және  Менеджмент колледжінің  профессоры Вай Фэнг, халықаралық ынтымақтастық  және алмасулар басқарамасының директоры   Ю Лин және Экономика колледжінің деканы Шан Вексин мырзалар бар.

Аспан асты елінен келген қадірменді меймандарды қарсы алған университет басшысы екі ел арасындағы байланыстың барлық сала бойынша дамып жатқандығына тоқталып өтті. Тілектес Исабайұлы оқу орнының қызметі, халықаралық қатынастар туралы сөз қозғап,  Қытайдың Шэньси провинциясында орналасқан  Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетіне барған сапарындағы әсерімен де бөлісті.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастаған делегация  14 шілде күні Қытай Халық Республикасына іс-сапармен барған болатын. Делегация құрамында оқу орнымыздың ректоры Тілектес Есполов та болды. Сапар қорытындысы бойынша Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Янглин агротехнологиялар орталығы арасында  ынтымақтастық туралы меморандумға, сондай-ақ Солтүстік-Батыс ауыл және орман  шаруашылығы университеті арасында келісім шартқа қол қойылды. Осы құжаттарға сәйкес Қытайда қолданылатын  инновацияларды  Қазақстанда пайдалану, ғалымдар мен студенттерді алмасу, биотехнология, экология, ауыл шаруашылығы ғылымдары бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу, фермерлерге арналған білім тарату жүйесін құру көзделген.
«Біз университеттер арасындағы ынтымақтастықтың негізгі 5 бағытын анықтадық. Олар: жеміс-жидек дақылдарын өсіру технологиясы,  Су ресурстары мен технологияларын зерттеу, мал бордақылау ресурстарымен қамтамасыз ету, азық-түлік өнімдерінің биотехнологиясы болып табылады. Бұл әріптестік байланыс жақын арада өз жемісін беріп, еліміздегі білім мен ғылымның дамуына ықпал етеді деп ойлаймын», - деді ректор.

photo
photo
photo
photo
Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің президенті Сун Чишин мырза құшақ жая қарсы алған университет басшылығына алғысын білдіріп, екі ел арасындағы байланыстың келешегіне қысқаша тоқталып өтті. Сондай-ақ, ҚазҰАУ- мен бірлесе маман дайындау, инновация саласы бойынша байланысты дамытта отыра түрлі елдердің жоғары оқу орындарымен арада ғылым-білім Кеңесін құру, сонымен қатар өзі басшылық ететін университетте Қазақ елінен келген студенттерді оқыту үшін гранттар санын арттыру туралы жоспарларымен бөлісті. Қазіргі таңда Қазақ ұлттық аграрлық университетіне Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінде магистратура бойынша білім алу үшін 5 грант ұсынылған.
Маңызды кездесудің екінші күні өткен қорытынды жиынға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева арнайы қатысып, екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы саласының өзара ықпалдастығының дұрыс бағытта дамып келе жатқандығын атап өтті.
Кездесу қортыныдысы бойынша жоғары оқу орындарының басшылары екі бірдей келісімге қол қойды. Бірі – академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асыру және оқытушылар мен студенттер алмасу, екіншісі – бірлесе ғылыми-зерттеу жобаларын дайындау. 
Ғылыми Кеңестің шешімімен Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің Президенті Сун Чишин мырзаға университеттің «Құрметті профессоры» атағы берілді.
Кедесуден кейін қытайлық делегация аграрлық ғылымды жаңа деңгейге көтеру жолында белсенді қызмет атқарып келе жатқан университет жанындағы Қазақстан-Жапон инновациялық орталығы және өзге де  ғылыми зертханалар мен орталықтардың жұмысымен танысты.
 
ҚазҰАУ-дың Баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген М.Ботабеков.
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты