Новость #606 Статистика

Парламент Мәжілісінің депутаты университеттің ғылыми-инновациялық кешенімен танысты

Қазақ ұлттық аграрлық университетіне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракция мүшесі Светлана Федоровна Бычкова арнайы жұмыс сапармен келді. Халық қалаулысы қазақтың универсиеттің бүгінгі тыныс-тіршілігімен, жеткен жетістігімен және алдағы уақыттағы жоспарларымен, ғылыми-инновациялық кешенімен танысты.

photo
photo
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Бірінші проректоры, академик Тіреуов Қанат Маратұлы бастаған оқытушы-профессорлар құрамы Светлана Федоровнаға оқу орны базасындағы заманауи Агротехнологиялық хаб, оның құрамына кіретін Қазақ-Жапон инновациялық орталығы, Су, Агроинженерлік мәселелер және энергия үнемдеу, Қазақ-Корей, Тұрақты егін шаруашылығы, Азық-түлік  технологиясы және сапа орталықтары, Инновациялық жылыжай, «Агроуниверситет» оқу-тәжірибе шаруашылығы және жаңадан құрылған Қазақстан-Беларус агроинженерлік инновациялық орталығы жұмысын көрсетті.
Бүгінгі күні Қазақ ұлттық аграрлық университеті Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы – МИИДБ-2 бойынша мамандар дайындайтын 10 жоғары оқу орындары қатарына енді. Университетте еліміздің агроөнеркәсіптік кешені салаларының басты жұмыс берушілерінің талаптарына сай сұранысқа ие мамандарды дайындау үшін ғылыми-білім беру инфрақұрылымы қалыптасқан. Осы бағдарлама шеңберінде 2017 жылы «Азық-түлік қауіпсіздігі» және «Топырақтану және агрохимия» мамандықтары бойынша 185 магистр дайындалып шығарылды, олар 100% жұмысқа орналастырылды. Бүгінде 4 мамандық бойынша 362 магистрант білім алуда.

photo
photo
Мәжіліс депутаты Светлана Бычкованы Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру барысында құрылып, жұмыс істеп жатқан және алдағы уақытта аясын кеңейтуге сұранып тұрған жобалар ерекше қызықтырды. Бағдарлама аясында университетте 4 инновациялық лаборатория: Азық-түлік технологиясы, Азық-түліктің физика-химиялық қасиеттерінің анализі мен топырақ, су және шикізаттың экологиялық сапасы, Жасыл биотехнология және клеткалық инженерия, Табиғи ресурстарды басқару және агрожүйелерінің тұрақты дамуы жұмыс істеп жатыр.
Оқу орнының бірінші проректоры, академик Қанат Маратұлы өз кезегінде білім шаңырағында 2010 жылдан бері ұлттық зерттеу университетіне трансформациялау жұмысы жүргізіліп жатқанын атап өтіп, трансформация аясында университетте 2016 жылы құрылған  Агротехнологиялық Хаб қызметі туралы баяндады. Хаб қызметі технологияларды, идеялар мен стартап жобаларды іздестіруге, оларды тартуға және енгізуге, сондай-ақ мемлекет-жекеменшік серіктестігінің тетіктерін іске асырып, университеттің өзін-өзі қаржыландыруын және дербестігін қамтамасыз етуге арналған.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракция мүшесі Светлана Бычкова Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі атқарылып жатқан ауқымды шаруаларға көңілі толғанын жеткізді.
«Елбасы Жолдауында айтылғандай экономикамыздың драйвері болып отырған ауылшаруашылық саласын жандандыруға ғылымданған өндірісті меңгерген білікті мамандар дайындау арқылы үлес қосу ісінде – Қазақ ұлттық аграрлық университеті заманауи бағытта ұтымды қадамдар жасап отыр» деп ерекше атап өтті.
 
ҚазҰАУ Баспасөз қызметі,
Суреттерді түсірген М.Ботабеков
 
Читайте также Архив новостей