Новость #283 Статистика

Агросектордағы жаңа серпін

Қазақстанның аграрлық секторының қарқынды дамуы үшін өндіріске инновация енгізу қажет. Оқу орнымыздың ректорат залында Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Еуразия Техникалық университетінің мамандары осы мәселенің шешімін табатын бірқатар жобалармен танысты.
Шараға екі оқу орнының мамандары, докторнаттар, жас ғалымдар қатысты. Ең алдымен, осы жылдың басында ҚазҰАУ жанынан құрылған ауыл шаруашылығындағы жаңа технологияларды дамыту мен трансферттеу ісімен мақсатты түрде айналысатын Агротехникалық хабтың мақсат-міндеті, құрылымы таныстырылды.  AG-TECH жобасының негізгі мақсаты агросекторға инновация тарту, нақты өндіріске қажет, фермарлардың сұранысынан туындаған жобаларды жүзеге асыру болып табылады.  Хаб  аграрлық қор, технопарк, инкубатор және зертханалардан тұрады. Бұл жоба арқылы оқу орнымыздың 610 докторант, 12 эксперименттік шаруа қожалықтары және 650 фермерлермен жұмыс жасауына мүмкіндік ашылып отыр.

photo
photo
Сонымен қатар шара барысында Dragonfly systems компаниясының жарысқа арналған ұшқышсыз дрондары таныстырылды. Компанияның негізін қалаушылардың бірі Дэниел Марэн арнайы қолдан құрастырылған квадрокоптерді таныстырды. Дэниелдің бұл құрылғыларға деген қызығушылы ерте оянған. Ол небары 9  жасынан бастап-ақ механиканы меңгеріп, өз қолымен түрлі құрылғыларды ойлап табатын болған.
«Бұл дрондар өзіміздің қолымызбен Қазақстанда жасалынған. Тек кейбір детальдары тапсырыспен өзге шет елдерден алынады. Дрондардың көмегімен мүмкіндігі шектеулі жандардың арнайы жарыстарға қатысуға, яғни спортпен айналысуына мүмкіндік бар. Жалпы біздің елде спорттың бұл түрі әлі дами қойған жоқ. Дрондық жарыстар алғаш рет Дубайда өткізілген болатын. Бұл дрондар сағатына 100 км қашықтыққа дейін жүреді. Болашақта осындай дрондарды сатылымға шығару, сервистік қызмет көрсету, арнайы оқу бағдарламаларын әзірлеу жоспарда бар» дейді Dragonfly systems компаниясының жетекшісі Диас.
Сонымен қатар Fly work компаниясы да ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, дронның көмегімен егістікті зерттеуге бағытталған жобаларын таныстырды. Университетіміздің жас ғалымдары бүгінгі таңда кей алқаптарды  зерттеп, олардың диагностикасын жасап үлгерген.  Арнайы ұшқышсыз басқарылатын дрондық аппараттар арқылы ауыл шаруашылығы мақсатында жерлерді бақылауға мүмкіндік туып отыр. Дрондардың көмегімен қауіп-қатердің алдын алуға, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін алқаптардың диагностикалық картасы жасалынады. Сонымен қатар бұл құрылғыларды құтқару қызметінде, түрлі төтенше жағдайларда да қолдану өте тиімді.

photo
Шара барысында көпшіліктің қызығушылығын туғызған жобалардың бірі – Urban Green. Бұл жоба тұтынушылдарды таза, табиғи өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Оқу орнымыздың базасынан құрылған Тұрақты егін шаруашылығы орталығының директоры Бекзат Турегелдеиев ұсынған жобаның мақсаты -  жылыжайлар мен бос ғимараттар, жертөлелерде өнім өндіру арқылы ауа-райының суық мезгілінде отандық тауармен халықты қамтамасыз ету. Себебі Қазақстан нарығындағы көкөністер мен жемістердің көп бөлігі (әсіресе қыс айларында) импорттық тауарлар болып табылады. Жобаны дамту, жүзеге асыру үшін USDA мен Staay food Group компанияларымен бірлесе жұмыс атқару жоспарлануда.
                                                                                         
ҚазҰАУ Баспасөз қызметі,
Суреттерді түсірген М.Ботабеков
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты