Әлем университеттерінің «GreenMetric – жаһандық рейтингісі» бойынша халықаралық семинар   - Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
Новость #568 Статистика

Әлем университеттерінің «GreenMetric – жаһандық рейтингісі» бойынша халықаралық семинар  

photo photo

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

Ағымдағы жылдың 15 маусым күні Қазақ ұлттық аграрлық университетінде GreenMetric – жаһандық рейтингіне қатысушы әлем университеттерінің Халықаралық семинары өтеді. «UI Green Metric Ranking of World Universities» агенттігінің президенті  профессор Рири Фитри Сари ханымның (Индонезия) қатысуымен өткізілетін халықаралық семинарға Қазақстанмен қатар Еуропа, Балтық жағалауы елдерінен келген университет басшылары, жоғары білім саласындағы рейтингтік агенттік мамандары, ғылыми-зерттеу орталықтарының ғалымдары қатысып, әріптестік байланыстар орнату мәселелерін талқылап, экологиялық таза ЖОО-ларды дамыту  бойынша нақты ұсыныс-пікрілерін ортаға салады. Семинарда шетелдік әріптестермен бірлескен ғылыми жобаларды қолға алу, академиялық байланысты нығайту, аграрлық менеджментті дамыту бағдарламалары бойынша екіжақты қарым-қатынастарды күшейту мәселелері де кеңінен талқыланбақ.
Индонезия университеті ұсынған бірегей агенттік 2010 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Рейтинг әдістемесінде мынадай көрсеткіштер есепке алынады: экология саласындағы білім беру және ғылыми қызмет, энергия мен су ресурстарын үнемді қолдану, табиғатты тиімді пайдалану, қалдықтарды сақтау және қайта өңдеу, экологиялық таза көлік қолдану, студенттік кампус аумағындағы жас көшеттер алаңын кеңейту және т.б. «UI Green Metric» «жасыл» рейтингі жыл сайын әр елдегі үздік ЖОО-ны анықтайды. Басты мақсат – білім, ғылым, жаңа инновациялар арқылы энергия үнемдеуші технологияларды дамыту, табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық проблемалардың алдын алу, заманауи білім сапасын көтеру.
«UI Green Metric» «жасыл» рейтингісінің 2016 жылғы нәтижесі бойынша Калифорнияның Беркли университеті, АҚШ-тың Дэвис университеті, Нидерландының Вагинген университеті, Оксфорд университеті, Ноттингем университеті, Киль университеті, Ұлыбританияның Ньюкасл университеті, Австрияның BOKU университеті сынды беделді жоғары оқу орындары үздіктер санатына енген.
Жыл басында Стамбулда өткен халықаралық конференцияда, GreenMetric басшылығының ұсынысымен және жаһандық рейтингіне мүше университеттердің қолдауымен Қазақ ұлттық аграрлық университеті GreenMetriс Атқарушы Комитеті құрамына мүше болып, әлем университеттерінің жаһандық рейтингісінің Ұлттық үйлестірушісі болып бекітілген.  ҚазҰАУ-дың GreenMetric жобасына мүше болуы – агралық оқу орнының кейінгі жылдары инновациялық бағытта іске асырған жоғары жетістіктері мен үлкен мүмкіндіктерінің дәлелі.    
Семинар қорытындысы бойынша арнайы Қарар қабылданады.
 
Басталуы: 15 маусым, сағат 10.00-де
Өтетін жері: ҚазҰАУ, Бас ғимарат
Аталған іс-шараға ақпараттық қолдау көрсетуіңізді сұраймыз!
 
ҚазҰАУ Қоғаммен байланыс басқармасы
 
Мекен-жайы:
Алматы қ. Абай д-лы 8,
тел: +7(717) 264 52 83; 87014249558
e-mail: info@kaznau.kz; Веб-сайт: www. kaznau.kz
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты