Новость #247 Статистика

Бүгінгінің батыры

Баяғының батырлары ел басына күн туған жаугершілік заманда бес қаруын асынып елін, жерін қорғаған. Ал бүгінгінің батырлары деп кімдерді айта аламыз? Әрине, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған уақытта қолға қару алудың қажеті жоқ. Сондықтан, елге адал қызмет етіп,  қайырымдылық жасаған, азаматтықтық, адамгершілік танытып, жанындағыларға қол ұшын беруден тайынбайтын жанды батыр десек әбден жарасады.

photo
photo
Мысалы, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылындағы Д.Қонаев атындағы мектептің  11-сынып оқушысы Тимурбек Жамаладдиновтың ерлігіне барлық қазақстандықтар тәнті болды.
Еске сала кетейік, 8 жастағы қызды педофилден қорғап қалған Тимурбекке "Ғылым ордасы" Ұлттық ғылым академиясында ҚР Білім және ғылым министрлігінің марапат қағазы мен сыйлықтары табыс етіліп, ЖОО гранты тағайындалған болатын.

photo
Бірақ Тимурбек басқа түлектер сияқты ҰБТ-ны өз күшімен тапсырып, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің  студенті болғысы келетінін жеткізді.
Санаулы күндерден кейін мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы отырған батыр бала «Олжас және жастар» Поэзия фестиваліне арнайы шақырылып, оқу орнымыздың ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик Тілектес Есполовтың жеке қабылдауында болды. Сонымен қатар, Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері  Олжас Омарұлы Сүлейменовпен, оқу орнымызда білім алып жатқан  белсенді  студенттермен кездесті.
«Олжас Сүлейменовтей ұлт мақтанышымен, дара тұлғамен кездесу мен үшін үлкен мәртебе. Өзімді ең бақытты жандардың бірімін деп есептеймін.
Жалпы өзім ауылда өскен соң, мал шаруашылығына қатты қызығамын. Сол себепті ветеринар болғым келеді. Арманыма қол жеткізу үшін дәл осы Қазақ ұлттық аграрлық университетін таңдадым және  бұл таңдауыма еш өкінбейтініме сенімдімін», - дейді Тимурбек Жамалиддинов.
 

ҚазҰАУ Баспасөз қызмет
Фото: М.Ботабеков
Читайте также Архив новостей