Новость #755 Статистика

ҚазҰАУ-да «ORGANIC FUTURE’17» форумы өтуде

2017 жылдың 7-желтоқсан күні  Қазақ ұлттық аграрлық университеті Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы «Organic Kazakhstan» қоғамдық қорымен біріге отырып, Қазақстандағы органикалық азық-түліктер өндірісін дамытуға арналған «ORGANIC FUTURE’17» Форумын ұйымдастырды. 
Форумның мақсаты –  органикалық өнімдер өндірісін жетілдіріп, табиғи таза азық-түліктерді тұтыну мәдениетін насихаттау,  және осы сектордағы түйіні шешілмей келе жатқан мәселелерді анықтап, бүкіл сектор үшін стратегиялық шешімдерді табу.
Форум жұмысын ҚазҰАУ ректоры, академик Есполов Тілектес Исабайұлы кіріспе сөзбен ашып, отандық ауылшаруашылық саласында органикалық өнім өндіру мәселелері бойынша баяндама жасады.
 
photo
photo
Тілектес ЕСПОЛОВ, ҚазҰАУ ректоры, академик:
– Бүгінгі күні егемен еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің алдында, әлемдік нарықта экспортқа бағытталған, бәсекеге қабілетті, сапалы өнім көлемін ұлғайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр. Әлемде биоорганикалық өнім өндірісімен 170 елдің 1,8 млн. тауар өндірушілері айналысады. Бұл сан жыл өткен сайын өсуде. Әлемдік ауылшаруашылық алқаптардың жалпы көлемінің 1% -ы ғана жері осы биорганикалық өндіріске арналған. Ғаламдық органикалық нарық көлемі 88 млрд. доллар құрайды. Оның ғаламдық азық-түлік нарықтағы үлесі шамамен 4%.
Қазақстанда 217 млн. га ауылшаруашылық алқаптары бар, олардың 100 млн. гектарын ауылшаруашылық кәсіпорындары пайдаланады. Бұлардың биорганикалық өндіріс талаптарына сәйкестігіне тек 300 мың гектары ғана сертификациядан өткен.
2015 жылы республиканың ауылшаруашылық кәсіпорыдарында ауылшаруашылық дақылдардың алқаптарының көлемі  12,8 млн га болса, оның тек 1,1 млн гектарына минералды тыңайтқыштар енгізілген, ол 0,08% құрайды.  Ал биоорганикалық тыңайтқыштар одан да аз. Ауылшаруашылық кәсіпорындарында 2015 жылы - 35,0 мың гектар жерге енгізген.  Сондықтан, Қазақстанда өндірілген өнімнің жартысынан көбін биоорганикалық таза өнім деп есептеуге болады. Елімізде өндірілген өнімнің көбі ішкі нарықта өткізіледі. Оларды сыртқы нарыққа жеткізу үшін сертификация қажет. Бұл жұмыс Қазақстанда дұрыс жолға қойылмаған.  Қазақстан егістік алқаптарын ұлғайту мүмкіндіктеріне ие бола отырып, оларды барынша тиімді және аялап қарауы қажет.
Ауыл шаруашылығындағы пестицидтерді жалпылай қолдануды азайтып, оларды биоорганикалық қорғау құралдарымен алмастыру қажет. Зиянкестермен химиялық күресу үшін мемлекеттік бюджеттен үлкен қаржылар бөлінеді (мысалы, мақта зиянкесімен күреске 200 млн. теңге жұмсалған). Осы  қаржыға 60-тан астам биофабрикаларды құруға болар еді.
Ғалымдар, өсімдіктерді қорғаудың биологиялық әдістерін қолданудың экономикалық тиімділігі қорғаудың химиялық құралдарына қарағанда 70-80% жоғары.
Елдегі биоорганика нарығы шаруалардың тарапынан қолдауға ие бола қойған жоқ. Қазіргі уақытта елдің тек 29 шаруалары ғана өз өнімдерін экспортқа биоорганикалық ретінде шығарып отыр. Қазақстанда, мысалы, 25 органикалық ауылшаруашылық дақылдары өндіріледі және олардың 4 түрі ғана экспортталады. Себебі, өнім экспорты көлемін ұлғайту үшін әлемдік стандарттар сапасына сәйкестік сертификаты болуы қажет.
Қазақстандағы сертификация бойынша өкілетті орган Инвестиция және даму Министрлігінің Техникалық реттеу және метрология Комитетінің Ұлттық аккредитация орталығы болып табылады.
Бұл орталық Халықаралық биоорганикалық өндірісті қолдау қозғалысының талаптары мен «Биоорганикалық тағам өнімдерін өндіру, өңдеу, сату, таңбалау ережелерін» басшылыққа алуы тиіс.

Бүгінгі күні елімізде биоорганикалық өнім өндірісін дамыту үшін төмендегідей шараларды іске асыру қажет:
  • биоорганикалық өнімдерді өсіруге қолайлы жерлерді анықтау;
  • зиянды заттармен уланған, эрозияға ұшыраған жерлердің көлемін нақтылау үшін арнайы мониторинг жүргізу;
  • Қазақстанның барлық аймақтарындағы топырақ құрамының құнарлығына талдау жасап отыратын тұрақты комиссия құру;
  • өнім өндірумен айналысатын экологиялық таза аймақтарды анықтау;
  • Микробиологиялық өнеркәсіп бағыттарын кеңейту;
  • Табиғи тыңайтқыштар мен биопрепараттар түрлерін көбейту;
  • Ауыл шаруашылығы өнімдері қалдықтарын өңдеудің экологиялық таза жаңа технологияларын енгізу;
  • Жануарлар мен өсімдіктердің патогенді түрлерін жою үшін «фаговая технология» әдістерінқолдану аясын кеңейту;
  • Осы салада өндірісте қолданылатын табиғи тыңайтқыштар мен биопрепараттарды қолдану бойынша нормативті-құқықтық құжаттар мен стандарттарын жасау;
  • Өсімдіктерді қорғаудың жаңа биологиялық әдістерін енгізіп, оларды қолдану бойынша заңдық нормаларды бекіту;
  • Таза өнім өндіру саласын дамыту үшін мамандарды тәжірибеден өткізу, оқыту және тауарөндірушілерге консультативті көмек көрсету орталықтарын құру;
  • Биологиялық жобаларды әзірлеп, өндіріске енгізу бойынша Қазақстанның таксономикалық топтарының микроорганизмдер коллекциясы орталығын құру;
  • Жетекші аграрлық жоғары оқу орындарында биооргникалық өнім өндірумен айналысатын мамандарды оқытып, қайта даярлықтау өткізу тренингтерін ұйымдастыру;
Биоорганикалық бағытта:
 – тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдаудың бағдарламасын жасау.
 – өндіру саласында ғылыми зерттеулерді инновациялық бағытта жүргізу.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің барлық қызметі Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенініңі инновациялық дамуына, атап айтқанда биоорганикалық өнім өндіруіне ықпал етуге бағытталған.
Осылайша, отандық биоорганикалық ауыл шаруашылығының дамыту бойынша университетте жүргізілетін жұмыс болашақта органикалық, таза өнім өндіруге негізделген ұлттық бәсекеге қабілетті бренд өндіруге бағытталған.
Қазақстан жақын арада халықаралық нарықта биорганикалық өнім өндіру бойынша экономикасы дамыған елдердің қатарынан орын алатынына біз сенімдіміз.
 
photo
photo
Форум аясында: «Органикалық өндірістерді енгізу тәжірибесі»; «Стандарттау және сертификаттау»; «Eco және Organic-тың айырмашылықтары»; «Алматы қаласындағы азық-түлік биржасы»; «Food It»; «Қала микрофермаларының пайда болуы және көбеюі»; «Мейрамханаларға органикалық өнімдерді жеткізу тізбегінің мәселесі»; «Farm-to-Table үрдісі»; «Халық арасында органикалық өнімдерді жарнамалау және дәріптеу» сияқты маңызды тақырыптарды қамтыған баяндамалар тыңдалып, сала бойынша заңнамаларды талқылау, индустрияның болашағы аясында пікір-таластар, Алматы және Алматы облысында енгізілген табысты органикалық жобалардың таныстырылымдары өтті.
Форум спикерлері қатарында: Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмас Мадиев; «Органик Казахстан» ҚҚ президенті Махмуд Шадиев; KAZFOAM – Қазақстанның  органикалық ауыл шаруашылық қозғалысы федерациясының президенті Евгений Климов; «Жасыл драйвер» жобасының негізін қалаушы, экологиялық таза өмір салты бойынша жаттықтырушы, эко-форумдарды ұйымдастырушы және 7 жылдық тәжірибесі бар эколог  Роман Саблин; Алматы қаласындағы азық-түлік биржасы жобасының авторы Максим Барышев; Қазақстанның ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев; сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің тамақ өнеркәсібінің басқа да өкілдері болды.
Университет базасында ұйымдастырылған форумның табысты өтуіне «Organic Kazakhstan» қоғамдық қоры мен  «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігі, Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы жоғары деңгейде қолдау білдірді.
 
ҚазҰАУ Баспасөз қызметі,
Суреттерді түсірген М.Ботабеков,  Гүлназ Әділхан
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты