Новость #164 Статистика

«Ауыл шаруашылығы кооперациялары» туралы заңнама талқыланды

Үстіміздегі жылдың 26 қараша күні Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков 2016 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енетін «Ауыл шаруашылығы кооперациялары» заңнамасына енетін өзгерістер мен толықтырулар туралы талқылау кеңесін өткізді.

фото
Жиынға  Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры – Тілектес Есполов, КАҚ «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» директорлар кеңесінің төрағасы – Ғани Қалиев, КАҚ «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» басқармасының төрағасы – Асқар Наметов сынды беделді аграршы ғалымдармен қоса ауыл шааруашылығы өнімдерін өндірушілер мен фермерлер қатысып, аталған заңнамаға қатысты өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

фото
Министр Асылжан Сарыбайұлы өз сөзінде: «Жаңа заңнама арқылы өзіндік құнын бұрмалайтын субсидияларды азайтып, жалпы сипаттағы субсидияны ұлғайту көзделіп отыр. Ол кәсіпкерлердің техниканы жаңартуға, жаңа технологияларды ендіруге қол жетімділігін арттырады. Бізге фермерлерді заң жағынан бірігуін емес, экономикалық бірігу жағын ойластыру керек. Ауыл, аудан әкімдері «бірігіп іріленіңдер, жеке госактілеріңнен айрылыңдар, колхоз болыңдар» дегенді қоюымыз керек. Шаруа кіші болсын, орта болсын қала береді. Тек өзінің тұтыну қажеттілігін, өндірістік қажеттілігін бірігіп шешу мүмкіндігіне ие болады. Бұрын егер кооператив боп біріксе, өз пайдасын ала алмайтын, салық көп төлеуге мәжбүр болатын. Қазір бұл қиыншылықтардың бәрі жоқ. Жүйелі проблемалар заң жүзінде алынып тастады. Фермерлер экономикалық бірігудің өздеріне тиімді екендігін түсінуі керек» екенін атап өтті.

фото
Сондай-ақ, министр диқандардың несиесін жаба алмай тұқымдық дәндерін сатып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.  «Биыл Қазақстан 19 млн тонна астық жинады. Банктер біраз жылдан бері ауыл шаруашылығы кредиттерін қысқартып жатыр. Мемлекеттік қаржы институттарынан қаржыландырып отыр. Тұқымдық дәндерін сатып, кредитін өтеп жатыр деген ақпарат дұрыс емес. Астыққа ішкі нарықтағы сұраныс 6 млн болса, экспортқа 7 млн тонна шығарылады. Қазақстан биыл 2 млн тонна астық экспорттады», - деді министр.

фото
Елбасының тапсырмасына сәйкес, ҚР АШМ ғылыми ұйымдар қызметтеріне бизнес-ассоциациялардың шығындарын субсидиялау тетігін әзірледі. Министрлік енді ғылыми жұмыстарға қатысатын бизнеске субсидия бөлуді жоспарлап отыр. Бұл механизм қазір жетілдірілуде. Оны жүзеге асыру үшін заңға өзгеріс енгізу қажет. Қызметтің бұл түрін 2017 жылдан бастап енгізу жоспарда бар.
 

ҚазҰАУ Баспасөз қызметі
Фото: М.Ботабеков
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты