Новость #619 Статистика

Көрнекті ғалым, өнегелі ұстаз Керейдин Аяпов 80 жаста!

Ағымдағы жылдың 4 қазан күні Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Мәжіліс залында  көрнекті ғалым, өнегелі ұстаз, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты, «Жеміс, көкөніс және жаңғақ шаруашылығы» кафедрасының профессоры Аяпов Керейдин Жақсылықұлының 80 жылдық мерейтойына орай Ғылыми Кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.
Жиынға универсиеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, ғылыми-зерттеу институттарының мамандары, белгілі аграршы ғалымдар, профессор Керейдин Жақсылықұлының әріптестері, курстастары мен шәкірттері қатысты.

photo
photo
Мерейтойлық кеңейтілген Ғылыми Кеңес отырысын Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Бірінші проректоры, академик Тіреуов Қанат Маратұлы кіріспе сөзбен ашып, ҚазҰАУ ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Тілектес Есполовтың арнайы құттықтауын жеткізді.
Кеңейтілген Ғылыми отырысты жүргізіп отырған оқу орнының Бірінші проректоры, академик Қанат Маратұлы  мерейтой иесін барша аграршы ғалымдардың атынан құттықтап, қайраткер тұлға Керейдин Жақсылықұлының еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы айрықша еңбегіне тоқталып, ұстаз-ғалымның ізгі қасиеттері мен жемісті еңбектері отбасы үшін ғана емес, өзімен қанаттас жүрген әріптестері мен тілектес дос-жарандары, шәкірттері үшін зор мақтаныш, үлгі-өнеге екенін ерекше атап өтті.

photo
photo
Бұдан кейін Қазақ ұлттық аграрлық университеті Агробиология факультетінің деканы, педагогика ғылымының кандидаты, профессор Махамедова Бағлан  Жақыпбайқызы тәлімі мол ғалым, ардагер ұстаз, профессор аяпов керейдин Жақсылықұлының өнегесі мол ғылым жолына терең талдау жасаған мазмұнды баяндама жасады. 
Ғылыми кеңес отырысы барысында сондай-ақ, Рахымжан Елешов, Абай Сағитов, Нәзия Сүлейменова, Абдулла Сапаров,  Таңат Аяпова, Ғалижан Мәдиев сынды белгілі ғалымдар мен факультет декандары, көрнекті ғалымның өзі қызмет атқаратын кафедра ұжымы сөз сөйлеп,  мерейтой иесінің ғалымда жеткен жемісті табыстары мен өнегелі істеріне тоқталды.

photo
photo
Мерейтойлық жиын соңында көрнекті ғалым, өнегелі ұстаз, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты, «Жеміс, көкөніс және жаңғақ шаруашылығы» кафедрасының профессоры Аяпов Керейдин Жақсылықұлы Ғылыми Кеңес шешімімен «Аграрлық ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталып, ерекше сый-құрметке бөленді.
Профессоры Керейдин Жақсылықұлының 80 жылдық мерейтойына арналған шара –  5 қазан күні «Қазақстандағы жеміс шаруашылығының инновациялық даму жолы: ғылымнан өндіріске дейін» тақырыбында өтетін конференция жұмысында қорытындыланады.
 
Дина СМАҒҰЛОВА,
«Жеміс, көкөніс және жаңғақ шаруашылығы» кафедрасының оқытушысы,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі.

Суреттерді түсірген М.Ботабеков
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты