Новость #628 Статистика

«Қазақстанда жеміс-көкөніс және жаңғақ шаруашылығын дамытудың инновациялық жолдары: ғылымнан өндіріске дейін»

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Жеміс-көкөніс және жаңғақ шаруашылығы» кафедрасында көрнекті ғалым, өнегелі ұстаз, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты, профессор Аяпов Керейдин Жақсылықұлының 80 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстанда бақ шаруашылығын дамытудың инновациялық жолдары: ғылымнан өндіріске дейін» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
Жиынға университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, ғылыми-зерттеу институттарының мамандары, белгілі аграршы ғалымдар қатысты. Жиынды ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Үкібасов Оңласбек Аманбекұлы ашып, жүргізіп отырды. Оңласбек Аманбекұлы қайраткер ғалым Керейдин Жақсылықұлының еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы айрықша еңбегіне тоқталып, ұстаз-ғалымның ізгі қасиеттері мен жемісті еңбектері отбасы үшін ғана емес, өзімен қанаттас жүрген әріптестері мен тілектес дос-жарандары, шәкірттері үшін зор мақтаныш, үлгі-өнеге екенін ерекше атап өтті.

photo
photo
Конференция үш секция бойынша өтті. Олар: «Жеміс-көкөніс және жаңғақ шаруашылығы», «Жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу және өндіру технологиясы», «Топырақ құнарлылығы және экологиясы». Секциялар бойынша «Жеміс-көкөніс және жаңғақ шаруашылығы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Оразбеков Қ.Г. «Қазақстандағы фундук жемісін интродукциялау перспективалары», профессорлар Петров Е.П. мен Құсайынова Г.С. «Қазақстанда кіші көлемді гидропоника әдісін дамыту перспективалары» және Олейченко С.Н. «Қазақстанда көкөніс шаруашылығын дамыту мәселелері» тақырыбында баяндамалар жасады.
Мерейтой иесі, көрнекті ғалым Керейдин Жақсылықұлы Оңтүстік Қазақстан жағдайында өсірілетін  құрманың  биологиялық ерекшеліктері туралы баяндама жасап, сөз соңында жиынға қатысушыларға алғысын білдірді.
Ғылыми басқосу қорытындысы бойынша Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарын арнайы жинаққа топтастырып шығару ұсынылды.
 
Дина СМАҒҰЛОВА, 
«Жеміс, көкөніс және жаңғақ шаруашылығы»

кафедрасының оқытушысы,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі.
Суреттерді түсірген М.Ботабеков
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты