Новость #563 Статистика

Қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастады

Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде 85 жылдан астам тарихы мен тәжірибесі бар, отандық аграрлық білім мен ғылымның көшбасшысы, халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарының бірі – Қазақ ұлттық аграрлық  университетінің Қабылдау комиссиясы бүгіннен өз жұмысын бастап, талапкерлерге есігін айқара ашты.
Университетке келуші әрбір талапкер қабылдау комиссиясынан өзіне қажетті барлық мәліметтерді ала алады. Мұнда 6 факульет пен Аграрлық  коледждің өкілдері құжаттарды қабылдап, толық ақпарат, бағыт-бағдар беруге сақадай сай отыр.

photo
photo
Барлығымыз білеміз, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы енгізілген болатын. 2017 жылғы ҰБТ форматы 5 пән бойынша 120 сұрақ, оның үшеуі міндетті және талапкердің жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты екі бейіні бойынша қарастырылған. Барлық бес пән сұрақтары ескеріледі.
Биылғы жылы ҰБТ-ны өткізу мерзімі – 20 маусым мен 1 шілде аралығы. Бұл жерде де айта кететін бір жайт, мектептерде қорытынды аттестаттау маусымның 10-на бітеді, бітірушілер қолдарына аттестатты маусымның 15-не дейін алады. Ал ЖОО-на түсуге арналған тестілеудің басталу мерзімі 20 маусым.  ҰБТ-дан кейін, қолдарына сертификат алғаннан соң, талапкелер Мемлекеттік білім грантын алуға конкурсқа қатысу үшін құжаттарын шілденің 23 - 31 аралығында базалық жоғары оқу орындарына тапсыруы керек. 
Осы кезеңде ҚазҰАУ-нің өкілдері еліміздің оңтүстік және оңтүстік шығыс өңірлері бойынша 51 кеңес беру-құжат қабылдау пункттерінде Республиканың барлық азаматтық мамандықтарына құжаттар қабылдап, талапкерлерге кеңес беретін болады.

ҚазҰАУ Баспасөз қызметі
Фото: М.Ботабеков