Еңбекшіқазақ ауданындағы Егістік күні - Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
Новость #1051 Статистика

Еңбекшіқазақ ауданындағы Егістік күні

       Жуырда Саймасай ауылындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқу-тәжірибелік егістік алқабында ғалымдар мен диқандар бас қосқан жиын өтті. Онда «Отандық жүгері гибридтері селекциясына жаңа жетістіктерді енгізу және оны қолданудың тәжірибелік аспектілері» атты тақырып жан-жақты талқыланды. ҚазҰАУ мен «Будан» элиталы-тұқымдық кәсіпорны бірлесе ұйымдастырған шараға еліміздің оңтүстік және оңтүстік шығыс аймақтарынан келген ауылшаруашылық саласының мамандары, фермерлер, ғылыми зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары, шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлер қатысты.
Жиынды ашып, жүргізген Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ өңірде аграрлық саланың ілгері қадам басуы жаңа технологиялардың, ғылыми ізденістердің нәтижесі екеніне тоқталды.

– Бүгінгі таңда аудандағы ауылшаруашылық саласының даму қарқыны ойдағыдай. Ғылымға ден қою арқылы шаруалар сапалы әрі мол өнім алудың жолдарын меңгере бастады. Өңірде интенсивті технологияларды тиімді пайдаланып жатқан шаруа қожалықтары аз емес. Оң бастамалардың арқасында аудандағы ауылшаруашылығынан алынатын өнімнің жалпы көлемі 100 миллиард теңгеге жуықтады.
Биыл облыс бойынша 80 мың гектар алқапқа жүгері дақылдары егілсе, соның 23 мың гектарынан астамы біздің ауданның үлесінде. Өңірде жүгері өсіру шаруашылығы өрісін кеңейтіп келеді. Осындай басқосулар фермерлер жұмысының жандануына өз септігін тигізетіні анық, – деді Бинәлі Әбдіқапасұлы.

 
photo   photo
photo   photo

Елімізде ауылшаруашылық саласының білікті мамандарын даярлауда Қазақ ұлттық аграрлық университеті көш бастап тұр. Оқу орнындағы агротехнологиялық Хаб құрамына кіретін ғылыми орталықтар жұмысы инновациялық дамуға негізделген. Аймақтардағы оқу-тәжірибелік алаңдары студенттердің теориялық білімін практикамен ұштастыруына мол мүмкіндік туғызуда. Бұл туралы аталған университеттің Интеграция және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Есенбай Исламов баяндады.
– Біздің университет Еңбекшіқазақ ауданымен тығыз байланыста. Мұндағы егістік алқаптарында, сүт фермаларында, жайылымдарда студенттеріміздің тікелей өндіріске араласып, өз саласын жете зерттеуіне кең жол ашылып отыр. Сондықтан тәжірибелік алаңдардағы ғылыми зерттеу жұмыстары аграрлық саланың жандануына зор ықпал етеді, – деді Есенбай Исраилұлы.
Бұдан кейін сөз алған «Будан»» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  бас директоры Еркен Шәкеев отандық жүгері гибридтерін өсірудегі кәсіпорын жетістіктерін паш етті. Бүгінгі таңда аталған шаруашылық елімізде жүгері өсірумен айналысатын жеке шаруа қожалықтарының 75 пайызын отандық тұқыммен қамтамасыз етіп отыр. 2010 жылдан бері «Будан» Қазақ ұлттық аграрлық университетімен бірлесіп жұмыс істеуде. Университет ғалымдары ашқан жаңалықтарды өндіріске енгізудің арқасында жүгері тұқымының өнімділігі да арта түскен.
Жиынға арнайы келген шетелдік инвесторлар да өз жобаларымен таныстырды. Израильдік «VIP-групп» компаниясының басшысы Виктор Полевойдың айтуынша, келешекте азық-түлік тапшылығы адамзатқа ортақ проблемаға айналады деген болжам бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем елдерін азық-түлікпен қамтамасыз ете алатын санаулы мемлекеттердің тізімін ұсынған. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Өйткені, елімізде химиямен өңделе қоймаған жер ресурстары әлі де баршылық. Сондықтан осы бастан аграрлық саланың әлеуетін арттырып, алынған өнімдерді экспортқа шығарудың мүмкіндігі мол. Бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуге арналған өздерінің дайын жобалары бар екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ,  жиында ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері және жүгері өсірумен айналысатын ірі шаруа қожалық иелері де өз ойларын ортаға салды.
Кездесу барысында ҚазҰАУ мен Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы және Республикалық жылыжайлар ассоцияциясы арасындағы үш жақты меморандумға қол қойылды. Аталған келісім аясында:
- Алматы және Алматы облысының жылыжай шаруашылықтарына  маман дайындау және олардың біліктілігін арттыру;
- ҚазҰАУ жанындағы Қазақстан-Жапон инновациялық орталығының заманауи жабдықтарын пайдалана отырып, Алматы қаласы базарларына келіп түсетін ауыл шаруашылық өнімдеріне сараптама жүргізу;
- Білім алушыларды Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы өніәмдерімен айналысатын кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өткізу, жұмысқа орналастыру;
Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Керімбек Айдын Жанұзақұлы – «Бүгінгі күні басқарма Қазақ ұлттық аграрлық университетімен тығыз қарым-қатынаста бірлесіп жұмыс істеп келеді. Бұл бағыттағы іс-шараларға университет ректоры, академик Есплов Тілектес Исабайұлы тікелей қолдау білдіріп, студенттер мен жас ғалымдарды өнірістік тәжірибеден өтуіне барынша жағдай жасап, олардың ғылыми зерттеулермен айналысуына мүмкіндік беру керектігін баса айтқан болатын.» – дей келе, университет басшылығы Алматы қаласы мен облыс аумағында жылыжай шаруашылығын дамытуды бірлесіп жүзеге асырда нәтижелі жұмыстар атқарып келеді» – деп атап өтті.
 
photo   photo

        Жоғарыда аталған келісім-шартқа сондай-ақ «MCC Trade Company» ЖШС басшысы Бекжанов Ильяс Болатұлы мен Республикалық жылыжайлар ассоцияциясының жетекшісі Қошман Канат Қошманұлы да қол қойды.
Жиынға қатысушылар оқу-тәжірибелік алқаптарда өсіп тұрған отандық жүгері гибридтерімен танысты. «Будан» ЖШС-ның ғылыми селекциялық бағдарламасының басшысы, биология ғылымдарының докторы Лазар Койич мырза жүгерінің әр буданынына жеке-жеке тоқталып, оларды өсіру технологиясын шаруаларға түсіндірді.

– Еңбекшіқазақ ауданында ғылыми-практикалық семинарлар жиі өтіп тұрады. Бұл фермерлер үшін өте маңызды. Өйткені, мұндай жиындарға қатысқан сайын тың жаңалықтарға қаныға түсесіз. Жүгері өсірумен айналысқаныма біраз жыл болды. Сондағы байқағаным, отандық жүгері тұқымдарына деген сұраныс ешқашан толастаған емес. Сондықтан «Буданның» жұмысына тек сәттілік тілеймін, – дейді Іле ауданынан келген «Рамис» шаруа қожалығының иесі Алипаша Гасанов.

 
 
ҚазҰАУ баспасөз қызметі,
Б.Мәжит, Еңбекшіқазақ ауданы
Фото: М.Ботабеков
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты