Новость #475 Статистика

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жастары рухани жаңғыруға бет бұрды

Жуырда Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде «Ұлттық жаңғыру – туған жер тұтастығы мен ел болашағының негізі» деген тақырыпта Ұлт Көшбасшысы – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мазмұны терең, ұлттық мүддеміз бен рухани құндылықтарымызды жандандыруға бағытталған мақаласын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Жиынға білікті ғалымдар, көрнекті қаламгерлер мен университет оқытушылары мен студенттері қатысып, Елбасы мақаласына орай өз пікірлерін білдірді. ҚазҰАУ ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Тілектес Есполов «Ұлттық жаңғыру – туған жер тұтастығы мен ел болашағының негізі» тақырыбындағы баяндамасын ұсынды. Ректор өз сөзінде еліміздің рухани кемелденуін негізге алған бұл мақаладағы кемеңгерлік ойлар мен ұлттық идеологияны нығайтуға қатысты тың ұсыныстар қазақ қоғамына ерекше серпіліс беріп, ел жастарына үлкен үміт артқанын атап өтті.
Аталған шарадан кейін «Жастар – менің оң қанатым» деген қағиданы ұстанатын оқу орны басшысы университетте мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асыру және алдағы міндеттер жөнінде белсенді студенттермен дәстүрлі кездесуін өткізді.

photo
photo
photo
Бүгінгі күні отандық ауыл шаруашылығы білімі мен ғылымының қарашаңырағы – Қазақ ұлттық аграрлық университетінде білім алушылардың 90% астамы ауыл жастары. Сондықтан, мемлекет жүктеген міндеттер бойынша елдің әр түкпірінен келген, білім алып, ғылыммен шұғылданамын деген жастарға заманауи талаптарға сай жабдықталған зертханаларды, ғылыми кітапханаларды қамтитын инновациялық инфрақұрылым құрылған.
Университетте 2004 жылдан бастап тәрбие жұмысын ұйымдастырудың ерекше саласына айналған О.Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты жұмыс істейді. Бұл институт жастарға рухани, адамгершілік және отаншылдық тәрбие берудің өзіндік үлгісіне айналды. Бүгінгі күні университеттегі тәрбие жұмысының  бірегей көрсеткіші – жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет ашылған «Достық» студенттік ассамблеясы. Олжас Сүлейменов институтымен бірге негізі қаланған бұл студенттік ассамблея университетімізде білім алушы славян, неміс, ұйғыр, татар, корей  сынды 21 ұлттың студент жастарын бір шаңырақ астына біріктіруде және олардың өзара ынтымағы мен достығын нығайтуда маңызды роль атқаруда. Студенттік ассамблея ұлтаралық татулық пен келісімді насихаттауға, Қазақстанда өмір сүретін ұлттардың салт-дәстүрін, мәдениеті мен тарихын құрметтеуді тәрбиелеуге ерекше мән береді. Ассамблея студент жастар арасында жаңақазақстандық патриотизм мен достықты қалыптастыру мақсатында елімізде өмір сүретін түрлі ұлттардың мерекелеріне, мәдени құндылықтарына арналған көптеген іс-шаралар, флеш-мобтар өткізіп келеді. Ассамблеяны студенттер өздері басқарады. Ол студенттік демократияны дамытудың үлгісі іспетті.
Қазіргі кезеңде оқу орнындағы тәрбие жұмысын ұлттық, интеллектуалдық тұрғыдан жандандыру қолға алынуда. Мысалы,  университет Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының арасында бірінші болып Елбасы идеясынан туындаған «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығын құрды. Студенттер «Достық» ассамблеясының жұмысы да «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығы қоятын талаптар форматына көшірілді. Жаңа бағыттағы негізгі талап – қазақстандықтардың мемлекетшіл, патриот жаңа буынын қалыптастыру. Университетімізде қазақ ауыл шаруашылығы саласының өркендеп, дамуына өлшеусіз үлес қосқан Еңбек Ерлері мен Дала Академиктерінің галереясы бар. Онда бүгінгі Тәуелсіз қоғамның да Еңбек Ерлерінің портреттері университет төрінен орын алған. Халыққа қажымай қызмет етіп, Қазақстан мақтанышына айналған нағыз еңбек адамы студенттер үшін үлгі болатыны даусыз.
Университетте Елбасы атаған жеті жалпықазақстандық басты құндылықтарға сәйкес келетін «Қазақстан жолы» тәрбие-білім беретін орталығының алдына қойған міндеттерді тікелей шешуге көмектесетін 7 тәрбие орталықтары жұмыс істейді. Олар: «Қазақстан тәуелсіздігі» - студенттердің дебат орталығы, Ұлттық білім мен келісім орталығы, Руханият орталығы, Құқықтық мемлекеттегі инновациялық экономика орталығы, Еңбек қоғамы және салауатты өмір салты орталығы, Мәдениет және тіл орталығы, Ұлттық қауіпсіздік орталығы. Әрбір орталық Қазақстан қоғамының өміріндегі аса маңызды әлеуметтік-саяси мәселеге байланысты  құрылып отыр. Студенттік ассамблея жұмысы да осы басым бағыттармен үндес. Оқу орнындағы шаралардың барлығы студенттік өзін-өзі басқару арқылы жүзеге асырылады. Демек студенттер саяси өмірді басқарудың дағдыларын осы бастан үйрене бастайды. Әр орталыққа университет жанынан құрылған О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты құрамына  кіретін 4 кафедра және мәдениеттану кафедрасы әдістемелік көмек береді. Бұл бағытта университеттегі тәрбие жұмыстары жуырда ғана Елбасы өз мақаласында ерекше атап көрсеткен рухани жаңғыру идеясымен тығыз байланысты.

photo
«Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығы, «Достық» студенттік Ассамблеясы аясында факультеттерде студенттердің бос уақыттарын тиімді өткізуі үшін құрылған әртүрлі үйірмелерден бөлек, білім алушы жастармен тығыз жұмыс істейтін «Зиялы қазақ» дебат клубы, «Гүлбану» би ансамблі, «Әдеп» клубы, «Классик» КВН командасы жұмыс істейді. Осы игілікті бастамалардың барлығы университет жастарының өз ұлтын сүйетін отаншыл азамат, білікті маман болып қалыптасып, өсуіне зор мүмкіндіктерге жол ашуда.
Бірақ осы жылдың 12 сәуір күні университет жатақханасында орын алған қайғылы жағдай оқу орны ұжымына, студенттерге оңай тимеді. Осыған орай, студенттердің өз ұсыныс-бастамаларымен қолға алынған «Біз әлімжетікті жоямыз» акциясы аясында ұйымдастырылған жиында университет жастары өздерін мазалап жүрген сұрақтарын, бірқатар нақты ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Еркін пікір алмасу барысында жақында ғана университет жатақханасының бірінде орын алған 1 курс студенті Дидар Болысбектің мезгілсіз қазасына байланысты қайғылы жайт та назардан тыс қалмады. Қазіргі уақытта мәселенің мән-жайын құқық қорғау органдары анықтауда. Осы жағдай университет басшысы ретінде жанына бататынын айтқан Тілектес Исабайұлы, адами қасиеттер мен азаматтық көзқарасты қалыптастырып, иман, тәрбие, білім құндылықтарын жастардың санасына сіңіру мақсатында белсенді студенттерден құралған «Дидар» ұйымын құру жөнінде ұсыныс жасады. Бұл игілікті ұсыныс студенттер тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
 
photo
photo
Университет басшысы, академик Тілектес Исабайұлы:
«Мен оқуды бітіргенге дейін қалада бір туысымның бар екенін білгенім жоқ. Менің үйім – жатақхана болды. Студенттік қызық күндерімізді, жастық шақтың албырт кездерін сол жерде өткіздім. Бүгінгі күні де сіздер тұрып жатқан студенттер үйі сіздердің туған шаңырақтан, ата-анадан жырақтағы жылы ұяларың болуы керек. Алдағы уақытта баршамыздың тыныштығымызды бұзып, соңы орны толмас қайғыға алып келген келеңсіз жайттардың орын алуына жол бермеуіміз керек. Соған сіздер мен біз бірігіп күш жұмсап, бірге жұмыс жасауымыз керек» – деген жүрекжарды сөзін айтып, жастарға сенім мен жігер берді.
Жиында жалпы әр факультеттің белсенді студенттері сөз алып, орын алған жағдайға байлынысты пікірлерін білдірді. Соның ішінде:
Саида Салахиддинова, «Агробиология» факультетінің 1 курс студенті, «Достық» студенттік Ассамблеясының төрайымы:
Мен көпұлтты мемлекетіміздің азаматы болғаным үшін елімізде ынтымақ пен бірліктің салтанат құрғанын қалаймын. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен қазақ халқы әруақытта қай ұлттың ұлы болмасын, жаны ашып, қамқорлық көрсеткен. Біз еліміздегі санаулы 9 ұлттық университеттің біріміз. Сондықтан да бәріміз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» осындай келеңсіз жағдайлардың орын алуына жол бермеуіміз керек.
Хашими Саид, «Гидротехника, мелиорация және бизнес» факультетінің 2 курс студенті:
Мен сонау Ауғанстаннан келіп оқып жатырмын. Маған осында оқыған ұнайды. Біз өз ұлтымыз, тарихымыз бен мәдениетіміз туралы презентация жасап, қызықты іс-шараларға қатысып отырамыз және студенттік үйде тұратын барлық балалар доспыз, сондықтан біздің арамызда түсініспеушіліктердің болуы мүмкін емес. 
Серікқазы Төлепберген, «Ветеринария» факультетінің 2 курс студенті, студенттік декан:
Осында оқуға түскенге дейін мен ҚР Ұлттық Гвардия қатарында әскери борышымды өтедім. Осы кезге дейін түрлі жағдайларды басымнан өткердім, сондықтан әлімжеттік туралы естімедім дегенім дұрыс болмас. Бұл - әлеуметтік аурудың бір түрі,  қасындағы адамдарға деген қызғаныш сезім, оның табысына, жетістігіне қызғанышпен қарау, өзге адамды сыйламау. Бұл көбіне үйден алған тәрбиеге де байланысты. Бұл жерде осындай жастарға отбасында алмаған тәрбиені қатарлас достары мен замандастары көрсету керек деп ойлаймын. 
Әзімбай Нұрлыбек, «Ветеринария» факультетінің 1 курс студенті:
Ветеринария саласы маған қатты ұнайды, сол себепті де мектеп бітіргеннен кейін бірден осы мамандықты таңдадым. Осы мамандықты, осы университетті таңдағаныма мүлде өкінбеймін. Қазір мен 1 курста оқитындарға айтарым, келесі жылы қабылданатындарға қамқорлық көрсетіп, университет туралы теріс пікірлерді жоққа шығаруға ат салысайық.
Қуанышбаева Аяжан, «Агробиология» факультетінің 1 курс студенті:
Ер балалар намысқа тырысып, көбіне айта бермейді. Сондықтан біз қыздар белсенділік танытып, тосқауыл болайық. Сосын бір өтініш, осындай кездесулерді өз арамызда да жиі-жиі өткізіп отырғанымыз дұрыс шығар. Себебі осындай жиындар көп ой салады, түсінбегенді түсінуге, жалпы пікір алмасуымызға көмектеседі.  
Досымбек Әбдікәкімов, «Орман, жер ресурстары және фитосанитария» факультетінің 1 курс студенті:
Біз – студенттер қауымы әлімжетікке толығымен қарсымыз. Әлімжетіктікті жою үшін біз өзімізге деген сенімімізді арттыруымыз керек. Біз – рухани жаңғыруға бет бұрып қана қоймай, өзімізді қорғайтын құқықтық заңдарды білуіміз керек. Кез келген зорлыққа қалай қарсы тұруымыз керектігі сол заңдарда көрсетілген. Сондықтан біз қолымыздан келгенше бір-бірімізге қамқорлық танытуымыз қажет деп санаймын.
Кездесуді қорытындылған университет басшысы, академик Т.И.Есполов:
«Орман, жер ресурстары және жеміс-көкөніс шаруашылығы» факультетінің 1-курс студенті Дидар Болысбектің өлімі баршамыздың қабырғамызды қайыстырып кетті. Университеттегі әр студент менің балам сияқты. Дидар – солардың ішіндегі сабақта озат, өнерге бейім, өте дарынды талапшыл, өзінің зеректігінің арқасында, өз білімінің күшімен мемлекеттік грантқа ауысқан студент. Университеттің барлық мәдени шараларына белсенді араласып, қатарының алды болған. Дана халқымыз: «Тас – түскен жеріне ауыр» дейді. Университет ұжымы, студенттер Дидардың ата-анасына, жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.
Университет мақсаты – ауыл-ауылдардан келген студенттерге заманауи білім беріп қана қоймай, олардың Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын, ұлт болашағына сеніммен қарап, Ұлы Даламыздың ұлағатын бойына сіңірген, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қадірлейтін және сол ауылдың зиялысына айналатын тұлға ретінде қалыптастыру» – деді.
Бұл жиында белсенді студенттер мен ректор Т.Есполовтың арасында ашық әңгіме мен толыққанды пікір алмасу болды. Бұл кездесу жастар арасында, түрлі ұлт өкілдері арасындағы келісім мен достықты нығайтуға күш салуға бағытталған жұмыстарды жетілдіру мақсатында: әрбір факультеттер мен кафедраларда осы бағыттағы жұмыстарды тұрақты түрде өткізу; әр факультеттен 7 студент енетін арнайы Студенттік Кеңес құру; Дидар Болысбектің есімін есте сақтау үшін Дидар атындағы студент жастар орталығын ашу, сондай-ақ белсенді студенттерінің «Әлімжеттікке жол бермейміз!» атты акциясы шеңберінде ант қабылдағаны туралы барлық білім алушыларға жеткізу туралы шешім қабылданды.
 
 
ҚазҰАУ Баспасөз қызметі,
Суреттерді түсірген М.Ботабеков
Читайте также Архив новостей