Новость #603 Статистика

Әскери кафедрада ант қабылдау рәсімі өтті

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде әскери кафедра курсанттарының ант қабылдау рәсімі өтті. Әскери кафедраның оқу жиынында студент-бітірушілердің әскери ант қабылдау шарасы осы жолы да ерекше дәстүрмен, тыңғылықты дайындықпен өтті. Биылғы жылы кафедраны 255 студент тамамдады.

photo
photo
Ант қабылдау салтанатында кафедра бастығы Бастеми Дүйсенбаев құттықтау сөзін арнап, офицер атанған осы жастарға ақ жол тіледі. Бұл ұландар университеттегі негізгі мамандықтарына қосымша екі жарым жыл бойы оқыған әскери мамандықты игеріп шықты. Енді олар әскер командирлері мен тәрбиеші офицерлер қатарына қосылу мүмкіндігін алды. Өздеріне жүктелген міндеттерді табандылықпен орындауға ант берген жас ұландар отан алдындағы парыздарын сезінуде.

photo
photo
Муқағали Халилаев, курсант:
Құрметті офицер мырзалар, курсанттар!
Біз үшін Қазақ ұлттық аграрлық университетінің әскери кафедрасында оқу үлкен мақтаныш. Әскери кафедрада оқу біздің бойымызға батылдық қалыптастырды. 2016 жылы өткен «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынында әскери кафедраның 11 студентінен құралған топ бірінші орынды иеленіп келген болатын. Еліміздің 26 жоғары оқу орнының әскери кафедралары арасында Қазақ ұлттық аграрлық университеттің бірінші орынды иеленуі мықты дайындық пен басшылық тарапынан жасалған үлкен қолдаудың нәтижесі деп білемін. Біздің осындай жетістікке жетуімізге қолдау білдірген Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Исабайұлы Есполовқа, әскери кафедраның басшысы Бастеми Жантемирович Дүйсенбаевқа алғысымызды білдіреміз.
Мемлекетімізге адал қызмет етуге ант етемін!
 photo
Матвей Тимофеев, курсант:
Құрметті офицер мырзалар! Бүкіл курсанттардың атынан әскери кафедрада оқуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Оқу барысында жақсы адамарды кездестірдік, әскери білім алдым, қатал тәртіпке үйрендік. Бізде мақсатшыл, тату жауынгерлік орта қалыптасты. Бізге білім берген барлық оқытушы-полковниктерге алғысымызды білдіреміз.
Ант қабылдау үлкен жауапкершілік. Отан алдындағы міндетімізді адал атқаруға ант етеміз!

photo 
Полковник Нұртақанов Ерлан Сайлаубайұлы, әскери кафедра басшысының орынбасары: 
2017 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің әскери кафедрасын 255 студент бітірді. Олардың 22-сі қыздар. Студенттеріміз 2 жылда әскери біліммен сусындады, келесі жылы оқу орнын бітірген кезде дипломмен бірге біздің әскери кафедраның таныстыруымен ҚР Қорғаныс министрлігінен «Запастағы әскери лейтенант» деген атақты қоса алады. Тарихы тереңде жатқан әскери кафедраның жетістіктері көп.
Әскери кафедрада білім алған офицерлер мен сержанттар отан алдындағы қасиетті борыштарын абыроймен атқаруға дайын.

photo
Читайте также Архив новостей