Мистер ҚазҰАУ-2017 - Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
Новость #504 Статистика

Мистер ҚазҰАУ-2017

«Жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек. Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек», - демекші, қазақ халқы ежелден  ер азаматтарды  «жігіттің сұңқары, жігіттің сұлтаны, жігіттің қыраны, жігіттің арыстаны, жігіттің қабыланы, жігіттің сарасы, жігіттің нары, жігіттің жампозы» деп ерекше  сипаттап, ілтипаттарын білдірген.  Осындай атауларға лайық сұлтандардың  қазіргі қоғамда да барына кеше оқу орнымызда өткен «Мистер ҚазҰАУ-2017» байқауы барысында көз жеткіздік.

photo
photo
photo
Жалпы елімде ғана емес, барша әлемде қыздардың сұлулық байқауларын өткізу үйреншікті болып кеткені соншалық, Мисс, Мисис, Ана тілі аруы, университет ханшайымы сияқты түрлі форматтағы іс-шараларға етіміз үйреніп кеткен.  Ал ер-жігіттер арасында мұндай байқаулар сирек кездеседі.  Сондықтан университетімізде өткен бұл шараның мән-мағынасы да, форматы да өзгеден айрықша болды.
Ойлау қабілетін дамыту, әр түрлі жағдайлардан шыға білу, өнерін көрсету, тапқырлық таныту, сахна мәдениетін қалыптастыруға жетелеген байқауда он үміткер бағын сынады. Олар:
  1. Нұржан Нұрсұлтан, "Теxнология және биоресурстар" факультеті.
  2. Асқар Аxмет, "Теxнология және биоресурстар" факультеті.
  3. Жаманкулов Санжар, "Орман,жер ресурстары және фитосанитария" факультеті.
  4. Қамалғазы Бердібек, "Инженерлік" факультеті.
  5. Берістем Сайлау, "Теxнология және биоресурстар" факультеті.
  6. Малышко Артур, " Агробиология" факультеті.
  7. Қозыбай Нұрбек, "Агробиология" факультеті.
  8. Шаxимурат Берік, "Орман,жер ресурстары және фитосанитария" факультеті.
  9. Муятов Наржігіт, "Ветеринария" факультеті.
  10. Абдешов Али, "Су ресурстары, мелиорация және бизнес" факультеті.
Конкурстың әрбір қатысушысы финалға дейін үлкен жолдан өтті. Олар алдымен университет көлеміндегі іріктеуден  сүрінбей өтіп, үздік ондыққа енді. Одан кейін үй тапсырмасын, көрсететін өнерлерін, кейіпкерлерді ойлап тапты, реквизит іздеді, кешкі уақытқа дейін дайындық жұмыстарымен айналысты. Дегенмен, нәтежиесінде жігіттеріміз финалдық бәсекеге тас-түйін дайын болып келді. Байқау өтетін жерге де сайыскерлеріміз өз фантазияларын қосып, бірі көлікпен, бірі «ер қанаты- атпен» келіп, университет алдында төселген қызыл кілеммен жүріп өтті. 
Сайдың тасындай іріктелген жігіттерді О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институтының директоры Есенгелді Медеуов, әнші, халықаралық конкурстардың лауреаты Гаухар Мырзахметова, жас әнші Барат Бексұлтан, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Шерхан Пірназаров және ҚазҰАУ-дың Студенттік кәсіподақ ұйымының төрағасы Әшірәлі Смановтан құралған әділ қазылар алқасы бағалады.

photo
photo
Байқаудың алғашқы дәстүрлі кезеңі «Таныстыру» бөлімінде ер-жігіттер өздері дайындаған 3-5 минуттық бейне-роликтерін көрсетіп, бірі әзіл-қалжың, бірі замандастарының, бірі ұстаздарының, ата-анасының пікірі арқылы өздерін барынша таныстыруға тырысты.
«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, байқаудың екінші кезеңінде сұлтандарымыз тұла бойына тұнған таланттарын танытып бақты. Музыкалық аспапта ойнап, би билеп, поэзия оқып, Абайдың қара сөзі арқылы сахналық көрініс көрсеткен қатысушыларымыздың өнері кімді де болса таңқалдырғаны анық. Әсіресе, ерекше жанрда өнер көрсетіп, түрлі қауіпті трюктерді орындаған Нұрсұлтан Нұржан көрерменнің ыстық ықыласын бөленді. 

photo
Үшінші кезеңде сайыскерлердің спорттық дайындықтары, білек күштері тексерілді. Олар 16 келілік кір тасын көтеруден бақ сынады.
Сайыстың қорытынды кезеңі үй тапсырмасын көрсету, яғни алдын-ала жеребе арқылы таңдалған тақырыптар бойынша:  отбасы құндылықтары, ата-ана қадірі, достық, махаббат, дін, балалық шақ туралы көптеген мағыналы, әзіл-шыны аралас  көріністерді сахналады.  Бұл кезеңде  жалпы көріністің идеясы, мазмұны, үміткерлердің актерлік шеберлігі, сахнада өзін-өзі ұстауы бағаланды.
Халқымызда дүниеге ұл баланың келуі «Ұл туғанға күн туған» деп ерекше бақыт саналған. Шаңырақтың иесі ұл бала болып есептелгендіктен, оның тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Ер баланы адамгершілікке, батылдыққа, имандылыққа баулыған. Бүгінгі жастардың бойында осы қабілеттер бар ма? Біз талапкерлер бойынан осы сұрақтың жауабын іздедік, – деген қазылар алқасы сайыпқырандардың ақыл-парасаты мен өнеріне, қайраты мен күшіне әділ баға бере білді.   Нәтижесінде "Теxнология және биоресурстар" факультетінің студенті  Нұржан Нұрсұлтан 3-орын иегері, алған "Ветеринария" факультетінің студенті Муятов Наржігіт 2-орын, "Агробиология" факультетінің студенті Қозыбай Нұрбек жүлделі 1-орынмен  марапатталды! Ал көптен күткен  «Мистер ҚазҰАУ-2017» атағы, 30 теңге мен Ыстықкөлге жолдама "Теxнология және биоресурстар" факультетінің студенті Асқар Ахметтің қанжығасына бұйырды. Сайысқа  қатысқан барлық үміткерлерге  дипломдар мен естелік сыйлықтар тарту етілді.
 

ҚазҰАУ Баспасөз қызметі
Фото: М.Ботабеков
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты