Өз құқығыңды білгенің - дұрыс өмір сүргенің! - Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
Новость #1197 Статистика

Өз құқығыңды білгенің - дұрыс өмір сүргенің!

Ағымдағы жылдың 12-23 қарашасы аралығында Тәрбие жұмысы жөніндегі Департаменттің ұйымдастыруымен «Өз құқығыңды білгенің - дұрыс өмір сүргенің» тақырыбында Декада өтті. Декада аясында:  құқықтық сана мен мәдениетті арттыру бағытындағы куратор сағаттары; барлық студенттік үйлерде «Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық орындарда тәртіп сақтау» тақырыбында құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесулер; «Құқықтық мәдениет және жастар» атты пікірсайыс; «Өзгерістерді өзіңнен баста» тақырыбында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментінің өкілдерімен дөңгелек үстел өтті. Сонымен бірге студенттердің құқықтық сауаттылық деңгейін анықтау мақсатында сауалнамалар жүргізілді. Сауалнамаға әрі факультеттен 100 студент, барлығы 600 студент қатысты.
    Декаданың қорытынды іс-шарасы ретінде 23 қараша күні өткізілген факультетаралық интеллектуалды ойындарына студенттер қызыға қатысты. Ойын алдында Декада жұмысы барысындағы іс-шараларға шолу жасалып, презентация көрсетілді.
         Бұл интеллектуалды ойынның ерекшелігі - факультет командаларын дайындауға тәрбие саласынан қызметкерлер, яғни тәлімгерлер бекітілді. Атап айтқанда «Гидротехника, мелиорация және бизнес» факультетінің тобын - жастар саясаты бөлімнің маманы Қ.Аманбай, «Ветеринария» факультетін - жастар саясаты бөлімнің маманы Ж.Абдуалиев, «Технология және биоресурстар» факультеті- жастар саясаты бөлімінің бастығы Н.Аубакиров, «ІТ- технология, автоматтандыру және агроөнеркәсіптік кешенді механизациялау» факультетін - студенттік кәсіподақ комитетінің төрағасы Ә.Сманов, «Агробиология» факультетін - тәрбие бөлімінің маманы К.Мансұрова және        «Орман, жер ресурстары және фитосанитария» факультетін - жастар саясаты бөлімнің маманы Ж.Төкенова дайындады. Бұл жас мамандар мен білім алушылардың өзара қарым-қатынастарын күшейтуге, жеңіске деген құлшынысын арттыруға және корпоративті рухты дамытуға ықпал етті.
 
 
 
 


      Интеллектуалды ойында факультеттер командалары 3 кезең бойынша сайысқа түсті. «Таныстыру» деп аталатын алғашқы кезеңде әрбір топ өзі факультетін, мамандықтарды және сайыс мақсаттарын қоса отырып еркін түрде (ән, би немесе бейнеролик арқылы) таныстырды. ІІ кезең  - «Ұшқыр ой - жылдам жауап»  аталды. Қатысушы топтар құқықтық сауаттылық тақырыбындағы викториналық және логикалық сұрақтарға жауап берді. Ең тартысты сәт  - «Үй тапсырмасы» кезеңі болды. Бұл кезең бойынша қатысушы топ өз мамандықтарына қатысты құқықтық міндеттермен байланысты танымдық-білімдік қызықты  қойылымдар көрсетті. 
    Сайысқа университеттің тәрбие жұмысы департаментінің директоры Б.Тұрғымбаева, оқу-әдістемелік жұмыстар және білім технологиялары бойынша Департамент директоры Г.Нұрманбекова, Медеу ауданы Ішкі Істер басқармасының жергілікті полиция қызметкері, полиция капитаны Л. Сламджанова, студенттік шығармашылық басқармасының бастығы Ш.Өмірзақова және тәрбие бөлімін ұйымдастыру-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің маманы С.Нұралиева қазылық етті. Ұпайлар санының қорытындысы бойынша 1 орынға «Агробиология» факультеті, 2 орынға «Ветеринария» факультеті, 3 орынға Гидротехника, мелиорация және бизнес» факультеті ие болып, жүлделермен марапатталды.
      Интеллектуалды ойын студенттердің қоғамдағы заманауи құқықтық және моральдық құндылықтар туралы білімдерін кеңейтуге,  олардың бойында құқық, бостандық және құқықтық мүдделер туралы құзыреттіліктерін дамытуға ықпал етті. Факультет командалары өмірден алынған, шынайы түрлі құқық бұзушылық жағдаяттарды сахнада көрсете отырып, заңды білмеушілік жауапкершіліктен құтқармайтындығына көз жеткіздірді.  Сонымен бірге ойын барысында құқықбұзушылықтың түрлері (әкімшілік, қылмыстық, тәртіптік, азаматтық-құқықтық), олардың айырмашылықтары, болашақ мамандықтарына қатысты құқықтық міндеттемелерге қатысты дайындалған қойылымдар залда отырған көрермендер көңілінен шықты.
   Сайыс соңында сөз алған университеттің тәрбие жұмысы департаментінің директоры Б.Тұрғымбаева жеңімпаздарды құттықтай келе, Декада жұмысына белсен атсалысқан құқық қорғау органдары өкілдеріне, құқық кафедрасының оқытушы-профессор құрамына, декан орынбасарлары, кафедра меңгерушілерінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасарлары, эдвайзер-кураторларға үлкен алғысын білдірді.
 
Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты